Basty bet
Түйетауық асырау – тиімді кәсіп
Жеке кәсіпкер Айнакүл Ахмадбекова 2000 жылдан бері құс шаруашылығымен айналысып келеді. Бұл іс Айнакүл Жұмабекқызының бала кезден сүйікті ісі. Келін болып түскен отбасында енесі марқұм Мәрия апа да құс өсірумен айналысқан. Жас келін енесінің шаруасына қызыға қарап жүріп, қаз, үйрек, түйетауық, тауықтарға қалай күтім жасауға болатынын үйренеді.
-Алғаш сүйікті ісім ретінде айналысып жүрдім. Неге екенін білмеймін, балапандарды асырау бала кезден өзіме қатты ұнайтын. Кейін тауықтың етін, жұмыртқасын сатып пайда көрген соң, жұбайым Әбдіманап екеуміз құс шаруашылығымен айналысуды мықтап қолға алдық.
Себебі, біздің ауданда құс өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Облыс орталығы Тараз қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне де жиі барып тұрамыз. Ол жақта да тұрақты тұтынушыларымыз бар,- дейді кәсіпкер.
Айнакүл Жұмабекқызы бүгінде қаз, үйрек, түйетауық, етті тауық асырап отыр.
2018 жылы «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша оқып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы 4 млн теңге несие алып, оған инкубатор сатып алған. Міне, биыл үшінші жыл аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Инкубаторға тек ауданымыздан ғана емес, көрші аудандардан, облыстардан да тұрғындар келіп балапан аштыртып алып жатады.
Кәсіпкердің бұл саладағы тәжірибесін есепке ала отырып аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы эксперт ретінде арнайы комиссия құрамына енгізді.
Биыл облыстық кәсіпкерлер палатасы диеталық тағам ретінде түйетауықтың етіне сұраныс көп екенін зерделей келе қайтарымсыз гранттарға қатысушыларға етті түйетауық асырау жобасын ұсынған еді. Мұндағы тағы бір мақсат – халықты тиімді кәсіппен айналысуына бағыт беру және түйетауық асыраушыларды көбейте отырып, түйетауық етінің бағасын халыққа қолжетімді ету.
Ауданымызда өткен жылы 505 мың теңгелік қайтарымыз грант аясында 65 кәсіпкердің түйетауық асырауға байланысты жобасы мақұлданған. Олардың қатарында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастар бар.
Тиісті қаржы кәсіпкерлердің есепшоттарына аударылды. Бүгінде олардың біразы құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен келісімшартқа тұруда.
Оның ішінде 30-ға жуығы Айнакүл Жұмабекқызымен келісімшартқа тұрып жатыр.
-Келісімшарт бойынша біз балапанды инкубаторда ашып шығарып, 1-1,5 айлық етіп өсіріп береміз. Вакцинасын салып, 15 сәуірге дейін жоба иелеріне беруіміз қажет. Бір балапанның бағасы 5000 теңгеден деп жоспарлап отырмыз. Яғни, әр жоба иесі 101 құстан алады.
Әрі қарай WhatsApp желісінде чат ашып, бір бірімізбен сол чат арқылы сөйлесіп, ақыл-кеңесімізді айтып, тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз.
Алла қаласа, түйетауықтың етін өткізуге Тараз қаласындағы «Магнум», «Корзина» маркеттерімен келісімшарт жасасатын боламыз.
Түйетауық үш айда 10 кг, бес айда 15-20 кг ет береді. Яғни, тез айналымға түседі.
Қазір біз киллограмын 2200 теңгеден сатамыз. Ал, дүкендерге өткізу бағасы шамамен 1800-2000 теңге аралығында болады.
Түйетауықтың балапан кезіндегі алғашқы азығы «Пурина» деген жем. Әрі қарай «Старт», «Рость», «Финш» деген жемдер беріледі. Бағасы 250 теңгеден. Бұл жем де өзімізде бар. Сонымен бірге жылы суға қосып дәрумендер береміз.
Құрамы байытылған жем берілсе, құс тез семіреді.
Түйетауықтың балапаны жаңадан ашып шыққанда тұратын бөлмесінің температурасы 35 градус болуы керек. Астына 10-15 см аппилка төселеді. Балапан нәзік болғандықтан табанынан сыз өткізбеу керек.
Әрине әр жұмыстың өз қиындығы бар. Еңбектеніп, тер төкпей табыс жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындары үкіметтің берген мүмкіндігін пайдаланып, кәсіптерін жолға қойып алулары керек. Ол үшін ынтамен жұмыс істеп, ешқашан ерінбеу қажет.
Жобаға қатысушыларды 90 күн өткен соң жұмыстарын тексеру басталады. Сол себептен үкімет қаржысы мақсатты, дер кезінде жұмсалуы тиіс.
Көктемде құс шаруашылығына байланысты кәсіпкерлерді оқыту семинары болады. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отырған сабақтың мақсаты – кәсіпкерлерге құс шаруашылығымен айналысатын жандарға кәсіпті дұрыс жүргізудің, құс күтімінің бүге-шігесіне дейін түсіндіру. Сабаққа жалпы 80 сағат уақыт берілген. Оның 20 сағаты теорияға берлсе, 60 сағаты іс-тәжірибемен өтеді. Оқу тегін. Кәсіпкерлер палатасының эксперті болғандықтан, бұл сабақты мен өтетін боламын.
Жобаға қатысып, грант ұтып алған кәсіпкерлерді алатын түйетауықтары етті түйетауықтар: ақ кең кеуделі, бронза-708, БИК-6 тұқымдары.
Жалпы кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, бағыт-бағдар беріп нақты көмек көрсетіп отырған Үкіметімізге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Кәсіпкерлік саласы дамыса, әрбір отбасының да, еліміздің де жағдайы артады. Сондықтан тәуекелге барып, кәсіп ашайық, ашқанымыз кәсібімізді кеңейте берейік. Барша кәсіпкерлердің ісіне сәттілік, береке тілеймін!- дейді Айнакүл Жұмабекқызы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»