Basty bet
Қайталанбас қазақ батыры
Дүниені дүр сілкіндірген ХХ ғасыр дүрілдеген соғыстармен қатар, хас батырлар мен даңқты қолбасшыларды да дүниеге әкелді. Осындай белгілі адамдардың арасында есімімен ерекше тұратын, аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлы. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толса, сол Жеңіске жетуде жанқиярлық танытқан даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы 110 жасқа толып отыр.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсан күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ (Көлбастау) ауылында қарапайым, мал бағатын шаруа отбасында дүниеге келді. Балалық шағының он үш жылын өзінің кіндік қаны тамған ауылында өткізіп, одан кейін кеңестік дәуіріндегі интернатта тәрбие алды. 1929 жылы «Әулие Ата» тоғызжылдық мектебін бітірді. Мектепті тәмамдаған соң шалғай аудандардың біріндегі ауылға (Бетпақдала) мұғалім болып барды. Коллективтендіру кезеңінде кеңестік мекемелерде қызмет етті. 1932 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында мансапты қызмет атқарды. Кейін әскерге шақырту алды.
Б.Момышұлының әскери өмірі 1932 жылдан басталды. Өйткені ол осы жылы қараша айында әскер қатарына шақырылып, алғаш рет әскери форма киді. 1933 жылы қыркүйекте Орта Азия әскери округіндегі 3-Түркістан атқыштар дивизиясының 14-тау атқылаушылар полкінің бір жылдық курсын бітірді, осы полкте взвод командирі болып қызмет етті. 1934 жылы қаңтарда ол запастағы әскери ретінде босатылып, 1935 жылдан Өнеркәсіптік банктің Қазақстан Республикалық кеңсесінде аға кеңесші болып жұмыс істеді.
1936 жылы наурызда ол Қызыл Армия қатарына екінші рет шақырылды, Қиыр Шығыста Кеңес Одағының маршалы В.К.Блюхердің басшылығындағы Қиыр Шығыс армиясында қызмет етті. Ол 105-атқыштар дивизиясының 315-атқыштар полкіне жіберіліп, онда танкке қарсы күресетін батарея взводының командирі, артиллериялық батальон командирі қызметтерін атқарды. 1938 жылы шілде-тамызда артиллериялық батарея командирі ретінде Хасан көліндегі жапондық Квантун армиясымен шайқастарға қатысты.
1940 жылы ақпанда ол Киев арнайы әскери округіне ауыстырылды, онда сәуірден бастап 24-атқыштар дивизиясының 406-атқыштар полкі штаб бастығының көмекшісі болып қызмет етті. Бессарабияны КСРО-ға қосуға қатысты. 1941 жылдың қаңтарында ол тағы да Орта Азия әскери округіне ауыстырылып, Қазақ КСР-нің республикалық әскери комиссариатының аға нұсқаушысы болып тағайындалды.
Осы жылы 22 маусымда фашистік Германия азулы күшімен КСРО-ға қарсы соғыс ашты. Германияның мұздай қаруланған Қарулы күштерін КСРО-ға қарай бағыттаған басшы Адольф Гитлер: «7 қарашада, яғни айналдырған 4-5 ай ішінде Мәскеу қаласында жеңіс парадын өткіземін» деп, жеңісті тез арада аяқтайтынын жариялады. Бұл кеңес халқы үшін ауыр тиді.
Барлық одақтас республикалардың еңбекшілері Мәскеуді қорғауға көтерілді. 1941 жылдың осы сұмдық күндерінде Қазақстан: «Біз Қызыл Армияға көмектесу және Мәскеуді қорғау үшін, қару-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін және қасық қанымыз қалғанша күш-жігерімізді аямаймыз» деп, толық жасақталу жұмысына кірісті.
Мәскеу шайқасы – бұл өте күрделі соғыс операциясы еді. Сондықтан да сол кездегі КСРО жүрегі саналған Мәскеуді қорғау үшін Қазақстаннан да ұлттық әскери құрамалар сап түзеп құрыла бастады. Соның бірі соғыста ерлігімен ерекшеленген 316-атқыштар дивизиясы Алматы қаласында құрылды. Осы атқыштар дивизиясының 1073-полкінің 1-батальоны аға лейтенант Бауыржан Момышұлының қолбасшылығымен жаттықтырылып жасақталды.
