Basty bet
ЖҰЛДЫЗДЫ ЖОЛ
“Бір әріп үйреткенге қырық жыл қызмет ет” делінеді Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде. Ал, тұңғыш қазақ мектебін ашқан Ыбырай Алтынсарин бабамыз “Мұғалім болу қызмет емес, Құдай берген міндет” десе, Абай атамыз “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” дейді.
Ал, бес арысымыздың бірі, ұлт жанашыры, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім” деп мұғалімнің бала тәрбиесі мен оны оқытудағы рөлінің аса жоғары әрі жауапты екенін шегелеп айтады. Жалпы ұстаздар қауымының ұрпақтарымыздың білімді болып өсулеріне, олардың өмірге көзқарастарының, адамгершілік, Отанға деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлық қасиеттерінің қалыптасуында алар орындарының ерекшелігін ғұламаларымыз бұрын да, қазір де дәлелдеуде. Сайып келгенде мұның өзі қоғамымызда мұғалімге деген сенім мен құрметтің аса жоғары екенін көрсетсе керек. Ал, енді осылардың барлығын тәптіштеп айтып жатқан себебіміз – бүгінгі әңгімеміз елімізге танымал тұлға, ұлағатты ұстаз – Қазақстанның Еңбек Ері, “Алтын жұлдыз” және “Отан” ордендерінің иегері, “Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі”, Ы.Алтынсарин медалінің және “Дарын” медалінің иегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының және Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл облысының және осы облыстың Жуалы ауданының, сондай-ақ, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Төреқызы Миразова тұрғысында болмақ.
Алдымен әңгімеміздің әлқиссасын елімізде ұстаздар арасында тұңғыш Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған Аягүл Төреқызының шыққан тегінен оқырмандарымызды аз-кем болса да хабардар етуден бастағанды жөн көрдік. Арыға бармай-ақ қояйық, кейіпкеріміздің бесінші атасы – он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Балта Дауылбайұлы исі қазаққа ортақ танымал ақын ретінде тарихта қалған айтулы адам болған. Балта ақын туралы Аягүл Төреқызының жары, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Инженерлік академиясының академигі Жұмабай Байнатов төмендегіше әңгімелейді:
– Балта Дауылбайұлы атамыз Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Сарыарқа өңірлеріне атағы жайылған ақын болған. Ол Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Билікөлдің батыс жағалауындағы Қаратау бөктерінде дүниеге келген. Оны бабамыздың мына бір шумақтарынан да аңғаруға болады.
Қаратау, Берікқара, Амансайым,
Шетінен құт-береке әрбір сайың.
Қалдырып Құттық баба ұрпағыңа,
О баста қамдаған ғой елдің жайын.
Қаратау сағынамын сай-салаңды,
Секіріп тау-тасыңда жүрген аңды.
Ризамын аруақты туған жерім,
Жаратқан ақын қылып бұл балаңды, – дейді.
Балта атамыздың ақындық есімі қазақ әдебиетінде белгілі ақындардың өлеңдерінде де айтылады. Мысалы, “Сауытбек пен Ақбөпе” айтысын жырлап, кейінгі ұрпаққа жеткізген оңтүстіктің дүлдүлі, түлкібастық Белгібай ақын Бектұрғанұлы:
Бектұрған әкем ақын ең басында,
Дарынды Нұрақ ақын нағашым да.
Әкемнің нағашысы Балта ақын,
Қазақтың аты әйгілі арасында, – деп Балта бабамыздың ақындығын аса жоғары дәріптеп, қадір тұтқан, – дейді.
