Basty bet

Ар мен намыстың қолбасшысы – Бауыржан Момышұлы

Биыл халықтың қаһарман перзенті, елдің еңсесі, советтік әскердің ғана емес, адамзаттық ардың, қазақ рухының қолбасшысы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы. Батыр Бауыржан 1910 жылы, 24-желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Мыңбұлақта дүниеге келген. Бауыржан Момышұлының тұлға болып қалыптасудағы қайнар бұлағы: ұлттық уыз-нәр, салт-дәстүр, отбасылық тәрбие, көне сөз бен аңыз әңгімелер, батырлық ерлік әліппесі – батырлар жырлары.

Бүгінде Бауыржан батырдың рухы Тәуелсіз қазақ елінің әр азаматына ауадай қажет дәрумен, ғаламдық жаһанданудың жұтқыншағына жұтылмас, берілмес алмас қылыш, басыңды жоғары көтеріп: «мен Тәуелсіз қазақ елінің намысты ұланымын! Танымасаң танып ал, мен қазақтың баласымын!» дейтін, дәл сондай күш, рух сыйлайтын жеке батыр.
Дәл бүгін ортамызда Бауыржан бабамыз болса: «Жетер! Тыңда, Абай дананы «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең – істің бәрі бос». Ойлан, қазақ баласы. Ынтымағың кетсе, бірлігің кетсе, «тозған қазды топтанған қарға жем қылады» деген жоқ па еді бабаларымыз. Тәуелсіздіктен артық байлық та, бақ та жоқ. Одан айырылсаң, қайта оған ешқашан қол жеткізе алмайсың. Арандатып отырған, ор қазып отырған жауластырып, жағаластыруды мақсат етіп отырған елірменің сөзіне арандап қалмаңдар. Қазақ баласы, бір-бірлеріңді өкпеге қисаңдар да, өлімге қимаңдар! Ақыл-ойларыңды біріктіріңдер, бірің – бас, бірің – қол болыңдар, етек-бастарыңды жинап, далақтамай, дарақтамай мықты болыңдар! Халықтан өткен данышпан жоқ. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген болатын.
Біз ой айтпай-ақ, сөз айтпай-ақ Бауыржан Момышұлының өз сөздерін оқып, көңілге бекітіп, Тәуелсіздігімізді сақтауға, елге тұтқа болу үшін батыр рухын алуға үйренейікші дегім келеді.
Бауыржан Момышұлының өсиет сөздері
(Бауыржан Момышұлы «Өсиет сөздер» Алматы: «Өнер», 2012).
• Сен адамсың! Сен азаматсың! Қаныңда өз ұлтыңының намысы бар. Сен жалғыз емессің. Сенің табансыздығың үшін бүкіл бір семья, бір взвод, бір ұлт қарабет болуға тиіс пе? Ойлан, солдат, ойлан!
• Ұрыс жүргізуге кедергі жасайтын ұлттық дәстүрлер жоқ, қайта ұрыс жүргізуге көмектесетін ұлттық дәстүрлер бар.
• Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс.
• Шындық – бұл ерлікке тәрбиелеудегі ең құнарлы құрал.
• Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс.
• Мыңбұлақ! Өмірге тұңғыш келгенімде дүниеде теңдесі жоқ нәрлі суымен мені шомылдырған, мені жуындырған бұлақ. Мен алғаш суын ішкен, мені әлдилеп сүйген, маған сенген, туған жерім – Мыңбұлақ!.. Біз де сүйек пен еттен жарлған жанбыз. Біздің жанымызды тебіренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бірақ біздің жүрек – отты жүрек. Оның оты – болатты ерітіп, жаңқадай жандыратын от. Қауіп қатерді көтеріп, өлімді жеңетін бір жарақ, ана сүтін ақтап, туған елді, Отанымызды сүю сезімі біздің жүрегімізде. Бізде ер атасы – махаббат, өмір тасы – халық, ел намысы – ер қолында. Біз намысты елдің ұлымыз! Жеңілмес күшіміз сонда.
• Адам бойындағы басты нәрсені бағалау үшін тірліктегі ұсақ-түйек жайлардан көтерілу керек.
• Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық.
• Менің әскерім соғысқа өлу үшін емес, өмір сүру үшін қатысады.
• Еңбек, тек қана еңбек! Жүрегің тоқтағанша еңбек!
• Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап – философия! Еще какая философия! Айтар нәрсеңді кезінде айтып қалу керек!
• Көре алмаған көз – сорлы, тігілмеген қос – сорлы, тілі мүкіс дос – сорлы.
• Адам ерлік жасауды жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Адам ер атанайын деп ерлік жасамайды. Асыл парызын орындап, атқа ілінеді. Рақымжан Қошқарбаевтың жұлдызы болмаса да, ол қазір жұлдызды батырлардан әлдеқайда әйгілі.
• Ар – жақсылық пен зұлымдықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілік ұғымы.
• Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
• Өзін сыйламаған – басқаны сыйлауға да қабілетсіз.
• Кемістік әркімде бар. Кемістігім жоқ деп ойлайтын адамдар – адам емес. Надандықтың үлкен дәрежесі сол ойда жатыр.
• Ешкім де генерал болып тумайды, генералдар солдаттардан өсіп шығады.
• Халықтың ізгі дәстүрі – біздің асыл мұрамыз.

Бауыржан Момышұлының
рухымен сырласу

Өмір жолым осы күнге келді алып,
О, Жаратқан, ғұмырыма бер жарық.
Бауыржандай ұл сыйлаған Алашқа,
Біздің халық – батыр халық, ер халық!

Туған жерің – жер жәннаты Жуалы,
Аман болса, сендей ұлдар туады.
Рухы асқақ ер қазақты есіне ап,
Ақ жаңбырлар тауларымды жуады.

Ортасында дуылдаған достардың,
Осы асыл арманымды қостар кім?
Мен қиналған кездерімде қанша рет,
Бауыржандай биігімді еске алдым.

Сені іздейді сайын далаң тұнжырап,
Сені іздейді жұлдызды аспан тұнжырап.
Оралмаған батыр ұлын сағынып,
Жабырқайды туған жерің Мыңбұлақ.

Мен тағдырдан жалғыз бақыт сұраппын,
Өзіңде алғаш қуаныппын, жылаппын.
Осы жерде мен де туып, Жан аға,
Мың бірінші алысқа аққан бұлақпын.

Сонау сәби, сол алаңсыз шақтардың,
Арасында жел тербеген бақтардың,
Бұл ғұмырда мақтансам мен егерде,
Дәл өзіңнің өрлігіңмен мақтандым.

Сендей адам өмірге екі келмейді,
Лебізіңе елің талай шөлдейді.
Алаш аман тұрса ағайын, өмірде,
Бауыржандай батыр қазақ өлмейді.

Гүлтас Сайынқызы,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, Жуалының перзенті

Таңдаулы материалдар

Close