Basty bet

Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек қалай беріледі?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға төленеді. АӘК мөлшері отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбір мүшесінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ның арасындағы айырманы құрайды. АӘК бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Бұған дейін аналар 7 жасқа дейін бала күтімімен отыра алатын болса, осы жылдан бастап Еңбек кодексіне сәйкес 3 жасқа дейін қысқартылды. АӘК алатын отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуге тиіс. Олардың жұмысқа орналасуы үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық тетіктері қолданылады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлеу тек оған ғана емес, бүкіл отбасына тоқтатылады. Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
Атаулы әлеуметтік көмекке өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Егер, отбасы ауылдық жерде тұратын болса ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді. Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша консультацияны жұмыспен қамту орталығында консультанттар, ал әкімге жүгінген жағдайда ассистенттер береді.

Нұргүл Әсілбек,
аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек керсету
секторының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close