Basty bet

Құрбан шалу – бабалардан қалған сүннет

Аудандық орталық мешіттің бас имамы Нұрлан Әмірбаевпен сұқбат

– Құрметті бас имам, құрбандық дегеніміз не және оның нендей сауаптары бар?
– Құрбандық дегеніміз – Алла жолына арнап шалынатын мал. Құрбандыққа мал шалу дәстүрі ислам тарихында өз ұлы Исмаилды Алла ризалығы үшін құрбан етпек болған Ибраһим пайғамбарға байланысты шыққан.
Құрбандық дегеніміз кеңірек мағынада айтсақ, ол – Алла ризалығы үшін, сондай-ақ ел, жер, Отан қорғау жолында атқарылатын ерекше іс-әрекеттер.
Жалпы құрбан арабтың «жақындау» сөзінен шыққан. Шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері.
Алла тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақіретте сый-сыяпатына кенелтеді. Құрбандық шалу да Алла тағаланың арнайы әмірі болғандықтан бұл әмірді ықыласпен орындаушы Раббысының ризашылығына қауышып, ана дүниеде жүзінің жарқын болып, мол сауапқа шомары сөзсіз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қайы ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».
Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) басқа хадистерінде Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген. Осы ретте сахабалар Расулымызға (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі құрбандық деген не?» деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (Оған Алла разы болсын) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады (ибн Мажа, Сәуәбуладахи, 3118).
– Құрбан шалудың діндегі үкімдері қандай?
– Ханафи мазһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбандық шалу – уәжіп. Алла тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар», 3-аят) деп, әмір етіп, құрбандық шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» деп бұйырған.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті» деуі құрбандық шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет» жолы деген мағынаны білдіреді. Бізге уәжіп болған құрбандық шалу – Ибраһимнің (Оған Алла разы болсын) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.
Құрбандық шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек: мұсылман болу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері дегеніміз – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша.
Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толуы шарт емес. Құрбандық шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана егін пайдалану үшін де союға болады.
Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанның шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) Құрбандық шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: «Алла Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандығымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын» деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Алла тағала құрбанның ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Шалған құрбанның еті немесе қайы Алла тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ оның әмірін ләббайк деп орындаудағы ықылас пен ниет Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болады. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Саффат», 107-аят).
Құрбандық шалу – Ибраһим Пайғамбардай (Оған Алла разы болсын) жалғасып келе жатқан сүннет. Ибраһим Пайғамбар (Оған Алла разы болсын) Алла тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмайлды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сынақтан өтті. Құрбандық шалу сол ғибратты оқиғаның бір көрінісі.
Адам баласы Құрбан айтта құрбандық шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің түкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.
Жаратылысында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәнегі бар жалпы адам баласы Құрбан айтта тек қана Алла тағаланың ризашылығы үшін кедей бауырларына жәрдем беру арқылы аталған болымсыз сипаттардың дәнегінің түбін балтамен тауып, оның орнына бойындағы бауырмалдық, жомарт, кішіпейіл сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өніп-өсіп, жетілуі үшін су себеді.
– Құрбандыққа шалынатын мал қандай болуы шарт?
– Тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандықдыққа жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты айдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбандық ретінде сойылмайды.
– Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі кімдерге беріледі?
– Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, бай болса да көршілеріне сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Алла тағала Құран Кәрімде Құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» («Хаж», 28-аят). Пайғамбарымыздың (оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) шалған Құрбанның етін қалай таратқаны турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын». Уәжіп болсын, нәпіл болсын Құрбандыққа шалынған малдың егін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталған бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазіреті Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Аллаһтың Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді. (Муслим, Хаж, 348). құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады. Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді. Өлген кісі өзінің атына Құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған Құрбанның етінен жеуіне рұқсат. Бірақ елінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанның етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.
– Құрбандық шалудың қандай әдептері бар?
– Құрбандық ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын».
Құрбандық ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:«Инна салати уа нусуки уа махиана уа мәмәти лилләһи Раббил-а’аламина лә шәрика ләһ»(«Әнғам», 162-аят). «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ».
Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар ля илаһа иллаллоһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып,«Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана Құрбандықтың иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбандықты бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек.Әдейі ұмытпаған «Бисмиллаһ» деп айтпаса, Құрбандығының етін жеуге болмайды.Өйткені Аллаһтың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбандықтың иесі Құрбандықты бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек.
Сойылатын мал Құрбандық ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
– Бірігіп құрбандық шалуға бола ма?
– Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбандық ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнай, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбандық шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбандық үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбандық болып есептелмейді.
– Елімізде енгізілген карантиндік шараларға байланысты құрбандық шалу рәсімінде қандай да бір өзгерістер бар ма?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылмандардың өтініш-тілегін ескере отырып, биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алып отыр. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты іске қосылды. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады.
Діни басқарма мен оның жергілікті өкілдіктерінің мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай, осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарқанын жаятын.
Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым, пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық дегім келеді.
– Құрметті бас имам, құрбан шалу тұрғысында айтқан мағыналы да, мәнді әңгімеңізге Алла разы болсын! Жамағат одан өздеріне қажетті мағлұматтар алады деп ойлаймыз.
Сұқбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close