Basty bet
Мерейтойың құтты болсын!
Тамыры терең, тарихы шежіре, сақ патшаларының жайлау қонысы болған, батырлар мекені Жуалының тынысын, тіршілігін, тарихын, табиғатын, болмысын 85 жыл бойы тынбай жазып, елдің рухының тірегі болған «Жаңа өмір» газеті, оның ұжымы, оқырмандары, баршаңызды мерейтоймен құттықтаймын!
85 жыл тарих көшінде еліміздің басынан нендей жағдайлар өтпеді десеңізші?!.. Қолдан, арнайы мақсатпен жасалған аштық, сталиндік зұлмат, ССРО мен Герман соғысы, майданға тапқаны мен таянғанын беріп, еңбек майданында қиындық көрген аналардың, балалардың ғұмыры, туған жерлерінен жер аударылып ағылып келген кавказдықтар, немістер, т.б ұлттар, оларға жасалған қамқорлық, ұлы дала төсін аяусыз жыртып, егін алқабы жасаған саясат, байлығы ерен елді шикізаттың ғана отаны етіп келген отарлық пиғыл…
1991 жыл – Қазақ елінің бақ жылы, Тәуелсіз, егемен ел болған жылы, содан бергі 28 жыл, осының бәрі өтті бастан. Ақын Жұбан Молдағалиевтің «мың өліп, мың тірілген» деген қастерлі сөзінің мәні де сонда жатса керек.
Жуалы өңірі де тарихтан сырт қалған жоқ. «Жаңа өмір» болса сол тарихты күнде баспа бетінде жариялап, елге жеткізіп отырды. Әр адам қайда жүрсе де картадан өз елін, теледидардан елі туралы хабарды, қылаяғы Қазақстанның ауа райын тыңдағанда да бірінші өз облысының, ауданының ауа райын тыңдайды, көреді. Сол сияқты жуалылықтар үшін «Жаңа өмір» газеті басқа республикалық газет-журналдардан гөрі жақын. Бірінші осы газетті қолға аламыз.
Елдің даңқын шығаратын – сол елден шыққан ерлер. Жуалы жерін ұлықтау, батырларын мақтан ету, ұрпаққа үлгі тұту ол – аға ұрпақтың парызы. Батырларын, ақын-жазушыларын, ел үшін аянбай ерлік көрсеткен, қызмет еткен тұлғаларды ұмытқан, қадірлемеген жұрт елдің алдына шығып озбасы анық.
Қадірлі жерлестер, ағайын-туыс бауырлар! Жер үстінің жұмағы болып саналатын Жуалының атын шығару да, даңқын асқақтату да – оның ұрпақтарынң қолында!
«Жаңа Өмір», мерей жасың құтты болсын! Тәуелсіз Қазақ елінің, оның ішінде киелі мекен Жуалының бақытты шежіресін ғасырлап, мәңгілік жаза бер!
Құрметпен,
Гүлтас Құрманбай
Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Назарбаев Университетінің профессоры,
«Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры,
«Құрмет» орденінің иегері