Basty bet

Асыл дініміз адамзатты жақсылыққа үндейді

Жуалы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Адырна-Таразы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жуалы ауданында білікті теологтар мен дінтанушыларды тарта отырып, ақпараттық түсіндіру, консультациялық, ағартушылық және оңалту жұмыстарын жүргізу» тақырыбындағы әлеуметтік жоба аясында «Дін және қоғам» атты семинар өкізілді.

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен семинарға имамдар және ауыл тұрғындары шақырылды. Жиынды Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» теологы Рамазан Әбделиев ашып, сөзді республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Қабылбек Жұмабекке берді.
-Құрметті жиынға қатысушылар. Құдайға шүкір деп айтуымыз керек. Тәуелсіз ел болдық. Төл тәуелсіздігімізге келесі жылы 30 жыл толмақшы. Міне, осы уақыт аралығында асыл дініміз де өркен жайып келеді. Жалпы дүниеде Ислам дінінің рөлі ерекше. Әлемдегі барша жақсылықтың жиынтығы – Ислам дінінде. Алла тарапынан келген Ислам дінін біздің ата-бабаларымыз да сақтап, кейінгі ұрпағына аманаттап келеді.
«Хақтың жолы тар болмас» демекші, Ислам тарихына қарап отырсаңыз біздің халқымыз 12 ғасырдан бері осынау хақ дінді ұстанып келеді. Қазақ қоғамында Исламның 40 парызын орындауға барлық жағдай жасалуда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде 60-қа жуық мешіт болса, қазір оның саны 2 500-ге жетіп отыр. Одан бөлек, 500-дей мешіт құрылыс үстінде. Осы ретте Исламның қағидалары орындалуы керек. Әрбір отбасында имандылық дәрістері жүргізіліп отыруы қажет деп санаймын.
Дін – тұтас адамзатты тәрбиелейді. Дінсіз қоғам болмайтыны сияқты, әрбір адамның діни ұстанымдары берік болуы керек. Дін мен қоғамды ұштастыру дегеніміз – жас ұрпақты бабалар салған түзу жолмен жүргізуге үндеу. Алланың хақ дінімен жүргенде ғана еліміз бәсекеге барынша қабілетті, іргесі берік мемлекет бола алады.
Құран – барша ғылымдардың атасы. Діни білім алуға мемлекет жағдай жасап отырғанда балаларыңызды медреселерге беріп, діни сауатын ашуға атсалысыңыздар. Діни білім алған балаларыңыз ертең қоғамды иман тұрғысынан дамытуға қызмет ететіні анық. Иманды ұрпақ өссе, елдің болашағы да жарқын болмақ,- деді Қабылбек Әліпбайұлы.
Танымал дінтанушы Қ.Жұмабек Жанқұтты шешен және Құнанбай қажы, сонымен қатар, ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлының асыл дініміздің қанат жаюына сіңірген жанкешті еңбектерін атап өтіп, нақты мысалдармен әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, қазақ жеріндегі мешіт-медреселердің салынуы, онда білім алған азаматтардың халықтың зиялы перзенттеріне айналғанын кеңінен айтты.
Қабылбек Әліпбайұлы өз сөзінде бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне де ерекше тоқталды.
– Қазақ ұғымында «Көргенді ұл, көргенді қыз» деген түсінік бар. Бала ата-анадан тәлім-тәрбие алмай, жақсы азамат болып қалыптаспайды. Балаға тәрбие бермес бұрын ата-ананың өзі тәрбие беруге лайықты болуы шарт. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенді де дана халқымыз тектен-текке айтпаған. Бала тәрбиесінде: «ананы істе, былай жүр» дегенше, балаға тәрбие көрсететін ата-ананың өзі түзу жүруі керек. Осыны мықтап ескерген жөн.
Тағы бір айтатыным, мұсылман адам әрдайым жақсылығын жан-жағымен бөліседі. Дін – өте нәзік нәрсе. Ислам шарттарын үйренгісі келген әрбір адам, мейлі ол жас болсын, орта жастағы адам болсын, олар ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында тіркелген мешіттердің имамдарынан, басқарманың дінтанушыларынан сабақ алуларына болады. Түптеп келгенде, Ислам діні адамзатты жақсылыққа, ізгілікке, бейбітшілікке шақырады. Асыл дініміздің өркендеуіне барлығымыз атсалысуымыз қажет,- деп атап өтті дінтанушы.
Жиында қатысушылардан түскен сұрақтарға да республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Қабылбек Жұмабек жан-жақты жауап берді. Ал аудан тұрғындары атынан «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек сөз алып, мәнді де мағыналы әңгімесі үшін Қ.Жұмабекке алғыс білдірді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close