Basty bet

Даналығымызды, тектілігімізді жоғалтпайық

Психология – жалпы жан туралы ілім. Адамның жандүниесі, адамның өзін-өзі тануы. Яғни, психология адамның ішкі рухани әлемінің ғылымы. Бұл ғылым адамдардың қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын зерттейді. Жалпы алғанда адамдар қарым-қатынастарын зерттеу үрдісі өте қиын. Себебі түсіну қиын, әрбір адамның ішкі әлемі ерекше және бірегей. Сондықтан психология адам өмірінде маңызды рөл атқарады.
Жалпы психология адамның өз-өзін жақсы меңгеруге көмектеседі, адамның жеке қарым-қатынасын тиімді түрде қалай қалыптастыратындығын және ең бастысы, отбасы мүшелерімен және туыстарымен қарым-қатынас жасауда пайда болған қиындықтарды жеңуге көмектеседі.
Бүгінгі таңда психологтардың көмегіне жүгінушілердің қатары көп. Бәлкім бұл заман талабы шығар. Сол себептен біз газетіміздегі “Ақ шымылдық” қыз-келіншектер бетіне мақала дайындау үшін ауданымыздан ашылған “Тұлға” отбасылық кеңес беру және тренинг өткізу орталығының жетекшісі Зейнеп Дәуреновамен арнайы сұхбаттасқан едік.

-Зейнеп Әбдімәжитқызы, орталықтың ашылуына не себеп болды?
-Адамдарға психологиялық көмек көрсететін орталық ашу – бұл менің көптен бергі арманым еді.
Жалпы психолог десе көп адамдар үрке қарайды. Психологтың көмегіне жүгіну деген түсінікті адамдар енді ғана саналы түрде түсініп келеді. Негізінде психология дегеніміз адамның өзінің ішкі жандүниесіне үңілуі, тануы, өзін-өзі дамыту.
Бізді көбінде эмоция басқарады. Шын мәнісінде эмоция ашу, ыза, кек. Көп адам өкпелегіш, ренжігіш әрі десе күйбең тіршіліктің соңына түсіп кеткен. Біздің орталықты ашудағы мақсатымыз – қарапайым халыққа көмек көрсету, мектептердегі психологтардың статусын көтеру, яғни, мектеп психологтарын тарта отырып, теория жүзінде ғана емес халықпен шынайы жұмыс істеу. Психолог менің қалап, сүйіп таңдаған мамандығым болғаннан кейін осындай орталық ашып, халыққа өз пайдамды тигізгім келді.
-Мамандығыңыз не үшін ұнайды?
-Мен қазіргі №1 мектеп-гимназияда оқығанда бізге Мира Аманжолқызы психологиядан сабақ берді. Психологияға деген қызығушылығым осы сәттен бастап оянды. Себебі, психологияда тылсым дүниелер көп. Адам – жұмбақ. Сондықтан ең бірінші өзімді зерттеп, өзіммен жұмыс істеу арқылы адамдарға көмек бергім келді.
-Қандай адам жетістікке жете алады?
-Кез келген адам жетістікке жете алады. Егер оның жандүниесі сұлу болса, рухы мықты, жігерлі болса. Адам өзін-өзі дамыту үшін күнделікті жұмыс істеу керек. Барыңды бағалап, шүкіршілік ете отырып, одан да жақсы мүмкіндіктерге жетуді Алладан тілеп, ізденіп, еңбек ету қажет.
Алға биік мақсаттар қойып, сол мақсатқа жету жолында өзіңмен жұмыс жасауың керек.
-Психологтар түпкі сана туралы жиі айтады. Жалпы түпкі сана дегеніміз не?