1941 жылы 17 тамызда дивизия Солтүстік-Батыс майданына кірді. Қыркүйек пен қазан айының басында ол 52-армияның құрамында болды және Крестцы (Новгород облысы) ауылы аймағында инженерлік жұмыстар жүргізді. 1941 жылы 6 қазанда Жоғарғы Бас қолбасшылықтың бұйрығымен 316-атқыштар дивизиясы Солтүстік-Батыс майданынан Батыс майданына ауыстырылып, 16-армияның құрамына кірді.
Мәскеу үшін жан алысып, жан беріскен шайқасты Жоғарғы басшылық үлкен маңызы бар оқиға ретінде бағалады. Кейінірек, соғыстың маңызды кезеңінен өткеннен кейін, жекелеген батальондар мен роталардың батыл қимылдары шынайы тұрғыдан анықтала бастады. 1941 жылдың қаһарлы қысында, Герман армиясының белгілі қолбасшылары В.Гудериан тобы мен фельдмаршал фон Боктың броньды бөлімдерінің озық күштері Мәскеуді темір ұстаумен жаншып алмақ болғанда, жаудың әрбір танкісінің жойылуы жеңіске қосқан баға жетпес үлес болып саналды.
Осы уақытта басқыншыларға қарсы «Тайфун» деп аталатын операцияның сәтті өтуі, кеңес әскерінің тезірек жеңетініне толық сенім рухтандырды. Ол кезде немістердің озық бөлімшелері Вязьма мен Брянск қалаларындағы кеңестік қорғанысты бұзып өтіп, батыс жағынан Мәскеуге тосқауыл болып тұрған кеңестік әскерлердің едәуір бөлігін қоршап алды. Қорғаушы тарапта бұл бағытта қосымша резервтер болған жоқ. Демек, Қазақстанда құрылған және Волоколамск бағытында Мәскеуге жақындаған 316-атқыштар дивизиясы тап болған жағдайдың аса ауыр болғанын елестету қиын емес.
Шын мәнінде, сол сұрапыл соғыста Панфиловшылар өзімен салыстырғанда төрт есе күшті жауға қарсы тұруға мәжбүр болды. Бірақ мұндай жағдайда да қазақ дивизиясы алға шыққан жауымен бір ай бойы үздіксіз және қажырлы шайқастар жүргізіп, Гитлерлік армияның 2-танкішілер, 29-моторлы-техникалы, 11-ші және 110-жаяу әскер дивизияларын толығымен жеңе алды. Осы қанды қырғынның барысында Қызыл Армияның өжет офицері, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған атқыштар батальоны, әсіресе, қорғаныста жауға орасан зор зиян келтіріп, ерекше көзге түсті.
Панфиловшылар үшін ең маңызды сәтте, 1941 жылдың қарашасында аға лейтенант Бауыржан Момышұлын шайқас кезінде 19-гвардиялық атқыштар полкіне командир етіп тағайындады. Өйткені, генерал И.В. Панфилов өз заманының көрнекті стратегі ғана емес, сонымен қатар адам бойындағы дарынды қолбасшының сирек қасиеттерін тануға қабілетті психолог болды. Әрі қарайғы іс-шаралар оның өз таңдауында жаңылмағанын дәл көрсетті.
316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен офицерлері Мәскеуді қорғау жолында 33 күн бойы Волоколамск бағытындағы маңызды шепті табандылықпен ұстап тұрды. Олардың мұндай жанқиярлығы тарихта 28 панфиловшы-батырлардың ерлігі деген атпен жалпы жұртшылыққа мәлім. Осы әскери құрама Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін алғашқылардың бірі болып 1941 жылы 17 қарашада 8-гвардиялық дивизия деген құрметті атқа ие болды.
