Basty bet

Нұрлыкенттіктерді нұрлы келешек күтеді

Нұрлыкент – халқының саны жағынан аудандағы 14 ауылдық округтің ішінде аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан кейінгі іргелі ауылдық округ. Құрамына Нұрлыкент, Түктібай ауылдары және Қазбастау темір жол айрығы кіреді. Орталығы – Нұрлыкент ауылы.

Ауылдық округтің аумағынан Теріс өзені ағып өтеді. Күн шығысында Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы орналасқан. Тоғыз жолдың торабына орын тепкен ауылдың үстінен солтүстігінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі басып өтсе, ал оңтүстігінде сәл әріректе Түрксіб теміржолы өтіп жатыр.
Тағылымын тарихтың тарқатқанда …
Нұрлыкент (әуелдегі атауы – Бурное, кейіннен Бурно-Ивановск, кеңес заманында Бурнооктябрь аталған) – ХІХ ғасырдың 80 жылдарының аяғында Жуалы үстіртіне орыс переселендерінің қоныстануымен ауданда ең алғаш пайда болған таза орыс селосы. Теріс өзенінің солтүстік жағасындағы осы бір шұрайлы жерді иемденген Ресей переселендері көше тіліп, үй сала бастайды. Өздері Теріс өзенінен жабайы құстар мен балық аулап, суымен егіс алқаптарын суарған. Селоның аты Иванов деген ірі көпестің құрметіне Бурно-Ивановск деп аталады. Қазан төңкерісінен кейін село Бурнооктябрь болып қайта аталды. Үш дәуірді бастан өткерген ауылдың тарихы дәл осылайша қалыптасады.
Соғыстан кейінгі жылдары мұндағы тау сағызы өнеркәсібінің орнына «Бурный» кеңшары құрылып, картоп дақылын өсірумен шұғылдана бастады. 50-ші жылдары шаруашылық әскери ведомствоның құрамына енгізілді. Тек Кеңес Одағы тарқағаннан кейін ғана ауыл аудан құрамына қайтарылды.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ауылда өмір сүріп келген еуропалық (көпшілігі немістер) отбасылар жапатармағай өздерінің тарихи отанына көшті. Олардың орны алыс-жақын шетелдерден, еліміздің Қызылорда, Арал, облыстың Талас, Сарысу өңірлерінен және ауданның өзге ауылдарынан көшіп келген қандастармен қайта толығып, таза қазақы ауылға айналады.
2008 жылы жалпы жиналыстың шешімімен «нұрлы келешекке ұмтылған жұртпыз, сондықтан ауылымыз Нұрлыкент болсын» деп ауыл Нұрлыкент атауына ие болды.
Тым әріге бармай-ақ, күні кеше ғасырлар тоғысында күн көзінен жарық өндіріледі десе, ешкім сенбес еді. Алайда, бұл бүгін шынға айналды. Шынға айналғанда да, Нұрлыкенттің нақ іргесінде орнап тұр!
Үлкен күрежолды бойлап жайылған күн панельдеріне жақын барғанда ертегідегі күн патшалығына тап болғандай күй кешесіз. Бұл – күннен кәдімгі электр жарығын өндіретін Орта Азияда теңдесі жоқ «Нұрлы солар» күн электр станциясы. Адамзат баласының ақыл-ойының заңғар шыңы! Үнемді, әрі экологиялық таза өндіріс. Баламалы энергияны өндіру барысында тіршілік көздері – ауа, су және топырақ ластанбайды, ешқандай кен отыны жағылмайды.
Компания басшылығы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жыл сайын қомақты үлесін қосып келеді. Былтыр ауылдың бір көшесін жөндесе, биыл үш көшесіне асфальт төсеп беруде.