-Түпкі сана дегеніміз – ол ата-бабамыздан келе жатқан, яғни қан арқылы, ген арқылы берілетін темпераментіміз. Оны біз жұлып тастай алмаймыз. Түпкі сана ол біздің жарық дүниеге келгеннен бастап көргеніміз. Балалық шақта не көрдік? Бір бала ата-анасының мейіріміне бөленіп өседі, бір бала зорлық-зомбылық, көп қиыншылық көреді. Адамның өмірде көргенінің барлығы оның мінез-құлқына әсер етеді. Егер адам өсе келе өзімен жұмыс жасамаса, өткенге көп үңіле беретін болса, ол проблема алдынан қайта кездесуі мүмкін және ол адамның өзгеріске түсуі өте қиын. Сондықтан біз мұндай жағдайда психотерапиялық әдістерді, емдеу профилактикаларымен жұмыс жасаймыз. Өкінішке орай, біздің көмегімізге жүгінуге келетін жандардың арасында мұндай жағдайлар жиі кездеседі.
-Жалпы психологтың көмегіне жүгінушілер көп пе? Олар негізінен кімдер?
-Орталыққа келушілер көп. Әйелдер де, ер кісілер де бар. Негізінен әйел-аналар, қыздар.
Менің тәжірибемде ерлі-зайыптылардың екеуі де келген кездері болған. Екеуі ажырасуға дейін барған. Екеуімен де жұмыс жасадым. Қазір екеуінің де психологиясы өзгерді. Бір-бірімен сыйласып өмір сүріп жатыр.
-Жұмыс барысында байқағаныңыздай, қоғамдағы өзекті мәселе не деп ойлайсыз?
-Адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы. Қазір адамдардың пейілі қандай? Бір-бірін көре алмау, мейірімсіздік. Отбасында күйбең тіршілікпен бір-бірінің жандүниесіне, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеу. Бір-біріне жылулық сыйлай алмау, жетіспеушілік, несие немесе жұмысбастылық, көңіл толмаушылық. Көп адамдар үйдің проблемасынан гөрі сырттың проблемасын көп ойлайды. Одан кейін әр адам өзінен қашады. Яғни, өзімен жұмыс жасауға келгенде уақыт, көңіл бөлмейді.
Жан мен тән не үшін ауырады? Неге біреудің басы, біреудің жүрегі ауырады? дегендей. “Қазақта “Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрады” деген мақал бар. Шын мәнінде солай. Бірақ адам оны күйбең тіршілікпен сезбейді. Адам өзінің не үшін ауырып жатқанын білмейді. Сондықтан оны дәрі-дәрмекпен емдейді. Адамның тәнінің ауруы – мүмкін сіз біреудің сөзін көтере алмаған шығарсыз, мүмкін бір қиындықты қорыта алмаған шығарсыз, мүмкін сіз дұрыс тамақтанбаған шығарсыз. Адамның әрбір клеткасы түпкі сана. Әр клетка көреді, сезеді, бәрін біледі. Қысқаша айтқанда, өмірді сүруді білмейміз. Болған жағдайды қабылдай білу керек. Адамның ішкі жандүниесінде мотивация болмаса, мақсат болмаса адам күйзеліске ұшырайды. Күйзеліс адам санасын қатты шаршатады. Оның соңы неге апарып соғарын жақсы білесіздер.
Жас балалар ата-анасы жеткілікті деңгейде көңіл бөлмегендіктен түрлі қиын жағдайларға душар болып жатады. Олар көмекті сырттан іздейді, құқықбұзушылық жасайды немесе тағысын тағы. Егер ол баламен дер кезінде дұрыс жұмыс жасайтын болса, ол баланың болашағынан үлкен үміт күтуге болады.
-Демек, мұндай проблеманы шешу үшін бірінші мәселені ата-анадан бастау керек дейсіз ғой. Жалпы ата-аналарға қалай көмектесуге болады немесе қандай шешу жолдарын ұсынар едіңіз?
-Кітап оқу керек. Қазір небір мотивациялық, психологиялық кітаптар бар. Абайды оқу керек. Және уақытты дұрыс жоспарлай білу керек. Адам өзіне уақыт бөлуі керек.
Сонымен бірге, табиғи жаратылысымызға қарай ер адам мен әйел адам өзінің жауапкершілігін дұрыс атқаруы керек. Қазіргі қоғамда көптеген әйелдер ер адамның жауапкершілігін өзінің мойнына алып алған. Әсіресе, отбасын асырауда, табыс табуда. Көптеген әйелдер барлық ауыртпашылықты мойнына алып алып, соны арқалап жүр. Салдарынан түрлі ауруларға тап болуда, өзінің табиғи жаратылысындағы нәзіктігінен айырылуда. Яғни, ер адам сияқты ойлауы, сөйлеуі, әйел адамның ағзасында ер адамның гормондары көп бөлінуі мұның барлығы соның салдары. Керісінше кейбір ер адамдар жеңіл ойланады. Бар ауыртпалық әйелінің мойнында, оған еті үйреніп кеткен, олар үшін солай болуы керек сияқты.