Волоколамск шайқасы туралы Б.Момышұлы өз шығармасында: «Қаланың шыға беріс іргесіне жақындай бергенімізде жаңбыр баяулап сылбыр себе бастады. Біз қала шетіне шықтық, ойпаңмен қырға көтеріле бергенімізде алыстан мұнарлана орман жиегі көрінді. Ол қалаға соғыс лебі жетіп «ертең үйіңді өртеп, күліңді көкке ұшырып, таудан тозаң, көлден тамшы шалдырмай бүлік салып, басына қиямет-қайым орнатамын» – деген жалмауыз қарт соғыстың ызғырлы үні іргесіне жақындаған сайын тітіркеніп, үрейлене қауіптеніп, көшесінде болашақта қан төгілерін сезіп, соғыс безгегімен қалшылдап тұрған мұңды қаланың бірі. Ол қаланың аты Волокаламск. Ол Москва өлкесінің бір қаласы» – деп тоқталуы, қан төгілген Волокаламсктегі соғысты толық суреттеп береді.
Мәскеу іргесіндегі жан алысып, жан беріскен соғыста жаудың желкесін үзіп, жермен жексен еткен қазақтардың теңдессіз ерлігіне күллі кеңес елі сүйсінді. Жаужүрек 28 панфиловшылардың адам нанғысыз қаһармандығын баяндайтын орыс жазушысы Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабы: «Мен Мәскеу түбінде болған сұрапыл соғыс туралы айтып бере алатын, қан-құйлы ұрыстың тактикасы мен мағынасын ашып көрсете алатын, бар істің тағдырын шешетін ұрыспен тиянақты таныстыра алатын адамды көп іздедім. Іздеген адамымды таптым да. Ол – Бауыржан Момышұлы еді» – деген толғаныспен басталатынын білеміз. Себебі, осы ұрыстарға ол бастаған жауынгерлер қатысып, жаудың бетін талай мәрте қайтарған болатын. Соғыстың қан құйлы қаншама айқасына қатысып, 27 рет жау шебін бұзып кірген батальоннан бастап, дивизияға дейін басқарып, қолбасшы болған Бауыржан Момышұлы өзінің біліктілігін, сан мәрте далелдеп берген – ержүрек әрі дарынды қолбасшы еді.
Дивизияның басқа бөлімдерімен бірге Б.Момышұлының полкі Мәскеуді қорғау үшін құламайтын қамал, бұзылмайтын бөгеттей болып жаудың жолында тұрды. Бұл ерлік қолбасшылық тарапынан жоғары бағаланды. 1941 жылы желтоқсанда полк командирі Б.Момышұлына капитан атағы берілді, сонымен қатар Ленин және Қызыл Ту ордендеріне ұсынылды. Алайда Ленин ордені оған сол сәтте де, соғыс біткеннен кейін де берілген жоқ.
1942 жылдың тамызынан бастап майор шенінде болған Бауыржан Момышұлы, 1942 жылдың қазан айында подполковник шенін, ал сегіз айдан кейін полковник шенін алды. 1942 жылы Момышұлы үйге жазған хатында: «Мен өмірді шынымен де жақсы көремін. Мен өз Отанымды жақсы көремін, еркін және тәуелсіз өмірді жақсы көремін және сол үшін шайқасқа барамын. Менің өмірім анама, менің Отаныма тиесілі. Ол еркін, тәуелсіз өмірге ие болады, мен бақыттымын қымбаттыларым» – деп, тәуелсіз Отан үшін күресте аянбау керек екенін ерекше ескерте кетеді.
Правда газеті 1942 жылдың 18 мамырдағы санында Б.Момышұлы басқарған полктің жанқиярлық ерліктері туралы: «Калинин майданының бір секторында немістің жау жаяу әскері бөлімшелердің біріне шабуыл жасады. Жауынгерлер Бауыржан Момышұлының басшылығымен жауды миномет және пулемет оқтарымен атқылап қарсы алды, содан кейін қарсы шабуылға өтіп, фашистерді артқа шегіндірді. 120-дан астам жау солдаттары ұрыс даласында жайратылды, екі танкті талқандап істен
шығарды» – деп жазды. Мұның өзі Б.Момышұлының кез келген жауға аңғал болып алдыра қоятын немесе кері шегініп қашып кететін командир емес, керісінше анталаған жауға азулы тісін батыра алатын, жауынгерлерін кез келген уақытта жауға қарсы жұмылдыра білетін әскери стратег екенін анық аңғартады.
