Basty bet
Карантиннің ертерек аяқталуы халыққа байланысты
Жамбыл облысындағы коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша жарияланған Төтенше жағдайға байланысты құрылған түсіндірме және бақылау тобының Жуалы ауданына жауапты топ жетекшісі, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов ауданға арнайы келді.
Бағлан Жиенәліұлы іссапарын халық көп жиналатын орынның бірі аудандық пошта байланыс торабынан бастады. Аудандық пошта байланыс торабына келген аудан тұрғындарын кезекке талапқа сай тұрғызуды пошта басшысы мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ретке келтіруде. Пошта басшысы Бақытжан Устаев поштадағы жағдаймен таныстырды. Пошта ішінде де тиісті тәртіп сақталған. Ішке кірген адамдар антисептик құралын пайдалануда.
Бағлан Жиенәліұлы әрі қарай аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жиын өткізді.
Жиын алдында аудандағы халық көп жиналатын орындарды дезинфекциялауға шыққалы тұрған топтың жұмысымен танысты. Отряд жетекшісі аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жол-көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков күнделікті атқарып жатқан жұмыстарын айтып өтті.
Мәжіліс залындағы жиынға Төтенше жағдайға байланысты ауданнан құрылған түсіндірме және бақылау тобының құрамы шақырылды. Топтың аудандағы жетекшісі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков. Топ құрамына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар кәсіпкерлер, қоғам белсенділері кірген.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы Төтенше жағдайға байланысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты таныстырып өтті.
Сөз кезегін алған Бағлан Жиенәліұлы топ мүшелерін зерделеу жұмыстарына арналған жадынамамен таныстырды.
-Жұма күні өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Еліміздегі Төтенше жағдай сәуір айының соңына дейін созылатын болды. Сол себептен түсіндіру топтары құрылып отыр.
Ондағы мақсат – халыққа карантин талаптарын жете түсіндіру.
Қызылорда, Павлодар облыстарында бір адамнан қаншама адамға жұғу жағдайлары болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан мұндай жағдайға жол бермеу үшін сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Билік, депутаттар, қоғам белсенділері, халық болып бірікпесек, бұл індетті жеңу қиын.
Карантиннің ертерек аяқталуы халыққа байланысты. Неғұрлым сақтық шараларын қатаң ұстансақ, соғұрлым ертерек жеңетін боламыз.
Әлемде бұл індетті жеңген елдердің барлығы тек қана тәртіппен, тазалықпен ғана жеңгендерін айтуда. Сол үшін топ мүшелері халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді атқаруымыз керек.
Адам көп баратын жерлерді жиі дезинфекциялау, азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеу, негізсіз өсіргендерге шара қолдану, тазалық жұмыстарын тек қоғамдық орындарда ғана емес, әрбір мекеме, әрбір отбасында да сақталуын түсіндіру, қысқасы, әр адам өзінің тарапынан белсенді түрде үлес қосуы керек,- деді облыстық мәслихаттың хатшысы.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытындылады.
Бағлан Қарашолақов «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойындағы Шақпақ ауылдық округі аумағында орналасқан санитарлық пунктке барып, ондағы жұмыс барысымен де танысты. Пункттегі жұмыс барысын аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков таныстырды.
Пунктте жұмыс қалыпты жүруде. Он төрт медицина саласының қызметкері екі ауысыммен жұмыс істейді. Оның екеуі дәрігер, алтауы медбике, жетеуі кіші медицина қызметкерлері. Сонымен бірге төрт полиция қызметкері постта тұрады. Оның екеуі облыстық полиция батальонының қызметкері болса, екеуі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері. Медицина қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушыларға анкета толтырып, үш маман дене қызуын өлшейтін құралмен тексерсе, полиция қызметкерлері шектеу шараларына сай емес көліктерді қайта қайтарып, қоғамдық тәртіпті бақылауда. Олар негізінен транзиттік жүк көліктерін ғана жіберіп жатқандарын жеткізді. Дәл сол сәтте постта бірнеше КамАЗ көліктері тұрды. Олар Өзбекстаннан Ресейге қырыққабат алып бара жатқан көліктер екен. Сондықтан оларды тексеріп, өткізіп жатқандарын жеткізді.
Бағлан Жиенәліұлы санитарлық пункттің ішіне кіріп, ондағы жағдаймен де танысты.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»