Мүйізді ірі қара өсіру, ет және сүт өнімдерін өңдеу бағытында жұмыс істейтін «Гамбург» ЖШС де округтің құрылым құраушы ең ірі кәсіпорнының бірі. Серіктестік бүгінде ауылдың 100-ден астам тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Қос бірдей «Нұрлы солар» күн электр станциялары мен «Гамбург» ЖШС-нің ауылға тигізетін көмегі орасан. Мұндағы жұрт оларды мақтан тұтып, «ауылдың брендіне» балайды. Өңірдің сапар картасы болып есептелетін бұл объектілер ауданға келген мәртебелі қонақтардың назарын өзіне аударып, мұнда аялдап, жетістіктерін көрмей кететіндері некен-саяқ.
Округ аумағындағы Нұрлыкент, Түктібай және Қазбастау ауылдарындағы аула саны 846, соның ішінде Нұрлыкент ауылында 682, Түктібай ауылында 150, Қазбастау ауылында 14. Өңірдегі жалпы халық саны 4466 адамды құрайды, соның ішінде Нұрлыкент ауылында 3641 адам, Түктібай ауылында 766 адам және Қазбастау ауылында 59 адам болса, тұрғындардың 95,3 % қазақ, 3,7% орыс және 1% өзге ұлт өкілдері. Округте екі орта мектеп, екі балабақша, бір шағын орталық және бір кітапхана жұмыс істейді.
Ауылдық округ әкімінің аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңын және басқа да қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алып, жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарлары негізінде атқаруда. Аппаратта жұмыс істейтін жеті мемлекеттік қызметкердің барлығы жоғары білімді мамандар.
Бүгінде ауылдық округ негізінен егін шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады, шаруашылықтар электронды «E-Gov» жүйесіне толықтай енгізілген. Шаруашылық жөніндегі кітабында 60 шаруа қожалығы тіркелген. Кәсіпкерлікті дамыту саласында 26 жеке кәсіпорын жұмыс істейді. Үш елді мекенде күнделікті халық тұтынатын тауарлар сататын барлығы 17 дүкен халыққа қызмет көрсетуде.
Аймақтағы экономикалық белсенді халық саны өткен жылмен салыстырғанда 22-ге артып, 2 274 адамды құраса, жұмыспен қамтылғандар саны 191-ге артып, 2 838 адамды құрап отыр, соның ішінде жалдамалы 1 150 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 1 688 адам. Нәтижесінде жұмыссыздар саны 37 адамға, АӘК алушылар саны 106 адамға қысқарып, 71 адамды құраған.
Ауылдық округі әкімі аппаратына жыл басынан бері тоғыз жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасымен тәжірибе алмасуда. 55 азамат қоғамдық ақылы жұмысқа қабылданған.
Ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратында өткен жылы сервистік әкімдік ашылды. Мұнда әкімдіктің бес мемлекеттік қызметкері, жастар ісі және спорт нұсқаушылары, жұмыспен қамту орталығының ассистенті халыққа қызмет көрсетуде. Сервистік әкімдікте 24 мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Е-Gov Электрондық үкімет порталы арқылы 30 түрлі анықтамалар беріледі.
Өңірде игерілген ауыл шаруашылығы жер үлесі жыл санап артып келеді. Өткен жылы ол 5011,4 га құраса, 2020 жылы игерілген жер көлемі 5105,8 га жеткен. Шаруалар 350 га бидай, 1878 га арпа, 112 га жүгері, 922 га майлы дақылдар, 154 га көкөніс, 6 га бақша, 370 га картоп, 1313 га жоңышқа сеуіп, одан тәуір өнімге қол жеткізіп отыр.
Жеке аулалардағы төрт түлік мал басы да арта түсіп отыр, мәселен, ірі қара 891 басқа, қой- ешкі 5668 басқа, жылқы 62 басқа, құстар 6006 басқа өскен. Бордақылау алаңына тапсырылған ет көлемі 73 тоннаны құраған.
«Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясына Түктібай ауылындағы ұзындығы 1200 метр Сметов көшесіне орта жөндеу жұмыстарын толық аяқталса, Нұрлыкент ауылындағы ұзындығы 387 метр Мейірім тұйығы орта жөндеу жұмыстары 90 пайызға орындалып отыр.

Бақша суы ысырапсыз әрі іркіліссіз беріледі
Ауылдағы орталық Еламан Байғазиев көшесінің бойында биыл жазда салынған жаңа арық жүйесін көрдік. Ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын арық жүйесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында салынған. Бетон науалар осындағы бақшалықтар мен алқаптарды суландырып жатқан басты су артериясы болып есептелетін Тихий каналының ауылдың оңтүстік-батыс кіреберісі тұсынан бастау алады. Бір әттеген-айы, су тарататын шлюздің каналдың тіке бойынан емес, одан 10-15 метрдей беріден басталуында. Су тоспаға жеткенге дейін балшықты арнамен ағып келеді. Тұрғындар салынған арық жүйесі неге каналдың басынан басталмаған деген пікірін айтады.
Ауылдың байырғы тұрғыны, зейнеткер ұстаз Рәтбек Беркімбай ескі арық жүйесінен судың жүйелі келіп тұратынын, тіптен жағасына жеміс ағаштарын егіп, оның өнімдерін алып отырғанын айтады.
Әу баста «Тап-тамаша ескі арық жүйесі бола тұра, оның жанынан тағы бір арық салудың не қажеті болды?» деген ой қылаң бергені рас. Алайда, ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаевпен әңгіме барысында бұл пікірдің жаңсақ екеніне көз жеткіздік.
– Жобаның мақсаты көшедегі 94 жеке ауладағы бау-бақшаларды суғаруға суды тұрақты түрде жеткізу болып табылады. Ескі арық жүйесінің тозығы жетіп, әр тұстан бекітіліп, аулаларды сумен толықтай қамтамасыз етуге қауқарсыз күйге жетті. Соның салдарынан бақша суының тапшылығы сезілді. Оған қоса, ескі арық жүйесі тым келте, тек көшенің үштен бірін ғана қамтитын.
Жаңа арық жүйесінің бір артықшылығы, бетон науалардың ирелең-бұралаңы жоқ, түзу. Жолшыбай су шығыны жоқ, су көшенің аяғына жылдам жетеді, белгіленген су көлемін межелі жерге ысырапсыз жеткізуге өте тиімді болып отыр. Жаңа арық жүйесі тамыз айының аяғында пайдалануға беріліп, бірсыпыра тұрғындар одан су да алып үлгерді.
Қазір мердігер ұйым жұмысшылары бетон науалардың тұрғындар шарбағына баратын тұсын ойып, құбырлар орнатуда, – дейді ауыл әкімі.
Арық жүйесімен қат-қабат осы көшенің арғы қапталынан жаяу жүргіншілер жолы да салыныпты. Арық жүйесі мен жаяу жүргіншілер жолының құрылыс жұмыстарын 64 429,2 мың теңгеге мердігер «Жігер-2004» ЖШС жүргізген. Жобаны іске асыру кезінде 26 адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 12 адам алынған.

Цифрланса ауыл, цифрланамыз бәріміз …
Бүкіл әлем елдерін алаңдатып отырған коронавирус пандемиясы ел дамуындағы бірқатар проблемалардың бетін ашып берді. Соның бірі – цифрландыру саласы. Жаһандану жағдайында бүкіл тіршілік атаулы Интернетке телініп отыр. Басқасын былай қойғанда, өткен оқу жылының соңын ала, жаңа оқу жылы бастала салысымен, қашықтан оқу тәсіліне көшкен мектеп оқушылары алақандай қалта телефонына тәуелді болып қалды. Интернеттің жылдамдығы тәуір болса мейлі, тәуір болмаса, қанша уақытын зая кетіріп, сабақты да дұрыс ұға алмай, дал болып отырғаны.
