Basty bet

Бағдарламаның шапағаты

Университетті аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасу бақыты өкінішке орай, барлық диплом алған мамандарға бұйыра бермейді. Бұл жағдайды ескеріп, мемлекет тарапынан іске асырылып отырған кешегі түлек, бүгінгі маман үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының маңызы зор.

«Жастар тәжірибесі» білім беру ұйымдарының түлектері үшін түлектердің алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында және жиырма тоғыз жастан аспаған жұмыссыздар үшін ұйымдастырылады. Біздің ауданымызда да «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген жас мамандар баршылық.
«Былтыр 2020 жылы ауданда 325 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыс істеп тәжірибе жинақтаса, биыл 110 жас маманға сұраныс түсіп отыр» дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Нұрқанат Ұлтарақов.
Қолына диплом алып, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап жүрген жастардың қатарында Ақмарал Орынбай да бар. Ол Қосбөлтек ауылының түлегі. Көктөбе орта мектебін бітірген. Жастайынан денсаулық сақтау саласының қызметкері болуды армандаған ол Нұр-Сұлтан қаласындағы «Даналық» медициналық колледжінің емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген.
– Жолдама арқылы аудандық ауруханаға өз мамандығым бойынша «Жастар тәжірибесімен» жұмыс істеудемін. Ең басты мақсатым – өзімнің туып-өскен ауылымда еңбек жолымды бастап, тәжірибе жинақтап, тұрғындарға қызмет көрсету.
Алғашқыда ауруханаға келгенімде мені хирургия кабинетіне жіберді. Қазір дәрігер-хирургтар Шолпан Чмаева мен Арман Мамедовтен мамандығымның қыр-сырын үйренудемін. Қосымша емдеу бөлімінде да жүремін. Ол жерде Жақсыгүл, Нұрсұлу есімді мамандар білмеген дүниелерімді үйретуде. Ақ халатты абзал жандардың жұмысы қиын да қызық. Алдағы уақытта осы арнаулы орта білімімен қалмай, жоғары оқу орнына түсіп әрі қарай білімімді шыңдасам, – дейді Ақмарал.
* * *
Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі Бақытжан Бекболат Тараз қаласындағы «Парасат» колледжін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Ол аталған бағдарлама бойынша Ақсай ауылдық округіне «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналасқан.
– Мен ақпан айының бірінен бастап Ақсай ауылдық округінің әкімшілігіне «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналастым. Осы жерде мамандардың жұмысына қарап, олар ауылдық округтің тұрғындарымен қалай жұмыс жасайтынын, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, сабырмен сөйлесетінін көріп, тәжірибе жинақтаудамын. Болашақта осының бәрі өзіме керек. Қысқасы, өз-өзімді дамытып, нағыз маман болу жолында қалыптасудамыз, – дейді Бақытжан Мұхитұлы.
Бақытжан бізбен әңгімелесу барысында осындай бағдарламаның барына қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол биыл жоғары оқу орнына түсуді ойлап жүргенін де айтты. Болашақта елдің қамын ойлайтын басшы болсам деп армандайды.
* * *
«Тәжірибелі мамандардан үйренім көп» дейтін жастың бірі – Меруерт Данаш. Меруерт 2000 жылы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Әйтеке би атындағы орта мектепті 9 сыныпқа дейін оқып, әрі қарай Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжінің техник-радиотехник мамандығы бойынша бітіріп шығады.
– 2020 жылы Жуалы ауданының Ердәулет есімді жігітіне тұрмысқа шықтым. Содан аудандағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналастым. Бұл жерде мен «Кітап қорын жіктеу және толықтыру» бөлімінде тәжірибеден өтудемін. Бөлімнің меңгерушісі Жанерке Сейдалиевадан тәлім алудамын. Бұл жерде көптеген кітаптар қоры жинақталған. Соларды жіктеп, жинақтап, толықтырып отырамыз. Осындай жерде тәжірибеден өтіп жатқаныма қуаныштымын. Бұл орта маған қатты ұнайды, – дейді Меруерт.
* * *
Ал, Мұхамеджан Таңатаров 2020 жылдың қазан айынан бастап аталған бағдарлама аясында Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппаратында тәжірибеден өтуде. Ол 1998 жылы Қайрат ауылында туған. Мыңбұлақ орта мектебін бітіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ технология және бизнес университетін «Ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша тамамдайды.
– Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, өз мамандығым бойынша жұмысқа тұруым үшін тәжірибе жинақтау керек болды. Сол кезде бір танысым маған құжаттарыңды жинап, жұмыспен қамту орталығына барып «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналасуға болатынын айтты. Мен құжаттарымды өткізіп, өткен жылы жолдама арқылы Б.Момышұлы ауылдық әкімшілігіне жұмысқа орналастым. Мен ауыл әкімшілігіндегі Нұржігіт Базарбеков, Әйгерім Ниязова есімді бас мамандарға көмекшімін. Олар маған, құжаттармен қалай жұмыс істеуді үйретуде, – дейді жас маман.
Мемлекет тарапынан жастарға ерекше көңіл бөлініп, олардың алаңсыз білім алуы мен еңбек етуіне жағдай жасалуда. Бір ғана мысал, мемлекет тарапынан қабылданған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының шапағаты қаншама жастарға тиюде. Ендеше, аға буын өкілдерінен тәжірибе жинақтап жүрген жас мамандарға қанаттары талмай, биік белестерді бағындыратынына сенім білдіреміз.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close