Basty bet
Халық пен билік арасындағы сенімді көпір
Күні кеше ғана ел өмірінде елеулі маңызды оқиға болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Президент жанынан құрылып отырған бұл кеңес ел дамуы мен қоғам өмірінің өзгеруіне елеулі әсер етеді деген сенім мол.
«Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деп Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы атап өткендей, сенім жүгін арқалау, әсіресе қарапайым халықтың тарапынан зор сенімге ие болу – кім-кімге де үлкен бақыт. Осы орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы ашық әрі әділ болады дегенге кәміл сенгіміз келеді.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Ұлық болсаң – кішік бол» деп дана халқымыз айтып өткендей, халыққа адал қызмет ету бәрінен де маңызды болмақ. Кейінгі уақытта мемлекеттік басқару жүйесінің ашық болуы, лауазымды тұлғалардың халыққа мейлінше жақындай түсуінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болатындай. Бұл да халық пен биліктің арасында сенім орнауына өз септігін тигізбек.
Халық пен билік. Екеуі егіз ұғымдар. Ел Президенті жанынан құрылып отырған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін халық пен билік арасындағы сенімді көпір деуге толық негіз бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған сенім кеңесі саяси партиялар және азаматтық қоғам өкілдерімен ашық ақылдасып, мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін назарда ұстайтын болады. Осы ретте Ұлттық кеңеске мүше боп қабылданған азаматтардың алдында маңызды міндеттер мен зор жауапкершілік жүгі тұрғаны айтпаса да түсінікті. «Басшы біреу, қалғаны оған тіреу» дейтін болсақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі басқаратын болады. Қоғам өміріндегі елеулі оқиға болып отырған Ұлттық қоғамдық кеңестің құрылуы күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқатады деп сенемін.
Күлбақыт АЙТҚҰЛОВА,
аудандық іскер әйелдер
қауымдастығының төрайымы,
аудандық мәслихаттың депутаты