Панфилов дивизиясы және Момышұлы басқарған полк жауынгерлері табыстарға тек өздерінің сандық басымдығының арқасында ғана емес, солдаттар мен командирлердің жауынгерлік шеберлігінің артуының арқасында қол жеткізді. И.В. Панфилов пен Б.Момышұлы ұрыс алаңдарында алуан түрлі әскери шайқас тактикасын қолданды. Әскери операцияларда ондай алуан түрлі тактиканы пайдалана білу тек мықты әскери қолбасшылардың ғана қолынан келді. Өйткені, неміс вермахтының Мәскеу түбіндегі жеңілісі неміс-фашист әскерлерінің рухы мен жауынгерлік жігерін бұзды. Гитлер жеңіліске және әскерінің жауынгерлік қабілетінің төмендеуіне көрнекті қызметтер атқарған өзінің генералдарын кінәләді. 1941-1942 жылдың қысында Құрлық әскерлерінің барлық жоғары қолбасшылығын ауыстырды. 35 генерал қызметінен босатылды. Босатылғандардың қатарында 2-ші және 4-танкішілер армиясы мен 9-дала армиясының белгілі қолбасшылары Гудериан, Гепнер және Штраустар болды. Бұл айтқанымызды 1941-1943 жылдардағы ұрыстарға арналған мұрағат қорларындағы құжаттар растайды.
1944 жылдың екінші жартысында үш Балтық бойы майданы мен 3-Беларуссия майданының әскерлеріне Балтық бойы республикаларының жерлерін жаулардан азат ету міндеті тұрды. Сөйтіп, кеңес әскерлері Германиядан Солтүстік Германия армиясының тобын кесіп тастады. Осылайша, Вильнюс алынды, Рига азат етілді. Дәл осы кезеңде Бауыржан Момышұлы 1-Балтық майданына бағынған 9-гвардиялық атқыштар дивизиясына келді. Бұл армия штабтарында алдағы шабуылдар мен шайқастардың жоспарлары мұқият талқыланған ең күрделі уақыт болды. Бауыржан Момышұлы 9-гвардиялық атқыштар дивизиясын өзінің қол астына алып, дивизия командирі ретінде өзін оперативті ойлау қабілеті бар, ұрыс тактикасын егжей-тегжейлі білетін, стратегиялық ойлауға бейім, ұрысты шебер ұйымдастыра білетін және қанды шайқас кезінде дивизияны батыл басқаратын білікті әскери басшы ретінде танытты.
Осы күндері Гитлер: «Біз не істесек те, Курляндияны бермеуіміз қажет. Кеңес әскері Балтық жағалауына бармауы керек. Әйтпесе біз Финляндия, Норвегия, Польша, Даниядан айырыламыз. Шығыс Пруссияға қатты соққы береміз. Сонда қауіп жойылады. Қандай қорғаныс жасасаңыз да, Курляндияны қолдан шығармаңыз» – деп, өз майталман маршалдарына нақты тапсырмасын берді.
Екі жақ теке-тіреске түсетін осы мезетте кеңес әскері Кенигсберг (кейінгі Калининград) операциясын бастауға кірісті. Кенигсбергті 4 жаяу әскер дивизиясы, бірнеше бөлек полктар және Фольксштурм батальоны (барлығы 130 мыңға жуық адам, 4 мыңға жуық мылтық пен миномет, 108 танк пен шабуылдаушы мылтық, 170 ұшақ) қорғады.
Момышұлы қолбасшылық ететін 9-гвардиялық атқыштар дивизиясына Прискюль станциясын (Латвия) жаулардан босату үшін жауынгерлік тапсырма берілді. Жауынгерлік тапсырманы орындау үшін 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі Б.Момышұлы әскерлерін сақадай-сай дайындап, ұрысқа кірісіп кетті.
