Basty bet
Арманы алға жетелеген азамат
«Көкпар – сын, күш сынайтын, ат сынайтын,
Ат таңдап жаратардай бап сынайтын.
Жеңсігі басылмаған бақ сынайтын,
Ер-тұрман, қос үзеңгі, шылбыр-тізгін» деп, ақын Естеу Нүсіпбеков жырға қосқандай, көкпар ойыны қашанда кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын қазақ халқының нағыз ұлттық спорты екені баршамызға белгілі. Қазіргі таңда ұлттық ойын түрімен ауыл жастары да көптеп айналысып, біршама биіктерден көрініп жүргені қуантады. Ұлттық спортты жанына серік етіп, ат құлағында ойнап жүрген сондай жастардың қатарында сұрымдық Жасұлан Қожақұл да бар. Жас спортшы 1997 жылы Сұрым ауылында дүниеге келген. Қызыларық ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің түлегі. Қазіргі таңда ол Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің жалпы дене шынықтыру факультетінің 4 курс студенті. Сонымен қатар, Жамбыл облысының «Әулие-Ата» кәсіпқой көкпар клубының көкпаршысы.
Адамды арман нақты мақсаттарға жетелейді. Осы орайда Жасұланның бала арманы оны биік белестерге шығуға жетеледі. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ жылқыға жақын болып, көкпар ойынын ойнауға деген қызығушылығы арта түседі. Аға буын өкілдерімен бірге 8 сыныптан бастап ауыл-аймақта ұйымдастырылатын ұлттық ойындарға қатысып өнер көрсете бастады. Оның осылайша үздік ойын өрнегін көрсетуі 2015 жылы «Әулие-Ата» кәсіпқой көкпар клубының жасөспірімдер командасының құрамына енуіне өз септігін тигізеді.
Құрама қатарында өз қатарластарымен бірге жаттығуларға қатысып, ұлттық ойынның қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін кәсіби мамандардан үйренеді. Алғаш рет Көкшетау қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, онда облыстық құрама І орынды иеленді. Жеңістің дәмі қашанда тәтті болады емес пе?! Бұл жеңіс Жасұланға күш-жігер беріп, ұлттық спортқа деген құлшынысын одан сайын арттыра түсті. Сөйтіп, ол 2016-2018 жылдар аралығында аталған құраманың жастар арасындағы комадасының құрамына еніп, түрлі деңгейдегі додаларда ойын көрсете бастады. Осы жылдар арасында құрама үш жыл қатарынан чемпион атанады. Сонымен қатар, жас спортшы «Спорт шебері» атағын және ойындарда үздік ойын көрсеткені үшін «Ең үздік шабуылшы» номинациясын иеленеді. Ел чемпионатында үздік өнерімен көзге түсіп, қазандыққа 18 рет салым салған екен.
– Ауыл жастарының ең сүйікті ойындарының бірі көкпар десем қателеспеймін, – дейді Жасұлан Сапаралыұлы. – Себебі, мен бала күнімде теледидардағы көкпар ойындарын көріп, сондағы шабандоз ағаларым сияқты көк Туымызды биікте желбіретуді армандайтынмын. Алдыңа айқын мақсат қоя білсең, соған жетпей қоймайды екенсің. Қазір сол ойларым, арман-мақсаттарым орындалуда. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймын. Әлі де үздіктердің қатарынан табылып, елімнің мерейін асқақтатсам деймін.
Біздің жаттығуымыз Айша бибі ауылында өтеді. Команданың жаттықтырушысы Есжан Құрманбай бізді ұлттық ойын ойнаудың қыр-сырын талмай үйретуде. Спорт шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Сол сияқты көкпаршылардың бойында ержүректілік, ептілік, намысшылдық қасиеттері жоғары болуы керек. Көп еңбек етіп, намысты қолдан бермеуге тырысамыз. «Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдайлар мен қолдаулар жасалуда. Сол себепті де жастар зиянды әдеттен аулақ болып, спортқа шындап ден қойса екен деймін, – дейді ол өз сөзінде.
Көкпаршы Жасұлан ұлттық спортты дамытуға үлесін қосуды, «Әулие-Ата» құрамасын тек жеңістің тұғырынан көрінуіне септігін тигізуді, әлемге қазақтың ұлттық спортын танытуды мақсат тұтқан жан. Сондай-ақ, ол «Әулие-Ата»кәсіпқой көкпар клубының басшысы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрдәулет Момыновты, көкпаршы жерлесіміз Құлажан Тоғайбаевты үлгі тұтады.
-Мен Нұрдәулет ағам секілді кеңпейілді, кеңжүректі, ұлтына жанашыр адам болғым келеді. Ағаның ұлттық спортқа деген жанашырлығы мені тәнті етеді. Әсіресе, жастарды қолдауы, көмек көрсетуі. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, біздің арманымыздың орындалуына сүбелі үлесін қосып жүрген азаматқа алғысымды білдіремін, -дейді Жасұлан.
«Ақыл – жастан, асыл – тастан» демекші, Жасұланмен әңгіме барысында оның арманы асқақ, мақсаты айқын екенін аңғардым. Ең бастысы, оның ұлттық спортты жан-тәнімен жақсы көретінін байқадым. Көкпар – күш сынайтын, ат сынайтын ойын. Осындай сәттерде Жасұланның жүйріктердің ішінде оқ бойы оза шауып, бағы жанып, түрлі додаларда жеңіске жетіп, сүрінбей өтетініне сенім мол. Мұндай рухшыл, жанашыр, намысшыл жастар барда ұлттық құндылық пен ұлттық болмыс, ұлттық спорт жоғалмақ емес.