Basty bet
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей…»
Асылында, адамзат баласын еңбек өсіреді. «Ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз» дейтініміз де сондықтан. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұстастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. Ел ішінде еңбекпен есейіп, құрметке бөленген отбасылар жетіп-артылады.
Б.Момышұлы ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Сәбит Қыдырбайұлы мен Жәмила Боранбаеваның сауда саласында жұмыс жасап, нәпақа тауып жүргендеріне де 20 жылдан астам уақыт болған. Алғашқыда күріш сатудан басталған шағын кәсіп бүгінде үлкен бизнеске айналып отыр. «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін болсақ, бұл ең біріншіден адал еңбектің пен отбасының ұйымшылдығы мен ауызбіршіліктің арқасы.
-Біздің отбасымыз Өзбекстан Республикасының Хорезм облысының Үргеніш ауданында туып-өскен. Балалық шағымыз, жастығымыздың біраз жылдары сонда өтті. Әкеміз Қыдырбай Елшібаев совхозда электрик-монтер болып істесе, анамыз Назымхан Әлібекова үй шаруасында болып, балаларды тәрбиелеп, өсірді. Бір отбасында бес ағайындымыз. Біз 1993 жылы өзіміздің атажұртымызға қоныс аудардық. Қазақстанға көшіп келуді біз бұрыннан армандап, аңсадық. Сол асыл арманымызға жеттік. Осында көшіп келген соң әкем біраз жылдай Қосбөлтек ауылында шаруашылықта дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Өкінішке орай, 60 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ал анамыз алғашқыда алқаптан картоп теруге шықты. Басқа да жұмыстар істеді. Қазір бейнетінің зейнетін көріп, немере-шөберелерін тәрбиелеп отыр.
Содан осында көшіп келерде Өзбекстаннан өзімізбен бірге бір тоннадай «Ақмаржан» сұрыпты күрішін ала келген болатынбыз. Ақылдаса келе өзімізден артылғанын базарға шығарып сатып, пұлдайық деп шештік. Содан тірлігіміз бір жүйеге түсіп, сауда-саттыққа біржолата ден қоя бастадық. Алғашқыда біраз уақыт «Сарыағаш» базарында азық-түлік, тәттілер саттық. Кейіннен көкөніс, жеміс-жидек саудасына ауысып кеттік,- дейді отағасы Сәбит Елшібаев.
Кәсіпкерлікке біржолата бет бұрған ерлі-зайыпты Сәбит пен Жәмила алғашқыда «Газель» жүк көлігімен Ташкент қаласынан Жуалыға көкөніс тасымалдады. Сөйтіп, аудан базарында көкөніс саудасын қыздырып, осындағы саудагерлерге де көкөніс пен жеміс-жидек жеткізіп беріп отырады. Содан, уақытпен санаспай еңбек етудің арқасында бұл отбасының кәсібі жүйеге түсіп, аяққа нық тұрып кетті.