Жұмабай ағамыздың айтуына қарағанда Балта бабамыздың әлі де жарық көрмеген, кезінде ел арасында ауызекі тарап, зерттелмей жатқан шығармалары баршылық сияқты. Бұл ретте “Тектіден текті туады” демекші Балта бабамыздың немересі Толымбектің де ел қамы үшін атқарған абыройлы істері, оның болыстық қызметте жүргендегі қайраткерлігі жайында да осы өңірдің көнекөз қарттары күні бүгінге дейін ұрпақтарына үлгі етіп айтып отырады. “Көкжал болыс” атанған Толымбек Тілеуқабылұлы сол бір отаршылық кездері өзінің әр мінезділігімен, ұлттық рухының мықтылығымен, ұлтжандылығымен оқалы киімдерімен-ақ қарапайым халықты айтқанымызға көндіріп, айдауымызға жүргіземіз деген отаршылар саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып, ел-жұртына қамқоршы бола білген. Ал, бүгінгі біздің кейіпкеріміз Аягүл Төреқызы нәмін алып жүрген Міраз атамыз сол Толымбек бабамыздың үш ұлының бірі екен. 1877 жылы балыққа бай, нулы, сулы Билікөл маңында Толымбек бидің отбасында дүниеге келген бала Міраз жастайынан-ақ атасы Балтаның өлеңдерін жатқа айтып, өзінің алғырлығымен, білімділігімен, ата-бабаларының қанына сіңген жақсы қасиеттерімен ағайын-туғанның, ауыл-аймақтың назарына ілігіп, болашағынан үлкен үміт күттірген азамат болып өседі. Міраздың көп оқығандығы оның әрбір сөзінен, іс-әрекетінен көрініп тұратын-ды. Бар болғаны – ауыл молдасынан ғана алған азын-аулық біліміне місе тұтпаған ол өмірге деген құлшынысы мен ынта-жігерінің арқасында өзінше көп ізденіп, көп оқып, табиғат тылсымдарына өзгелерден гөрі өзгешелеу көзқараспен қарап, өсе келе “Ауа райының есепшісі – Міраз” атанған екен. Оның бойындағы ауа райын болжағыш қасиетінің арқасында бұл өңір адамдары жыл мезгілдеріндегі өзгерістерді қалт жібермей, өздерінің шаруашылықтарын соған сай реттеп отырған. Сонымен қатар, Міраз ата “Атаңнан мал қалғанша – тал қалсын” деген халықтық өсиетті де биік ұстанған сияқты. Олай дейтініміз – ол кісі Билікөл жағасында, Берікқара өңірінде тал егіп, бақша салып, ел-жұртты отырықшылдыққа, ата кәсіпке ден қоюға үйреткен екен. Сол кездің тірі куәсіндей бүгіндері осы Берікқарада “Міраз емені” деген алып ағаштар әлі де бар. Ал, осы Міраз атамыздан өрбіген бір қыз бен екі ұлдың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Аягүл Миразованың әкесі – Төре екен. Арғы аталары – кезінде оңтүстік өңірлерде дуалы ауызды ақын атанған Балта бабасынан, бергісі – болыстық қызметінде қайраткерлігімен ел-жұрттың есінде қалған Толымбек би атасынан, сондай-ақ өзінің білімділігімен, жұртшылыққа қамқорлығымен сый-абыройға бөленген Міраз әкесінен тамыр тартқан Төре де атына заты сай азамат болып өсті. Өзінің кіндік қаны тамған сол Берікқарада жеті жылдық мектепті бітірген соң елден ұзамай, әке-шеше қолында қалып, шаруашылықта еңбек етті. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Төре небәрі он жеті жаста еді. Ол майданға келесі жылы, яғни он сегіз жасқа толғанда аттанды. Сол бір сұрапыл соғыста миллиондаған адам шейіт болды. “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі” демекші, дүние жүзін қамтыған сол алапаттан Төре Міразұлы елге аман оралды. Жарықтық өзінің генерал И.В.Панфилов атындағы Қызыл Ту орденді 8-гвардиялық атқыштар дивизиясында қатардағы жауынгер болғанын, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының әскери құрамында жауға қарсы соғысқанын, соғыста бірнеше рет жараланғанын, тіпті 1944 жылы елге оның қайтыс болғаны туалы “қара қағаздың” да келгенін, бірақ 1945 жылдың желтоқсанында ауылға екінші топтағы мүгедек болып оралғанын Жеңіс күні мерекелерінде жастармен кездесулерінде айтып отыратын-ды. “Сондай қырғыннан қалған өмір – олжа өмір, енді оны мәнді сүру керек” деп тырбанып еңбек ете жүріп, 1947 жылы жиырма үш жасында 1943-1944 жылдары Сталиннің жарлығымен Кавказ аймағынан күштеп жер аударылып келген ұлты қарашай Қыдыр есімді азаматтың қызы – өте сымбатты Зухраға үйленді. Өзінің саналы ғұмырын туып-өскен ауылында негізінен тау қорықшысы, орман күзетшісі болып жұмыс істеген Төре Мірәзұлы жары Зухра екеуі екі қыз, бес ұл тәрбиелеп өсірді. Текті әулеттен түлеген үлгілі отбасынан тараған, тәлім-тәрбиелері жоғары бұл перзенттерінің барлығы да өздерінің таңдаған мамандықтары бойынша бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамның әр саласында жемісті еңбек етуде. Бір өкініштісі – Төре Мірәзұлы 2006 жылы, Зухра Қыдырқызы 1997 жылдары қайтыс болған. Ал, бір қуаныштысы олар балаларының абыройлы қызметтерде жүргендерін көріп, немерелерінің қолдарынан су ішіп дегендей ұрпақтарының бақытты сәттерін көріп кетті. Жоғарыда тоқталып кеткеніміздей Төре Міразұлы мен Зухра Қыдырқызынан тараған жеті перзенттің тұңғышы бүгін біз әңгіме арқауы етіп отырған елімізге танымал тұлға, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген Жұлдызды ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразова.
