Basty bet
Отбасының ұйытқысы, өз ісінің шебері
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Қоғамның даму барысын, өмірде – нәзік, ал істе – мығым әйелдерсіз елестету мүмкін емес» деп нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін айқындап берген болатын. Осы ретте елімізде әйелдер қауымы ер азаматтармен қатар еңбек етіп, өздерінің біліктілігі мен іскерлігін дәлелдеп жүрген жайы бар.
Қазіргі қоғамда отбасы мен жұмысын қатар алып жүретін нәзік жандылар қатары артып келеді. Сондай жандардың бірі – Ақбота Махамбетова. Ол бес баланың анасы. Қазіргі таңда «Райхан» сұлулық салонында шаштаразшы болып жұмыс істейді.
-Мен Шымкент қаласының тумасымын. 2010 жылы қошқараталық Қайсар есімді азаматқа тұрмысқа шығып, екі ұл, үш қыздың ата-анасы атанып отырмын. Тұрмысқа шыққан соң бес жылдай Қошқарата ауылында тұрып, өткен жылы аудан орталығында көшіп келдік. Үйде қайын атам бар. Отбасымда Думан, Бүркіт есімді ұлдарымыз Айбике, Айғаным және Бегімай есімді қыздарымызды тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Балаларымның алды мектепке барса, кенжем бір жасқа толады. Шүкір, көпбалалы жас анамын. Үйдегі көмекшілерім де балаларым.
Негізгі мамандығым – психолог. Алайда бала кезден шаштаразшы болуға деген қызығушылығым жоғары еді. Мектеп қабырғасынан бастап анамның шашын бояп, құрбыларымның, көрші қыздардың шаштарын өріп беретінмін. Жоғары оқу орнына түскенімде де түске дейін сабақта болсам, сабақтан кейін жұмыс істейтінмін. 19 жасымнан бастап өз шашымды өзім қырқып, сәндей бастадым. Сол кезден бастап менің санамда құр бос қарап отыруға болмайды деген ой қалыптасқан. Сабақпен қатар жұмысқа да барып, ерінбей еңбек еттім. Қандай жұмыс болса да таңдамайтынмын. Тіпті, оқуымның ақысын да өзім төлейтінмін.
Бұл мамандықтың иесі болу үшін ең алдымен адамға ептілік керек. Алдыңа келген әр әйелге сапалы қызмет көрсету – менің мақсатым. Себебі, шаштың өзі адам келбетіне әр береді. Сұлулық салонына келген қыз-келіншектер шаш үлгісіне байланысты кеңестер сұрайтын кездер де болады. Оларға барынша бағыт-бағдар беріп, бет-пішініне қарай шаш үлгісін таңдап, қиып беремін. Мұның маған да пайдасы бар. Әр адамның талғамы әртүрлі. Сол арқылы өзімді дамытып отырамын. Тоқтап қалуға болмайды.
Қызметіме жүгінген қыз-келіншектер ризашылығын білдіріп жатады.
Әркез өзіңді дамытып, жұмыс істеп, отбасына да көңіл бөліп, үй шаруасына үлгеру керек. Мен бір орында қол қусырып қарап отыра алмаймын. Маған осындай үнемі ізденісте, қозғалыста болған ұнайды. Жалпы ешқашан ерінбеу керек. Осы ретте, көпбалалы аналарға да айтарым, үйде қарап отырмай интернетті пайдасына жаратса екен деймін. Онда тоқымашылықты, тігіншілікті, түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды үйрететін бейнероликтер көп. Соны көріп, үйреніп, қажетіне жаратса құба құп, – дейді Ақбота Әлиханқызы.
Көпбалалы жас ана Ақбота алдына айқын мақсат қойып отыр. Оның бірі жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, сұлулық салонын ашу болса, бірден бірегейі шәкірт тәрбиелеу. Сонымен қатар, біліктілігін арттыруды да естен шығармайды. Шымкент, Тараз қалаларына барып, білікті мамандардан сабақ алып тұрады.
Ақботаның еңбекқорлығы, өз ісінің шебері екендігі өз әріптестеріне үлгі-өнеге. Онымен әңгіме барысында отбасының ұйытқысына айналып отырғаны да сезіліп тұрды. Әрине, осындай қажырлы әйел, аяулы ана, сүйікті жар, сыйлы келін, шебер маман болу – қазақ әйелдеріне ғана тән қасиет.