-Иә, қазір ойланып отырсам, бәрі кеше ғана сияқты еді. Сауданы бастағанымызға да 20 жылдан асып барады екен. Алғашқыда Алматы қаласында да «Барахолка» базарында аяқ киім сатумен айналысқан болатынбыз. Онда көп уақыт болған жоқпыз. Жуалыға көшіп келген кезде бір байқағанымыз, мұнда көкөніс аз егіледі екен. Сол себепті, базарда да көкөністің саудасы бәсең. Содан аз ғана қаражатпен осы кәсіпті бастап кеттік. Бәрі жақсы болды десем, өтірік болар. Қиыншылықтарды да бастан өткіздік. Әсіресе, көкөніс, жеміс-жидек саудасы кәдімгі карта ойыны сияқты. Бірде ұтасың, енді бірде ұтыласың. Басында сауданы бастағанда тауарды сақтайтын қоймамыз болмағандықтан көкөністі үсітіп, бүліндіріп алған кездеріміз де болды. Ондай кезде әрине, ұтыласың. Басқа да қиыншылықтарға қарамастан жұмысымызды жүргізе бердік. Көмек қолын созған азаматтар да аз болған жоқ. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді, қазір кәсібіміздің жемісін көріп отырмыз.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, осы кәсібіміздің арқасында отбасын асырап, ұл-қыздарымызды жоғары оқу орнында оқытып, үйлі-баранды етіп жатырмыз. Отбасында Сәбит екеуміз бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірдік. Үйдің үлкені ұлымыз Ерлан Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алып, оны стоматолог-дәрігер мамандығы бойынша бітірді. Ұлым үйленіп, одан Сезім, Нұрислам, Дарын есімді қылықтары тәп-тәтті үш бірдей немере сүйіп отырмыз. Келінім Майраның да мамандығы – стоматолог. Өз мамандығы бойынша үш жылдай жұмыс істеді. Өткен жылы ұлым мен келініме аудан орталығынан «ЕМ STОМ» деп аталатын өз алдына жеке тіс емханасын ашып бердік. Емхана тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Одан кейінгі қызымыз Индира да жоғары оқу орнын бітірген. Тұрмысқа шығып, қазір мамандығы бойынша Тараз қаласында банкте жұмыс жасайды. Ал Айнұр Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде педагогикалық бағытта грантпен оқиды.
Қазір базарда көкөніс, жеміс-жидек сатумен қатар отбасылық кәсіпті де жолға қойдық. Ұлым Ерланның идеясымен осыдан үш жыл бұрын үйіміздің ауласынан дәмхана ашқан болатынбыз. Дәмхананы ұлымның өзі жабдықтады. Тапшан жасауға қажетті темір бұйымдардың бәрін өзі дәнекерледі. Бөлмелерді әрлеу, жөндеу жұмыстарын ерінбей өзі жасады. Дәмханада тамақтың бірнеше түрі дәмді етіп дайындалады. Мұнда құдалық, басқа да отбасылық қуаныштарды атап өтуге толықтай жағдай жасалған. Жазғы науқан кезінде дәмхана жұмысына көмекке қосымша адам аламыз,- дейді Жәмила Оралбайқызы.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Сәбит пен Жәмила тапқан табыстарын өз жамбастарына баспай, інілерінің үйленіп, үйлі-баранды болуларына да көп көмектесті. Олай болатыны, Сәбит Қыдырбайұлы бұл әулеттің үлкен ұлы. Ол отанасы Жәмила екеуі өзінен кейінгі інілерінің аяққа тұруларына көп еңбек сіңірді. Ақыл-кеңестерін де аяған емес.
Әулеттің анасы, бүгінде 70 жасқа аяқ басып отырған Назымхан Рахметқызы үлкен ұлы Сәбит пен келіні Жәмиланың құтты шаңырағында бақытты ғұмыр кешуде. Әлі күнге дейін еңбектен қол үзбей, үйінің жанындағы шағын дүкеннің жұмысын жүргізіп отыр. Назымхан Рахметқызы ұл-қыздарынан 17 немере, төрт шөбере сүйген бақытты әже.
–Ұлдарым мен келіндеріме, немерелеріме ризамын. Бәрі «апалап» қас-қабағыма қарап, жағдайымды жасап отырады. Өсіп-өнсін деп, барлығына аналық ақ батамды беремін. Жастар, әсіресе, жас отбасылар үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйласын. Адал еңбек етіп, ұрпақ өсірсін, елдің дамуына үлес қосса ғана өмірлік асыл мұратына жетеді,- дейді апа.
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, өмірдің өзі адал еңбекпен есейткен жеке кәсіпкерлер Сәбит пен Жәмила ауданда ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайтындарын айтады. Олар көбінесе, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, тұрмысы төмен жанұяларға көмек қолын созады екен. Бір сөзбен айтқанда, бұл отбасының мерейі адал еңбектің арқасында өсіп отыр. Адал еңбектің барлық қиыншылықты жеңіп шығатынын кәсіпкерлер отбасы әрдайым дәлелдеп келеді…
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»