1948 жылы Берікқара ауылында дүниеге келген Аягүлдің балалық шағы соғыстан кейін еліміздегі қиыншылық сәттермен тұспа-тұс келді. Атасы Міраз бен әжесінің қамқорлығында еркін өскен Аягүл еркелеу болғанымен өте зерек, ерекше алғыр болды. Қиын кез ғой, Берікқарада тіпті мектеп те болған жоқ. Оқуға құштар Аягүл ауыл балаларымен бірге сол Берікқарадан үш шақырым жердегі Билікөл жағасындағы “Путь Ленина” деп аталатын сегізжылдық мектепке есекпен барып-келіп, жетінші сыныпқа көшкенше оқыды. Аядай ғана Аягүлдерінің ер балалармен бірге оқуға есекпен қатынап, қиналып жүргенін сезген ата-анасы оны сол жылы Қарабастаудағы орыс-қазақ орта мектебіне (қазіргі Қ.Қошмамбетов атындағы) ауыстырды. Бір жыл ол осы мектептің интернатында жатып оқыды, ал келер жылы әке-шешесі Қарабастауға түпкілікті қоныс аударып, Аягүл осында орта мектепті 1966 жылы жақсы бітіріп шықты. Осыған дейін мұғалімдік мамандықты таңдап, біржола ұстаз болуды армандап жүрген Аягүл неге екені белгісіз аттестат алған күні дәрігер болуға аяқ астынан шешім қабылдап, көп ұзамай Алматыдағы медициналық институтқа құжаттарын тапсырды. Барлық емтихандардан өтсе де балы жетпей конкурстан өтпей қалды. Сонда ғана ол өзінің асығыс шешімінің бұрыстығын сезінді. Осынау өкінішті сезім келер жылы, яғни 1967 жылы ол Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз қаласы) жаңадан ашылған педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түскенде ғана сейілді.
Институт жатақханасының бір бөлмесінде өзі, Нәзифа Мейірбекова, Жібек Әбдірахманова, Айша Асылбекова төртеуі бірге тұрды. Әрқайсысы әр өңірден келсе де мақсаттары бір-еу еді, ол – мұғалімдік мамандық алып, жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу. Сол бір студенттік шақты менің сыныптасым, яғни Аягүл Төреқызымен төрт жыл бір үзім нанды бөліп жеп, сырласы, сыйласы болып кеткен Нәзифа Мейірбекова әлі күнге дейін сағынышпен әңгімелейді. Бірді айтып, бірге кетеміз ғой, осы Нәзифа екеуміз (яғни, мен осы мақаланың авторы) 1967 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты ХХІІ партсъезд колхозы (қазіргі Қошқарата ауылдық округі) орталығындағы Абай атындағы орта мектептің тұңғыш түлектері едік. Осы тұңғыш түлектерден сол жылы, яғни 1967 жылы Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетіне біздің сыныптың Нәзифа Мейірбекова, Күлжамила Нұрбекова, Алтынай Нұрбекова және Ұлмекен Әлімбекова сияқты қыздары түскен еді. Міне, осы қыздарымыздың барлығы да Аягүл Төреқызымен институтты бірге бітіріп, барлығы да зейнеткерлікке шыққанша “Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға” деген Абай атамыздың өсиетіне адал болды. Олар жүздеген, мыңдаған балаларға ұстаздық етіп, тәлім-тәрбие беріп, бағыт-бағдар сілтеп, бұл күндері өмір бойғы төккен терлерінің зейнетін көруде. Міне, осы сыныптастарымның ішінде Аягүл Төреқызымен әлі де жақын араласып тұратыны менің Нәзифа сыныптасым. Нәзифа көп жылдар Жамбыл облысы өңірінде мектептерде де, жоғары оқу орнында да ұстаздық етіп, беріректе отбасымен Алматыға қоныс аударғанда Аягүл Төреқызы басшылық жасаған Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті.
