Basty bet
Кімдердің несие қарыздары өтеледі?
Қазақстан азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы Мемлекет басшысының 2019 жылдың 26 маусымындағы № 34 Жарлығы шыққалы бері банктер мен қаржы ұйымдарын жағалаған халықтың қарасын жиі көретін болдық. Екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдарынан тұтынушылық несие алып, қарызға белшесінен батқан тұрғындардың бұл әрекеттері түсінікті де. Жарлыққа сәйкес белгілі бір санаттағы азаматтардың екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржылық ұйымдардағы кепілсіз тұтыну несиелері өтеледі. Қазіргі кезде 300 мың теңгеге дейін банк алдындағы борышы өтеліп қуанғандармен бірге тізімнен өзін таба алмай жатқандар да жолығуда.
Жұрттың арасында «қай санаттағы азаматтардың, қай кезеңнен бергі қарыздары кешіріледі және қандай көлемде өтеледі?» деген сұрақтар туындауда. Осы ретте біз «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалы Жуалы аудандық бөлімшесінің бастығы Шолпан Исаева ханыммен телефон арқылы тілдескенімізде, ол былай деп жауап берді:
– Банк бөлімшесіне ұялы телефон нөмірінеСМС-хабарлама түскен азаматтар көптеп келуде. Біз олардың тізімде бар-жоғын анықтаумен ғана шектелеміз. Тіптен смс-хабарлама алмағандар да келіп, «мен неге тізімде жоқпын?» деген шағымын айтып кетіп жатыр. Бүгінгі күнге қанша азаматтың банк алдындағы қарыздары кешірілгенін, оларға қанша қаражаттың қайтарылғанын дәл айта алмаймын. Ол ақпарат Алматыдағы банктің бас кеңсесінде жинақталып, өңделуде. Нәтижесін кейін хабарлауымыз мүмкін.
Біз тағы да осы сауалдармен бірыңғай 111 нөміріне қоңырау шалып едік, одан мынадай жауап алдық:
– Кепілсіз тұтыну несиелері біржолғы тәртіппен өтелетін мұқтаж санаттағы азаматтар қатарына мыналар жатады: есейіп кетпеген төрт баласы бар көпбалалы отбасылар; асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар; 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар; атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар; жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.
Тағы бір айта кетерлігі, мына сілтеме: http://nws6.enbek.kz/ru/status-check арқылы өтіп, бағдарламаға ілігесіз де, сол бағдарламадан тексеріп көріңіз. Ол үшін жеке куәлігіңіздегі ЖСН (ИИН) терсеңіз жеткілікті. Қосымша сұрақтармен халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) баруға болатынын ескертеміз.
«Жаңа өмір»-ақпарат