Basty bet
Жұма намаз шағын құраммен өтелуде
Мешіт – Алланың үйі, имандылық ұясы. Мұсылман қауымның Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінажат үйі.
Өткен жылдың басынан төрткүл дүниені әбігерге салған “тәж тажал” індетті мінажат үйінің қызметіне де елеулі өзгерістер алып келді. Исламдағы бес парыздың бірі намаз болса, оның мешітте оқылуы маңыздырақ. Дегенменде індеттің қарқынды таралуына байланысты халық көп жиналатындықтан, мешіттердің есігін уақытша жабуға тура келді. Алайда, мешіттің есігі жабылғанымен, сауапты істің есігі әрдайым ашық. Мұсылман қауымның ниеті түзу болса, дұға-тілегі қай жерде оқылса да, қабыл болары хақ.
Әлі күнге дейін еліміздің кейбір жерлерінде мешітке жамағатты жинап, жұма намазды оқуға рұқсат берілген жоқ. Ал, кейбір адам аз шоғырланатын жерлерде Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылдың 4 ақпанындағы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, оның ішінде жасыл аймақтағы мешіттерде толымдығы 30%-ке дейін, бірақ 100 адамнан аспаған кезде (бес уақыт намаз) ұжымдық құдайға құлшылық етуге рұқсат етілген. Қуаты 150 адамға дейін, толымдылығы 25%-тен аспайтын мешіттерде, ауылдық жерлерде ғана жұма намазына рұқсат етіліп отыр.
Міне, мұндай рұқсат берілген ауылдық мешіттің қатарында Қосбөлтек ауылындағы «Қосбөлтек» мешіті де бар. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне жеке кәсіпкер, марқұм Еркебұлан Қадірханұлы салдырып берген болатын. Мешіттің құрылысы толық аяқталғанымен, төтенше жағдай режімі аяқталғанша ашылмай, тек қазан айында пайдалануға берілді. Жамағатқа 30 жылдан астам уақыттан бері имам Алғабек Сүгірбеков басшылық етіп келеді.
Бүгінде сәні мен салтанаты келіскен мешітте өткен аптадағы жұма намазы жамағатпен бірге оқылды. Бұл уақытқа дейін құлшылық үйінде санитариялық талаптарға сай арақашықтық белгісі орнатылып, антисептиктер қойылған. Келушілерге медициналық бетперде де беріледі. Мешіттің тазалығына ауылдың тұрғыны шырақшы Айшахан Ералиева жауапты. Үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп, мұсылман қауымның алаңсыз дұға-тілегін оқуға қолайлы жағдай жасап отыр.
– Шүкір, ауылымызда зәулім мешітіміз бар. Марқұм жерлесіміз туған жеріне игілікті, сауапты іс жасап кетті. Мешітте барлық жағдай жасалған. Екі бөлме бар, яғни, ер адамдар мен әйелдер намаз оқитын бөлек-бөлек орындар. Имамға арналған бөлме де бар. 100 орындық асхана салынған.
Мұсылманның бір парызы тазалық сақтау. Ауылдағы Алланың үйінде барынша тазалық сақталған. Күн сайын бес уақыт азан шақырылады. Көмекшілерім Сәбит Өкімбаев, мешіттегі ақылдастар алқасының төрағасы Ербол Помашев жамағаттың рухани түлеуі жолында еңбек етуде.
Індет күнделікті үйреншікті үрдістерді өзгертті. Әсіресе, мешітте жиналып, уағыз тыңдап жүрген жамағат үшін бұл күтпеген жайт болды. Әрине, біз мемлекет тарапынан қабылданған шектеулерді орындап, бағынуымыз керек. Өйткені, Алла нікі бұйрық, мемлекеттікі уәжіп.
Алланың рұқсатынсыз қураған шөптің де басы сынбайды. Осы сөзге сүйенер болсақ, мына дүниені дүрліктірген індет те сол Алланың қалауымен болып жатыр деп сенейік. Бұлай дейтінім, Алла өзінің пенделерін жаратқаннан соң оларды қауым етіп тұрғызды. «Сол қауымның ішінде біреу Алланы ұмытса оған ауру беремін. Сонда олар есіне алады» деген. «Екеу болса да ауру беремін, ал бүкіл қауым ұмытса, оларға апат беремін. Сонда бәрі бірден есіне алады» деген. Мына әлемдегі болып жатқан құбылыс осыған дәл келіп отыр. Сондықтан бәріміз пендеміз. Тәубеге келейік. Алланы ұмытпайық. Әрдайым құлшылықта болайық.
Ал, енді мына індеттің жеңу үшін көп болып жиналмаңдар, арақашықтықты сақтаңдар деген талап қойып отыр. Егерде осы тәртіпті ұстансақ, онда індетті жұқтырудың да қаупі едәуір азаяр еді. «Індетке байланысты жаназаға 50 адамнан артық жиналмасын» деген талап бар. Бұл да елді сақтандырудың бір жолы. Бұл жайында шариғатымызда «Бір кісі қайтыс болса, оның кіндігінен шыққандарға хабар беріңдер, қалғандары естіген уақытында өздері келіп көңіл айтады» деген.
Ауылда бір адам қайтыс болса, бір көшеден біреу келсе, сол көшенің мойнынан парыз түседі, ал көрші ауылдан бір адам келсе, сол ауылдың мойнынан жауапкершілік алынады. Яғни, бір адам бүкіл адамның келген есебінде болады. Ал, келген адамдар көріскенде еркісілер ер азаматтармен, әйел азаматтар әйелдермен көріскені жөн. Жерлеп келгеннен кейін де көріскен кезде тек бауырлары ғана көрісуі керек. Бауырлары деп жатқанымыз оның бір әке-шешеден шыққандарды айтамыз. Олар мәйітті жер қойнауына аман-есен тапсырып келгендерін білдіріп, көріседі. Ал, басқа келген жекжат-жұраттар көрісу рәсіміне қатысудың қажеті жоқ. Осы талаптарға қарағанда, сол өткен уақыттарда Пайғамбарымыз осындай індеттердің алдын алу үшін өсиеттеп кетсе керек. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз хадистерінде бір елде індет тараса, сол жерге бармауды өсиет етті.
Ислам діні тазалыққа негізделген. Мұнда тазалықтың үлкен маңызы бар. Тазалық дегенде – жеке бастың, оның ішінде ішкі тазалық пен сыртқы тазалық және айналаның тазалығы деп алайық. Алғаш түскен аяттардың бірі «Мүддәсір» сүресінде Алла тағала: «Киіміңді тазала. Әртүрлі лас істерден аулақ бол» деген аятын түсірді. Мінекей, пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) түскен алғашқы аяттарының бірі тазалыққа қатысты екен. Осыған орай Хазреті Мұхаммед (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінде болса: «Алла таза әрі тазалықты сүйеді» деген. Ендеше, біз Алланың жаратушылары тазалықты неге ұстанбасқа?! Мемлекет тарапынан түскен тапсырмаларды орындап, жақсы күнімізге сенейік. Жақынымызға жанашырлық танытып, індеттен сақтанайық, – дейді Қосбөлтек ауылдық мешітінің имамы Алғабек Сүгірбеков.
Ауыл имамының айтуынша, өткен жұмада жамағатпен бірге жұма намазы оқылыпты. Лайым, барлық жерлерде осындай жұма намазы жамағатпен бірге оқылатын күнге жетейік.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»