Кенигсберг операциясы кезінде жаудың 42 мыңға жуық солдаты мен офицері жойылды, шамамен 92 мың адам, оның ішінде 1800 офицер және қамал коменданты О.Лаш бастаған 4 генерал тұтқынға алынды, 2023 мылтық, 1652 миномет, 128 ұшақ тәркіленді. Кенигсбергте жеңіске жету құрметіне КСРО Қарулы күштерінің Президиумы «Кенигсбергті алғаны үшін» медалін тағайындады, шамамен 200 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осы қанды әскери операцияда дарынды қолбасшылық танытқанмен батыр Баукең бұл тізімнен көрінбеді. Полковник Бауыржан Момышұлы басқарған 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының Кенигсбергті алу кезіндегі ұрыс қимылдары ерлік пен өжеттіліктің, жанқиярлық пен қаһармандықтың нағыз үлгісін көрсетті. Бауыржан Момышұлы өзінің барлық күші мен жігерін дивизияның әскери тәртібі мен жауынгерлік қимылын нығайтуға жұмсады.
1945 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысы аяқталды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Бауыржан Момышұлы 1946 жылдың 9 қаңтарында К.Е.Ворошилов атындағы Бас штабтың Әскери академиясына оқуға қабылданып, оны 1948 жылдың ақпанында аяқтады. 1950-1956 жылдары В.М.Молотов атындағы «Тыл және Қызыл әскерді қамтамасыз ету» әскери академиясында аға оқытушы болып қызмет етті.
Бауыржан Момышұлы әскери саладағы тактикада түрлі әскери тәсілдерді пайдалану арқылы жетістіктерге жетті. Оның әскери дарыны, қарымды қабілеті, қысылтаяң уақыттарда жағдайды сақадай сараптай білуі, озық ойлау шеберлігі соғыс жылдары жан-жақты көрініс тауып отырды. Батыр шегінушілердің баяу қозғалысы әскерді құрдымға тірейді деп санады. Ол әскерилердің шебер де шапшаң қозғалыста болғанын қалады, шегінушілер тобының ширақ қимылдауын жақтады. Б.Момышұлы тереңдетілген соғыс теориясын қолдады, сол бағыттың дами түскенін қалады. Әскери академияда қызмет етіп жүрген тұсында, дәл осы қасиеттері мен білімі оның жаппай қолдауға ие етіп, танымал болуына ықпал етті.
1956 жылдан бастап запастағы полковник Б.Момышұлы Қазақ КСР Жазушылар одағының мүшесі болды. Бауыржан Момышұлының әдеби және әскери-ғылыми қызметі оның әскери қызметінің жалғасы еді. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін қағазға түсірді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Бауыржан Момышұлы – «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас», генерал И.В. Панфилов туралы «Біздің генерал» өмірбаяндық повестер мен әңгімелер жинағының, «Кубалық кездесулер» атты очерктік шығармалар мен кітаптардың авторы. Ал 1976 жылы Момышұлы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Біздің отбасымыз» атты новеллалар мен әңгімелер кітабы елдің әскери және еңбек өмірінің тағы бір жарқын шежіресі болды.
Б.Момышұлы тек соғыс пен майданның майталманы ғана емес, соғыс стратегиясы мен психологиясын терең меңгерген ғалым. Ол өзінің «Соғыс психологиясы» кітабында: «Тек соғыс өнері туралы ғана емес, соғыс туралы әдебиеттің қандай болуы керектігі, адамның соғыстағы мінез-құлқы туралы өте орынды талқылайды. Атап айтқанда, шынайы соғыс туралы кітап жазу үшін, автордың пікірінше, жазушы әскердің жарғысын білуі керек. Ал жарғыны түсінген жазушы ғана офицер образын, солдат бейнесін түсіне алады, шайқас пен соғыс дегенді түсінеді. Соғыс тақырыбына арналған кітап сауаттылықпен, барлық өткірлікпен әскери мәселелер тұрғысынан, соғыстағы адамның негізгі фигурасы мен оның психологиясын қамтуы керек. Бұл оқырмандарға соғыс туралы ақиқатты ақылмен тануға мүмкіндік беретін әскери роман туралы нұсқаулық болуы керек», – деп, соғыс психологиясының өзіндік ерешелігін ескеріп, оны жазуда нендей әдіс-тәсілдер қажет екенін тың тұжырымдап берді.
