Basty bet

Жауапкершілік жүгі баршамызға ортақ

Бүгінгі күні әлемді шарпыған аты жаман індетпен күресте ақ халатты жандылар табандылық танытты. Адамдардың өмірі үшін күресіп, жігерлілік танытқаны да белгілі. Ал, осы індет жұқтырушылармен бетпе-бет келетін мамандар да баршылық. Оның бірі эпидемиолог дәрігер. Осы ретте, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігердің қатарынан аудандық орталық аурухананың эпидемиолог- дәрігері Еркежан Амирова да табылды. Газетіміздің кезекті санына «Саулық-сақтықта» деп аталатын айдарына мақала әзірлеу мақсатында Еркежан Мәжитқызымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

– Еркежан Мәжитқызы, сұхбатымызды бастамас бұрын эпидемиолог-дәрігерінің міндетіне тоқталып өтсеңіз?
– Эпиедемиолог дәрігер АОА-сы бойынша аурухана ішілік жұқпалы ауруларды таралуын болдырмау (АІЖА), АІЖА анықталған жағдайда аурудың берілу жолдарын анықтау, шектік-оқшаулау іс-шаралары, қауіпті факторлардың әсерін бағалау, медицина қызметкерлерінің денсаулығы, дезинфекция, стерильдеу және т.б міндеттерді атқарады.
– Өзіңізге белгілі, биыл наурыз айынан бастап елімізде пандемияға байланысты ел өмірінде дүрбелең басталды. Осы ретте, сіздің өміріңізде, жұмыс бабыңызда қандай өзгерістер болды?
– Менің ғана емес, індет бүкіл адамзаттың күнделікті өмір салтын өзгертті десем де болады. Ол алғаш Қытай елінен басталып, әлем елдерінде таралып жатқанда біздің ел де, оның ішінде ауруханамыз да шұғыл алдын алу және таралауын болдырмау мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізді. Медицина мамандарын жедел түрде «КВИ-ге күдікті немесе расталған науқас анықталған жағдайда жұмыс жасау алгоритмдері», «инфекциялық аурулармен жұмыс кезіндегі биоқауіпсіздік шаралары», «КВИ диагностикасы мен емі туралы» және т.б. күнделікті медицина қызметкерлеріне облыстық және аудандық мамандардың тарапынан түрлі оқу-жаттығу сабақтары мен семинарлары өткізілді. Ауруханаға жеке қорғаныс құралдарының, дезинфекциялық заттардың, медициналық жабдықтардың таусылмас қорлары алынып және демеушілер тарапынан сыйға берілді. Аурухананың жұмыс істеу тәртібі де өзгерді. «Қызыл» және «жасыл» аймаққа бөлініп, медициналық қызметкерлердің жұқтыру қаупін төмендету мақсатында науқастарды респираторлық симптомдары бар және респираторлық симптомдары жоқ науқастарды сұрыптау арқылы қабылдау жүргізілуде.
– Әлемді шарпыған коронавирус індеті қалай пайда болды? Оның табиғатын өзге аурулардан қалай ажыратуға болады?
– КВИ расталған науқас ең алғаш Қытайдан анықталды. Оның пайда болу себептеріне әлем елдері зерттеу жүргізуде. Әр зертеуші әр қалай пікір айтады. Ал, біздің елімізде өздеріңізге белгілі, наурыз айында алғаш науқас анықталған болатын. Тұмау, жедел респираторлық ауру, коронавирус… Олардың клиникалық белгілері ұқсас болғанымен, сырқаттану мен сауығу процестері әртүрлі өтеді. Бұл аурулардың белгілері бір-біріне ұқсас болғандықтан, ажырату қиынға соғады. Емі әлі табылмаған вирус осынысымен әлемді әбігерге салуда. Расында да, коронавирус инфекциясының белгілері жедел респираторлық инфекциялардікіне ұқсас.
– Ковид індеті адамдарға қалай жұғады? Індетті анықтайтын белгілері қандай?
– Бұл вирус ауа тамшылары арқылы жолмен жұғады. Адамдар көп жиналатын жерлерде, желденбейтін ғимараттарда, қоғамдық орындарда және тағы басқа орындарда ауа жүреді. Қоғамдық орындардардағы есік тұтқаларында сақталуы мүмкін. Қол арқылы адамның тыныс алу жолдарына түсуі мүмкін. Сондықтан қолмен көз, мұрынды ұстауға болмайды. Ең біріншіден, бұл індетті дене қызуының жоғарылауынан, сонымен қатар әлсіздіктен, жөтел, түшкіру, бұлшықеттерінің ауырсынуынан, тағы басқадай белгілерден білуге болады. Вирус өкпені зақымдайды. Бұл індеттің өзге ерекшелігі де сол өзгеріске ұшырауында болып отыр.