– Жатақхананың аядай ғана бір бөлмесінде бірге тұратын біздер ә дегеннен-ақ бір үйдің баласындай болып кеттік. Сабаққа дайындалсақ та, қыдырсақ та бірге жүрдік, бірге сырластық. Сол кездің өзінде-ақ Аягүлдің алғырлығы, білімге құштарлығы, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы, қарапайымдылығы, адамгершілігі, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, жалпы болмыс-бітімі ерекшелеу еді. Шаршағанды білмейтін, тынымсыз еді, оқи беретін, оқымаған кітабы жоқ еді. Сол қасиетімен бізді де өзіне баурап алды. Енді бір сәтте сабақтан, басқадан қолы қалт еткенде өлең, күнделік жазатын. Ақындығы біршама тәуір болатын. Бірақ, ол өзінің алдына саналы ғұмырын балаларды тәрбиелеуге арнайтынын мақсат етіп қойғандықтан, басқа шаруаларға аса мән бере қойған жоқ және сол мақсатына жетті. Біздер Аягүлді мақтан етеміз. Оның өмір жолының кімге болса да үлгі-өнеге екендігінде сөз жоқ, – дейді Назифа сыныптасым сол бір студенттік шақтарын сағынышпен еске алып.
Ал, Аягүл Төреқызының сыныптасы, жақын туысы әрі жастайынан бірге өскен досы, осы досына арнап 1965 жылдан бері қарай жүзден астам өлең жазған Жеңіскүл Сейітқұлова бір тілшімен тілдескен сұхбатында:
– Не жазсам да, не айтсам да Аягүлдей асыл құрбымның бойындағы даралығын, даналығын, адамдыққа толы ізгі қасиеттерін сағынып, тебіреніспен еске алып, тек өлеңім арқылы сырласып отырдым. Кейде өзім де түсінбей қаламын, қалайша бір жанға осыншама өлең арнауға болады деп. Менің көзімнің жеткені – Аягүл Төреқызы мен үшін бітпес жыр, сарқылмас асыл қазына. Мектебіміздегі бір сыныптың ғана емес, кезінде бір мектептің жаршысы бола білген Аягүл бүгінде өмірде көп көргендігінің, тұшымды ой түйе білгендігінің арқасында тұғырлы тұлғаға айналып отыр. Жастайынан-ақ құрбыларына, жалпы жан-жағындағыларға қамқоршы болған, қазіргі таңда данагөй ақылманымыз, қиналғанда да, қуанғанда да қасымыздан табылар құрмет тұтар ардақтымыз – Аягүл Төреқызының Еңбек Ері атағын алуы, ең бастысы, ұлағатты ұстаз дәрежесіне жетуі – біздің асыл армандарға толы ғұмырымыздың жаңа бір беттерін парақтатты, – деп тебіренеді. “Бірге тумақ болса да бірге тұрмақ жоқ” дегендей Жеңіскүл әкпеміз Аягүл Төреқызымен бірге оқып, бірге өссе де ұстаздық мамандық алғаннан кейін олардың өмір жолдары әрқалай болды. Аягүл Төреқызы педагогикалық институтты бітірген соң өзінің ауылындағы өзі бітірген мектепке оралса, Жеңіскүл әкпеміз жолдамамен біздің ауылға, яғни Жамбыл облысы, Жуалы ауданының сол кездегі ХХІІ партсъезд колхозының (Қазіргі Қошқарата ауылдық округі) Қызтоған бөлімшесіндегі Талдыбұлақ сегізжылдық мектебіне (қазіргі С.Мұқанов атындағы орта мектеп) орналасты. Бір қызығы – бір-екі жылға ғана келдім ғой деп жүрген әкпеміз (“әкпе” дейтінім – менің нағашы апаларымның жақындары бол-ғандықтан. – Автор) біздің ағайын көкеміз Кенжебек Қалдыбайұлына тұрмысқа шығып, біздің ауылда біржолата қалып қойды. Сөйтіп, зейнетке шыққанша екеуі де мектепте мұғалім болып, қаншама жүздеген шәкірт тәрбиеледі және өздерінен өрбіген оншақты перзенттерін өсіріп, жетілдірді. Жеңіскүл әкпеміз бүгінде “Батыр ана”, ардагер ұстаз, бірнеше өлең кітаптың авторы, көкеміз екеуі ауылда бала-шаға, немерелерінің ортасында бақытты өмір кешуде.
