Basty bet

Сабыр мен бірлік бәрін де жеңбек

Әлемді толық шарпыған пандемия халықаралық экономикалық дағдарысқа алып келіп отыр. Шикізат көздері, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы жағдайды тіптен ушықтыра түскені белгілі.
Сонау 90-жылдардағы тоқырауды еске салған ахуалға байланысты Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандастарға Үндеу арнап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды. Ол Үндеуде коронавирустан қорғану үшін елімізде төтенше жағдайдың жариялануын маңызды әрі қажетті қадам деп есептей отырып, биліктің оның алдын алу және азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау үшін қабылдаған кешенді шараларын құптайды.
Елбасы пандемияға қарсы күресу үшін бірыңғай республикалық қор құруды ұсынады. «Онда қиын кезеңде қалың жұртқа көмектескісі келетін жомарт жандардың қаражаты жинақталмақ. Мұндай қор әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда да құрылады. Оны жергілікті әкімдер қадағалайды» деді Тұңғыш Президент. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде әлеуметтің әлеуетін көтеру шаралары бір сәт те бәсеңдемеуі қажет.
«Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, бәріміз куә болғандай, қазір жағдай ешкімге де жақсы болып тұрған жоқ. Әсіресе, құқық қорғау органдары өкілдері мен дәрігерлерге салмақ түсіп отыр. Ел бірлігі тағы да сынған түскен ауыр шақта олар күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып, халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы қамында қызметтерін күшейтілген режимде атқаруға көшті.
Елбасы айтқандай, бұл ауыр сынақтан да абыроймен өтерміз. Ең бастысы, Жаратқан иеміз осындайда халқымыздың асыл қасиеті – жұдырықтай жұмылған бірлігінен айырмасын деп тілеймін.

Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close