– Қай жастағы адамдарға қауіптілігі жоғары?
– Бір жағынан қарағанда, бұл туралы жақсы білеміз, шетелдік басылымдар да, өз ішімізде де ең тәуекелде тұрған адамдар 65 жастан асқан, қосымша аурулары, яғни жүрегінде ауруы бар, қант диабетіне шалдыққан, қан қысымы тұрақсыз кісілер екенін білеміз. Сонымен қатар, бүйрегі ауыратын және семіздікке шалдыққан кісілер де тәуекел аймағында. Қуанарлығы, мұндай науқастар барлық науқастардың санымен салыстырғанда, аз.
Алдыңғы толқынды анализ жасай отырып, аудан бойынша да жасы 60-тан асқан тұрғындардың ауырғанын байқадық. Көп науқастар вирусты пневмониямен ауырып, ауруханаға түсіп жатты.
– Ковид пен вирусты бактериалды пневмонияның айырмашылығы қандай?
– Қазір пневмония диагнозы қойылған науқастардың көпшілігінде ПТР-тест нәтижесі теріс болса да, аурудың түп негізі коронавирус болуы мүмкін. ПТР нәтижесі оң болған кездегі картина мен рентгенограмма мен компьютерлік томография көрсеткен пневмония картинасы ұқсас, тіпті еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан өкпенің мұндай зақымдануын «коронавирусты пневмония» деуге болады.
Коронавирус инфекциясы – төменгі тыныс алу жолдарының вирустық зақымдануы. Бактериалды пневмония кезінде науқастың өкпесінде, төменгі тыныс алу жолдарында бактериялар жиналып, ірің пайда болады. Өкпе ауруының қоздырғышы коронавирус болса, онда жасушалық қабыну элементтерінің түсімі дәнекер тінге шабуыл жасайды.
Коронавирусты инфекцияның екінші айырмашылығы – гиперкоагуляцияның дамуымен тамырлардың жаппай зақымдануы. Сондықтан өкпенің коронавирустық зақымдануы екі жақты сипатқа ие, бұл өзгерістер өкпенің түрлі сегменттеріне әсер етеді және өкпенің зақымдану пайызы бактериялық пневмонияға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан қазір әлемде дәрігерлер коронавирусты пневмонияға басқа атау бермек.
– Пандемия кезінде қандай жағдайларды бастан өткердіңіздер? Қандай қызмет көрсеттіңіз? Егерде бір отбасының мүшесінен індет анықталса, қандай шара қолданасыздар?
– Пандемия кезінде жаңа, әлі толық зерттелмеген вирус болғандықтан, біраз қиыншылықтармен бетпе-бет келдік. Алғашқы толқында халық арасында сенбеушілік басым болды. Вирус расталған науқастардың көпшілігінде симптомсыз түрі болғандықтан, шектеу-оқшаулау шараларына, жақын қарым-қатынаста болған азаматтардан ПТР сынамасын алғызбау, бақылауға алған дәрігерге денсаулық жағдайларын айтпау сияқты киындықтармен соқтығыстық.
Егер КВИ бір отбасы мүшесінен анықталса, аудандық санэпидқадағалау басқармасынан шұғыл хабарлама түседі. Сол хабарламада анықталған азаматтың үйіне аудандық емхананың мобильдік тобы барып, барлық отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайларын бақылайды. Егер отбасында респираторлық симптомдары бар науқас анықталған жағдайда, «103»-ке шақырту жасайды. Жедел медициналық жәрдем «чек-лист» сұраулар жүргізу арқылы науқас жағдайның ауырлығына байланысты облыс деңгейіндегі ауруханаға науқасты тасымалдайды. Аудандық санэпидқадағалау басқармасы басшысының қаулысында берілген жақын байланыстағы азаматтардың тізімі беріледі, сол тізім бойынша емхананың зертханашылары шұғыл хабарлама берілген күннен бастап үшінші және 12-ші тәулікте ПТР сынамасына биоматериал алады. Отбасы мүшелерін мобильдік топтар көрген соң, аймақтық дәрігерлеріне бақылауға актив береді. Аймақтық дәрігер 14 тәулікке дейін телефонмен қоңырау шалу арқылы бақылау жүргізеді.
– Адамдар арасында індетке деген көзқарас қаншалықты қалыптасты? Немқұрайдылық пен жауапкершілікті сезіне алды ма?