Ал, Аягүл Төреқызы болса, жоғарыда айтқанымыздай, институтты 1971 жылы бітірген соң өзі оқыған Қ.Қошмамбетов атындағы мектепке ұстаз болып орналасты. Мектепті де, институтты да өте жақсы бітірген, білімді, еңбекқор Аягүлді бірнеше жылдан бері мектепте директор болып келе жатқан Сайлаухан Слямханов ағайы құшақ жая қарсы алды. Тіпті бір жылдан соң оны оқу ісі жөніндегі меңгеруші етіп жоғарылатты. Бұл кездері Аягүлдің Жамбылдағы гидромелиорациялық-құрылыс институтының түлегі Жұмабай Байнатовқа тұрмысқа шыққан кезі. Бірақ сол кездері жары Жұмабай Киев қаласына аспирантураға түспегенде бәлкім, бұл жас мамандардың Жамбыл (Тараз қаласы) қаласында жұмыс істей берулері әбден мүмкін еді. Әне-міне дегенше мектепте өткен бес жылда Аягүл мол тәжірибе жинақтады. Бұл оның сәулелі соқпағының баспалдағы болды. Киевтегі оқуын ойдағыдай бітірген Жұмабай да елге оралып, жас жұбайлар ортақ бір шешімге келіп, 1977 жылы балаларымен Алматыға түпкілікті қоныс аударды. Білімді, еңбекқор жастарға жұмысқа орналасу да қиын болған жоқ. Сөйтіп, Аягүл Төреқызының Алматыдағы еңбек жолы №86 орта мектепте математика пәнінің мұғалімінен басталды. Қалай болғанда да ауыл мектебі мен қала мектебі арасындағы базалық айырмашылықтар, тіпті оқушылардың мінез-құлықтарындағы өзгешіліктер жас Аягүлге әсер етпей қойған жоқ. Бірақ, өз ісіне деген құлшыныс, балалардың білімді болып шығуларына деген мақсат кездескен қиындықтарды еңсеруге көп көмегін тигізді. Аталмыш мектепте өткізген он екі жылдық ұстаздық тәжірибе оның маңдай тер, табан ақысының өтеуіндей болып, абырой-беделін арттырды. Математика деген өзі ауыр пән ғой, оқушылардың барлығы бірдей оны ұната бермейді. Бірақ, мұғалімнің міндеті – ауыр, жеңіл деп қарамай сол пәнді әдісін тауып оқушыларға оқыта білу, алған білімдерін бойларына сіңдіре білу. Міне, осы жағынан келгенде Аягүл Төреқызының білімділігі мен өз ісіне деген жауапкершілігі, оқушылармен ортақ тіл таба білу қасиеті мен қарапайымдылығы, биязы мінезі оның алға қойған мақсатына жетуіне жетелеп отырды. 1989-1991 жылдары №136 мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруы да оның ұйымдастырушылық қабілетін бағалаған басшылар тарапынан үлкен сенім болатын. Ал, Аягүл Төреқызының 1991 жылы жаңадан ашылған №159 мектепке директор болып тағайындалуы – оның ұстаздық жолындағы бір үлкен белес болды. Бұл оқу ордасын ширек ғасыр үздіксіз басқарған Аягүл Төреқызы осы жылдар ішінде аталмыш білім ошағын нағыз мектеп ретінде қалыптастырумен бірге, оны еліміздің орта мектептері жүйесінің тәжірибе алаңына айналдырды. Көрген-білгені көп, тоқығаны мол білікті басшы әр мұғалімді еңбек өтілінің көптігіне қарап емес, біліктілігіне, іскерлігіне, жаңашылдығы мен ұстаздық жолдағы жетістіктеріне, адами-моральдық қасиеттеріне қарап таңдады. Болашағынан үміт күттірер жас мұғалімдерді де тәжірибесі аз деп меселін қайтармай, ойынан шықса – өзі тәрбиелеп, шыңдап дегендей қатарға қосып отырды. Сөйтіп, бір-екі жыл көлемінде нағыз парасатты педагогикалық ұжымды қалыптастырған Аягүл Төреқызы жұмыста әрбір ұстазға үлкен талап үдесінен қарап, игілікті іске қол жеткізу мақсатында өзінің барлық күш-жігерін жұмсады. Міне, осындай ерен еңбектің арқасында Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясында 1992 жылы “Пилоттық мектеп” ақпараттық