Бауыржан Момышұлы – көзі тірісінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Туы», «Халықтар достығы», 1-дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерінің және «Әскери ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының және т.б. марапаттармен наградталған батыр тұлға.
Халық арасында аты аңызға айналған хас батыр 1982 жылы 10-маусымда Алматы қаласында дүниеден өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың табандылығының арқасында 1990 жылы Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жарлыққа қол қойылды. Халық әлдеқашан беріп қойған бұл атақты, Баукең бұл жолы нақты алды. Өзінің: «Ақиқат бәрібір жеңеді, бірақ кешігіп жүреді» – деген қанатты сөзі осы жолы нақты көрініс тапты.
Мәскеу қаласы үшін жан алысып, жан беріскен атақты 8-гвардиялық дивизияның қаһармандары, Кеңес Одағының Батырлары генерал-майор И.В. Панфилов пен полковник Бауыржан Момышұлына Елбасының тікелей араласуымен Мәскеу қаласында Ескерткіш бой көтерді. Мәскеуді қорғау үшін қанды ұрыстар мен өшпес ерліктер жасалған жерде, яғни Крюково бекетінде орналасқан №229 Мәскеу орта мектебіне 2010 жылы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
Тәуелсіздігіміздің бейбіт күні аясында батырымыз туралы «Бауыржан Момышұлы» фильмі түсіріліп, жарыққа шықты. Еліміздің ең ірі қалалары Нұрсұлтан және Алматы қалаларында Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіштер бой көтерді. Қазақ елінің әрбір аймағында Батыр атындағы көшелер қатары көбейді. Батырымыздың абзал атын ардақтаған әрбір ата-ана оның есімін ырымдап мың-мыңдаған нәрестелерге қойды. Баукең, сөйтіп, аңыз адамға, бүкіл бір халықтың ардақ тұтар азаматына, ерлігі мен жанқиярлығы жанымыздан кетпейтін батыр тұлғаға айналды.
Туған жер – туған ана. Туған жер – кез келген азаматтың тұғыры. Табан тірейтін қасиетті құбыласы. Сондықтан туған топырағынан тамыр тартып, одан нәр алмайтын адам болмайды. Бауыржан Момышұлы да өз кезегінде қасиетті Жуалы жерінде туып-өскендіктен, оның мінезі де Жуалының долдана соғатын бораны мен бет қаратпайтын дауылдарын көз алдыңа еріксіз әкеледі. Жан-жағын асқақ таулар қоршаған қасиетті өлкеде Батыр Баукеңнің өмірге келуі де заңдылық.
Бауыржан Момышұлы соғыс уақтысында темірдей тәртіпті ұстанған қатал адам болғанымен, жай өмірде жүрегінің жұмсақтығын көріп, көңіл елжіретерлік жан жылуына жылынған азаматтар қазір де арамызда көп. Баукеңнің бұл қасиеті бала тәрбиесіне, өскелең жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне ерекше әсер еткені анық.
Баукең – сан қырлы әрі күрделі тұлға. Анығы сол, батыр бабамыздың патриоттық тәрбиеге, өз шығармашылығы арқылы жас ұрпақтың талай буынын Отанды сүюге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Б.Момышұлының осы қыры ел ішінде аз насихатталып жүрген жоқ. Дегенмен, Батырдан қалған телегей тағылымды одан әрі жүйелеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру жұмыстары балабақша мен мектептерде қолға алынса деген тілектеміз. Баукеңнің соғыс тактикасы болсын, оның өмірден көрген-түйген байламдары, өсиет, нақыл сөздері бейбіт өмірде де аса құнды дүние екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы батырлық пен ерліктің символы болып қала беретіні анық.
Бақытжан Ертаев,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты,
Халық қаһарманы,
генерал-лейтенант.
Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-нің профессоры,
т.ғ.д.