– Алғашқы індетті жұқтырған сәтте адамдар арасында қауесеттер жүріп жатты. Түрлі пікірлер айтылды. Көбісі індеттің барлығына сенбеді. Сезбеді де. Сол індетті жұқтырған адамдар анықтала бастағанда оқшаулау, анықтау жұмыстарын жүргізгенде адамдардан қаншама сөз естідік. Дөрекілік танытып, сенбеушілік білдіріп, немқұрайды қарағандары болды. Тіпті қарапайым сақтық шараларын сақтануды, медициналық бетпердені қолдануды білмеді. Оның бәрі көз алдымызда. Ел ішінде дүрбелең де болды. Одан кейін шілде, тамыз айларында адамдар жаппай ауыра бастады. Адам өлімі де тіркелді. Таныстары ауырып, дәріханаларда ұзын-сонар кезек. Дәрі тапшылығы, медициналық масканың жоқтығын көрді. Міне, осы шақта ғана адамдарда вирустың барлығына көздері жетті. Әрине, қазіргі таңда ол кезеңдердегідей емес, тұрғындарда өзін-өзін сақтану, денсаулығын күту, тәртіпке бағыну секілді көзқарас оң қалыптасып келе жатыр. Дегенмен де әлі де той-томалақ өткізіп, жауапкершілікті сезінбейтіндер баршылық.
– Бұл індет нені ұғындырды?
– Шынында, бұл індет бізге ғана емес, бүкіл әлемге оңай болған жоқ. Әсіресе, ақ халатты дәрігерлер қауымына өте ауыр болды. Осындай күрделі кезеңде жанкештілік танытып, анттарына деген адалдықтарын көрсетті. Өзі ауырып жүрсе де, қызмет орнын тастамай, науқастың өмірі үшін күресті. Қаншама дәрігерлер шыбын жанын шүберекке түйіп, өз өмірлерін халыққа арнады. Олар дертке бар жанға шипа іздеп, аянбай еңбек етті. Өз басым пандемия кезінде індетпен күресте жауапкершілігін танытқан барша жерлестеріме ризашылығымды білдіремін. Біз қиын кезден өттік. Бұрын-соңды кездеспеген індетпен күресу кезінде мол тәжірибе жинадық. Алайда қазіргі таңда қауіп сейілгенімен, біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Пандемия бізге осыны анық ұғындырды.
– Дәрігер ретінде індеттен сақтану жолдары мен кеңесіңізді берсеңіз.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана бабамыз. Әр адам өз жақыны мен денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ауырмаудың жолын іздеуі керек. Бұл вирус бейқамдық пен немқұрайдылықты көтермейді. Біздің қазақ далада өскендіктен, менталитінде «ештеңе етпейді» деген түсінік бар. Сол үшін бейқам қалып, дәрігерлер емдеп алады демей, дәрігермен бірге болу үшін оларға көмекші болыңыздар.
Қандай ауру болсын тамақтану бірінші орында тұру керек. Ақуыз жеткілікті, сұйықтықтығы мол тамақтарды ішу керек. Короновиурс індетін жеңуде біздің ұлттық тағамдардың рөлі зор. Сондықтан мейілінше, құнарлы, пайдалы, дәруменге бай тағамдарды тұтыныңыздар. Жеміс-жидек жеуді ұмытпаңыздар. Тамағы дұрыс адамға вирус жолай алмайды. Ауруды тек тамақпен емдей алмайсың, бірақ негізгі күресте оның маңызы өте зор.
Сонымен қатар, індет басталғалы бері күнделікті теледидардан, интернет ресурстарынан, газет беттерінен сақтық шаралары туралы үнемі айтылып, жазылып жатыр. Соны негізге ала отырып, өміріңізге өзіңіз және жақыныңыз үшін қарапайым сақтық шараларын енгізіңіздер. Балаға да осы тәртіпті үйрету керек. Олар да өз денсаулықтары үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Тазалықты үйренуі тиіс.
Дене шынықтырумен айналысуды да ұмытпаңыздар. Спорт – денсаулық кепілі. Жалпы кез келген жерде тазалықты ұстанған жөн. Бұл індеттің өзі де саулық негізі тазалықта екенін ұғындырды. Осы сақтық шараларына әр азамат жауапкершілікпен қарап, ұстанатын болса, аурудың таралу тізбегін үзіп, жеңетінімізге сенім білдіремін.
– Әңгімеңізге рақмет! Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Індеттен барша жұртымыз аман болсын деп тілейміз!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close