бағдарламасымен оқыту жүйесі енгізілді. Тәжірибе көрсеткендей бұл бағдарламаның балаларға білім берудегі тиімділігі еліміздің басқа орта мектептеріне үлгі-өнеге болды. Демек, оқыту жүйесінің бұл тәсілі өз жемісін берді. Бұған дәлел ретінде №159 мектептің 1996 жылы Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған қалалық педагогикалық ұжымдар байқауында және 1997 жылғы республикалық “Әдістемелік бейне” байқауында бірінші орынды иеленуі, 2001 жылы республикалық “Таңдаулы мектеп” байқауында бас жүлдені жеңіп алуын құрметпен айтуға болады. Сондай-ақ, 2008 жылы Алматы қаласының бәсекеге қабілетті 50 таңдаулы мектебі арасындағы конкурста және 2016 жылы Алматы қаласының “Үздік педагогикалық ұжым” байқауында, сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссиясының “Әйел басқаратын үздік мекеме” жарысында бас бәйгелерді жеңіп алуы – сөз жоқ Аягүл Төреқызының мектеп ісіндегі озық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық-іскерлік қабілетінің жоғары екендігін көрсетсе керек. Бұлардан бөлек, Аягүл Төреқызының 7,8,9 сыныптарға арналған геометриялық оқулықтары мен есептер жинақтарының және көптеген дидактикалық материалдардың, 300-ге жуық публицистикалық-педагогикалық мақалалардың авторы, өнертапқыштық патент иесі, көптеген қоғамдық ұйымдардың мүшесі әрі ұйымдастырушысы екенін ескерсек – онда саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, еліміз Тәуелсіздігі жолында өзінің барлық күш-жігерін жұмсаған Аягүл Төреқызы иеленген марапаттардың, ең бастысы – халық алғысы мен 2008 жылы Қазақстан Еңбек Ері атағының берілуі дер едік.
Кіндігінен Төренің жеті бала,
Бүгін бәрі-дағы кәміл сара.
Қазақстан Еңбек Ері атын алып,
Үлкені – Аягүлі шыққан дара.
Төсінде Аягүлдің “Отан” орден,
Алдынан мың-мың шәкірт оқып өрген.
“Алтын жұлдыз” және де алаулайды,
Көрсетіп Аягүлді биік өрден, – деп жуалылық ақын ағамыз Сәбит Дүйсебаев жырлағандай, Еңбек Еріне, еңбек өріне көтерілген Аягүл Төреқызының өмір жолы кімге болса да үлгі-өнеге. Жалпы, Міразұлы Төре мен Зухра анамыздан тараған бес ұл мен екі қыз баланың барлығы да өмірде өз орындарын тапқан абырой иелері. Мен осы текті әулеттен шыққан Төре ақсақал ұрпақтары ішінен адамгершілігі мен парасат – пайымы жоғары, Ауған соғысының ардагері, өзінің саналы ғұмырын құқық қорғау органдары қызметіне арнап келе жатқан елімізге белгілі заңгер, 2-дәрежелі “Даңқ” және “Барыс” ордендерінің, 1-дәрежелі “Прокуратура озаты” төсбелгісінің, сондай-ақ басқа да көптеген медальдар мен марапаттаулардың иегері, көп жылдар Алматы облысы мен Алматы қаласында прокурорлық қызметтерді атқарған генерал-майор Ғабит Төреұлымен көп жылдардан бері араласып келемін. Бұл күндері Ғабит бауырымыз Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасында жауапты қызметте істейді. Тәлім-тәрбиелері мықты, өмірге көзқарастары нық Төре Мірәзұлы перзенттері бүгінде тамырын тереңнен тартқан текті әулеттің туы астында, Тәуелсіз еліміздің айтулы азаматтарының бел ортасында өздерінің жұлдызды жолдарымен келеді. Олар адаспайды. Өйткені, Аягүл Төреқызының кеудесіндегі жарқыраған жұлдыз олардың да, басқалардың да өмірлік соқпақтарына сәулелі нұрын шашып тұрады…
Қасым ӘЗІМХАНҰЛЫ,
“Құрмет” орденінің иегері,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы.
Алматы қаласы