Basty bet
Салаға оң көзқарас қалыптасуда
Кәсіпкерлік саласы елімізде қарқынды дамып келеді. Жылдан-жылға кәсіпкерлікке бет бұрып, кәсіп көзін ашушы азаматтардың да қатары артып отыр. Бұл туралы апта ортасында Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Жуалы ауданындағы филиалының директоры Руслан Айтбаевтың есептік жиынында кеңінен сөз болды.
Есептік жиынға «Атамекен» ҰКП Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасарлары Айдар Әбдіқадыров, Ирина Ким және аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев және кәсіпкерлер қатысты.
Есептік жиынды Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Әбдіқадыров ашып. өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, сөз кезегін Руслан Айтбаевқа берді. Ол 2019 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есептік баяндама жасады.
– ҚР «Атамекен» ҰКП-ның негізгі міндеті кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Осы орайда 2019 жылы аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалына 7 өтініш келіп түсті. Оның ішіндегі палатаның аймақтық филиалына келіп түскен өтініштердің екеуі оң шешімін тапса, ал 5 шағымға түсініктемелер берілді.
Филиалдың соңғы үш жылда айналысқан тағы бір маңызды бағыты – «Бастау-Бизнес», «Жас кәсіпкер», «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсім» жобалары. Сонымен қатар, қысқа мерзімді оқыту, базалық оқыту сияқты жобалар аясында оқыту. Кәсіпкерлік, «іскерлік қатынастар», салалық негізде ауыл шаруашылығы құзіреттілігін арттыру аясында оқыту жұмыстары жүргізілді,- деді аймақтық кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы ауданда 669 тыңдаушы тәжірибеден өткен екен. Оның ішінде тек «Бастау-Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша филиалда 415 тыңдаушы оқыған. Оқыған 138 адам қаржы институттарынан жалпы сомасы 441,9 млн теңге қаржы алған. «Бастау-Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобаларының 348 тыңдаушы азаматы гранттық қаржыландыруға қатысқан. Олардың қатарында жастар, мүгедектер, көпбалалы аналар бар. Оның ішінде 285 адам қайтарымсыз грант иегері атанып, олар қаржыландырылып, өз жобаларын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, баяндамашы ауыл шаруашылығы құзіреттілігін арттыру аясында агроөнеркәсіптік кешеннің тақырыбын қамтыған біркүндік семинарлар өткізілгенін жеткізді. Осы орайда жетекші шаруа қожалықтарымен дақылдарды өсіру жөнінде 14 кеңес өткізілген. Осындай тренингтерден кейін филиал бірнеше қаржыландыру ұйымы арқылы қаржыландыруға байланысты жобаларды қолдау аясында жұмыс атқарған. 2019 жылы филиалға 192 өтінім келіп түсіп, оның ішінде 157 кәсіпкер жалпы сомасы 562,2 млн теңге көлемінде несиелендірілген.
– Бизнестің маңызды мәселесі жерге қолжетімділік болып табылады. Осы мақсатта ауданда тұрақты комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдармен қатар бизнес және палата өкілдері де енген. 2019 жылы комиссияның 32 отырысы өтті. Өткізілген отырыс нәтижесінде үш конкурс өткізілді, оның біреуі конкурс және екеуі аукцион. Комиссия отырысында 83 өтінім қаралып, жалпы ауданы 8124,83 га құрайтын 64 жер учаскесі берілді,- деді аймақтық кәсіпкерлер палатасының басшысы Руслан Ғабитұлы.
Баяндамашыдан соң аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөз алып, кәсіпкерлер палатасының жұмысына оң бағасын беріп, ауданымызда кәсіпкерлердің қатары көбейгеніне қуанышты екенін жеткізді.
Басқосуда жуалылық кәсіпкерлер белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Алғаш сөз алған «Зере» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Әсем Әбдіәлимова 505 мың теңге қайтарымсыз грант иегері екенін айтып, «кәсібін кеңейту үшін базар маңынан жер телімі жалға беріле ме?» деген сауал қойды. Жеке кәсіпкердің сұрағына Р.Ғабитұлы жауап беріп, алдағы уақытта оның мәселесі қарастырылып, бақылауда болатынын айтты.
Ал, «Атамекен-Бастау» АШӨК-нің жетекшісі Зайырбек Сұлтанмұратов ауданда кәсіп ашуға ниетті жандардың қатары көп екенін алға тарта отырып, кезінде несие тарихын бұзып алған жандарға банктер несие бермейтінін айтып қынжылыс білдірді. Ол осындай азаматтардың құжаттарын қайта қарап, гранттарға қатысуға жағдай жасауды сұрады. Сонымен қатар, несие алушылардың жылжымайтын мүлкін кепілдікке қойған кезде банк бағалаушыларының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі, олар мүлікті бағалағанда өз бағаларын қойып, соның салдарынан жылжымайтын мүліктің бағасы төмендеп кететінін айта келе, осы мәселелерге мән беру керектігін еске салды.
Бұл сауалға Айдар Әбдіқадыров жауап беріп, мұндай мәселелер кәсіпкерлер палатасының құзырына жатпайтынын айтты.
Жарыссөзде «Сыдық» ШҚ және «Жылыжай» ЖК-нің жетекшілері Сәкен Сыдық және Махит Сәрсеқұл кәсіп ашуға бағыт-бағдар беріп, көмектескені үшін кәсіпкерлер палатасына алғыстарын білдірді. Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев те палата қызметкерлеріне рақметін айтып, «кәсіпкерлерге бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесетін бір штаттық жұмысшы бөлсеңіздер» деген тілегін білдірді.
Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Асылбек Айдарқұлов: «Ел ертеңі – жастар. Бүгінгі жиында жастардың көп болғанына қуанып отырмын. Қазіргі таңда жастарға көңіл бөлініп, жағдайлар жасалуда. «Жас келсе, іске!» деп бекерге айтылмағанына көзім жетіп отыр. Алдағы уақытта тың идеяларыңызбен биіктен көрініп, кәсіптеріңіздің нәсібін көріңіздер. Істеріңіз оң болсын!» деп ағалық ақыл-кеңесін айтып, залдағы жастарды жігерлендіріп қойды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»