Елімізде ақсап тұрған цифрландыру саласына тез арада жан бітіру бағытында бірқатар жобалар жедеғабыл қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл жобалар жергілікті деңгейге келіп жеткенше, ауылда әл-әзірге жүйелі жұмыс істеп тұрғаны – тек әкімдік аппараты мен мектеп әкімшілігі ғана. Олар «Транстелеком» АҚ желісіне қосылған. Оның әлеуеті бүкіл ауылды қамтуға жетпейді. Сондықтан басқа жолды іздеу керек.
Бүгінде өзекті болып отырған цифрландыру проблемасын нұрлыкенттіктер таяу арада шешпек. Нұржігіт Бөлекбаев ауыл әкімдігінің «Транстелеком» АҚ жабдықтаушысы – отандық «Ньютел ком» компаниясымен бірлескен жобасы жемісін беретініне сенімді.
– Аталған компания өкілдері аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағымен бірге келіп, ауылға екі тұстан Интернет тарататын сымсыз байланыс құрылғысын орнататын болып шешкен. Әр жеке ауладан қабылдаушы антенна қондырылады. Қазірдің өзінде 100-ден астам тұрғын компанияның қызметіне қосылуға өтініш білдіріп отыр.
Жоба іске асқанда тұрғындар айына 5000 теңге төлеп, секөнтіне 30 мегабайттық жылдамдыққа ие болып, 70 телеарнаны тегін тамашалай алады. Бір сөзбен, халықтың көзі ашылып, игілікке кенеліп қалар еді, – дейді Нұржігіт Әбдіұлы.

Нұрлыкент даму орталығына айналады
Өңірде соңғы кезде көше тазалығына мән беріліп келеді. Жеке аулалардан тұрмыстық қатты қалдықтарды әкету жүйелі жолға қойылған. Тасымалдау айына екі мәрте дүйсенбі күндері ұйымдастырылуда. Соның арқасында ауыл көшелерінде кездейсоқ қоқыс үйінділері жойылып, тұрғындар тазалық пен ұқыптылыққа біржола бет бұрғанға ұқсайды. Қала берді, қоғамдық ақылы жұмысқа тартылған 55 азамат күнделікті көшелердің бойымен жүріп өтіп, тазалап отырады.
Көшелердің абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарға ескертулер беріледі.
Уатсап желісінен «Нұрлыкент ауылының тұрғындары» атты топ ашылып, онда ауыл тіршілігіне қатысы бар қоғамдық сипаттағы хабарламалар беріліп отырады.
Тағы бір жағымды жаңалық, Нұрлыкент ауылы 2021 жылдан бастап «Ауыл – Ел бесігі» жобасына тірек ауыл ретінде еніп отырғаны. Жоба аясында өңірде келер жылдан бастап қыруар шаруалар атқарылатын болады. Атап айтқанда, асфальт жамылғысы төселмеген қалған төрт көше мен Түктібай ауылындағы бір көше асфальтталып, 12 көшеге электр шамдары орнатылады.
Биыл қыркүйек айында ауылда 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Құны 90,0 миллион теңгені құрайтын ғимарат құрылысын мердігер «Нұрбек» ЖШС жүргізуде. Бүгінде ғимараттың іргетасы тұрғызылып қойды. Ендігі кезекте іргетастың іші қиыршық таспен толтырылып, қабырғасы қаланады. Объекті басында жергілікті сегіз жұмысшы уақытпен санаспай еңбек етуде. Мәдениет үйі бұйырса, келер жылдың сәуір айында іске қосылмақ.
Одан бөлек, ауылда асар әдісімен 350 орындық мешіттің құрылысы жүргізілуде. Көпшіліктің күш біріктіруімен 10 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, мешіт ғимаратының жанындағы бос тұрған үй сатып алынып, жаңа имандылық ордасы осы үйдің орнынан салынып жатыр. Құрылысшы жігіттер мешіт үйін тез арада аяқтайтынына сенімді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close