Өмірде аузыңнан не шығады, сол орындалады. Қазақта “Атаңа не жасасаң, алдыңнан сол шығады” деген мақал бар. Біреуге жақсылық жасасаң, алдыңнан екі есе болып шығады. Жамандық та солай.
Жаман нәрсе ойладың ба, оны ауызбен айтпай-ақ, ол орындалады. Сол үшін де мақсатты, жоспарды құрғанда да, ойланған да, сөйлегенде де дұрыс, жақсы ойланып, сөйлеу керек. Себебі, оның барлығы адамның тағдырына әсер етеді.
Менің тәжірибемде бір кәмелетке толмаған қызбен жұмыс жасадым. Қыз бұзақылық жасап, ол маған полиция бөлімі арқылы келді. Оған не себеп болған? Ол қыз қатты қорыққан, адамға деген сенімділігін жоғалтқан қыз. Себебі, анасы қайтыс болып кеткен, ал әкесі тастап кеткен. Сондықтан ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Әжесі үнемі “сенің анаң жүргіш болған, өскенде сен де сондай боласың” деп айта береді екен. Қыз соншалық қиналғаннан мектеп бітіргеннен соң ол үйден қашуды ойлаған. Бұл жерде үлкендердікі дұрыс емес. Өмірде мысалы, ата-анасы ішімдікке құмар болса, көбінде балалары одан сабақ алып басқа жолды таңдайды, үлкен жетістікке жетеді. Сондықтан әр адамның тағдыры өз қолында. Бірақ үлкендер оның дұрыс таңдау жасауына бағыт-бағдар беруі керек.
Әлгі қызбен жұмыс жасай келе ол адамға деген сенімділіктің не екенін, жылулықтың не екенін білді. Көрдіңіз бе, ол отбасынан ала алмаған көмекті осындай бұзақылық жасау арқылы қоғамнан көмек сұрады, дабыл қақты. Сондықтан әр нәрсенің себебі, астары болады. Егер адам тұйық болса, ондай жағдайда мүлдем тұйықталып кетеді, өз-өзін өте төмен бағалайды.
Отбасындағы ажырасу мәселесінде де осындай. Ер мен әйел өзінің міндетін дұрыс атқармағанда, өмірге деген көзқарастары әртүрлі болғанда, қатып қалған қағиданы ұстанғанда, қысқасы үйлесімін жоғалтқанда, жылулықты, үйлесімділікті сырттан іздей бастайды.
Жалпы өмірде шешілмейтін нәрсе болмайды. Мәселені қиындататын адамдардың өздері. Отбасында баланы кішкентайынан отбасылық өмірге, жауапкершілікке баулу керек. Жастар үйленгенде оның үлкен жауапкершілік екенін, бір-бірінің тағдырына жауапты екенін, бір-бірін толықтырып өмір сүру қажет екенін, отбасылық өмір үлкен өмір ағысы екенін түсіндіру керек. Отбасында ортада бала болған кезде бірінші кезекте баланың болашағын ойлау қажет. Ерлі-зайыптының бір-бірімен қарым-қатынасы дұрыс болған жағдайда ғана баланың тәрбиесі де дұрыс болады.
-Өмірдің мәні неде? Психологиялық дағдарысқа түспеу үшін не істеуге болады?
-Өмірдің мәні – барды бағалай білуде, сыйластықта. Кез келген сәтті бағалау, мән беру.
Коронавиурстық инфекцияның өзі адамға көп нәрсені үйретті. Барды бағалай білу қажеттігін үйретті. Өмір сүру стилімізді өзгерту керек екенін үйретті. Коронавирус – өкпенің қабынуы ғой. Неге олай болды? Себебі, адамда біреуге деген реніш, өкпелеу көп. Біреуге ренжіген адамда кек болады. Кек сақтамай, кешіру, кешіріммен қарау деген жоқ. Адам осы қасиеттері арқылы өзіне ауру жинайды. Сондықтан кек сақтамау керек. Алла барлығын өзі реттейді. Кешірімді болсаң, жеңілдейсің. Бұл ауру да жер бетіндегі адамдарға жіберілген сынақ. Одан сабақ алуымыз керек.
Молшылық, бақыт – ақшада, байлықта емес, бақыт – қазіргі сәтің, деніңнің саулығы. Көре аласың, жүре аласың, тағысын тағы. Өмірде сондай бақытқа жете алмағандар қаншама?!
Дағдарысқа түспеу оның барлығы отбасындағы тәрбиеге, жылулыққа, сыйластыққа байланысты.
-Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
-Жалпы орталықта Мира Аманжолқызы екеуміз жұмыс жасаймыз. Республикалық тәжірибелік психология қоғамдық бірлестігінің төрайымы Фатима Әбдіқызының бастауымен республика бойынша ұлттың қамқоры ретінде қайырымдылық қоры ашылды. Біз осының жалғасы ретінде ауданда екі дүкеннен “Қанағат” бұрышын ұйымдастырдық. Ол бұрыштар “Сұлтан” және “Батыр ана” дүкендерінде бар. Бұрышқа тұтынушылар шама-шарқынша азық-түлік сатып алып, арнайы жәшікке салып кетеді. Оны көмекке мұқтаж жандар ала алады. Бұл да сауап іс. “Қанағат” қайырымдылық бұрышын алдағы уақытта басқа дүкендерден де ашу жоспарымызда бар.
Ауданымыздан отбасылық психологиялық кеңес беру орталығы ашылып, ол жерде екі-үш психолог штаттық режімде жұмыс істесе деген тілегіміз де бар. Бұл ұсынысымызды біз жақында аудан басшылығына да жеткізген болатынбыз. Себебі, отбасылық зорлық-зомбылық көп, асыранды балалар көп. Олардың жан жарасын айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың жан жарасын жазудың өзі үлкен жұмыс. Олар сыртқа шығара бермейді.
Мектепте балаларға эссе жаздырғанда, балалар ішкі жан дүниесіндегі толғанысты жазады. Қазір ажырасу көп. Әкесі бір жақта, шешесі бір жақта жүреді. Әкесі немесе шешесі баламның тамағы тоқ, киімі бүтін деп ойлайды. Мәселе онымен бітпейді ғой. Оның ішкі жандүниесінде не болып жатыр, оның тілегі қандай, онымен ешкім санаспайды. Бала эсседе осыны көрсетеді. Ол баламен психолог жұмыс жасауы керек. Себебі, балалық шақтағы жан жарасы жүрегінде қалмауы керек. Біздің мақсат – қарапайым халыққа қызмет көрсету. Және де алдағы уақытта әйелдерге арналған түрлі клубтар ашуды жоспарлап отырмыз.
-Әйел-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
-Әйел адам үйлесімділігін, нәзіктігін жоғалтпауы керек. Отбасылық құндылықты сақтап қалуда әйелдің өз міндеті бар және рөлі зор. Сол міндетін мінсіз атқаруға тырысуы тиіс. Өзімен жұмыс жасауы керек. Яғни, кітап оқып, өзінің күтіміне мән беру керек. Жасандылықтан аулақ болуы тиіс. Ерін сыйлауы керек. “Ерін сыйлаған есікте отырмайды” деген мақал тегін айтылмаған.
Өзін-өзі дамытамын деген адамға мүмкіндік көп. Іздену керек. Әйел ақылымен, нәзіктігімен, мейірімімен, өзінің биік адамгершілік қасиетімен, тәрбиелілігімен отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысы бола алады. Жалпы біздің халықтың ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбиесі тұнып тұрған психология. Ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ. Елбасымыз “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын босқа жариялаған жоқ. Сондықтан даналығымызды, тектілігімізді жоғалтпаймыз десек, ұлттық тәрбиені мықтап қолға алуымыз керек.
-Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік серік болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close