Basty bet
Елдің өркендеуіне этнос өкілдері де мүдделі
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысының әкімдігі «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асырудың іс-қимыл алгоритмін әзірлеген болатын. Осы алгоритм аясында Мыңбұлақ ауылдық округінде этнос өкілдерімен кездесу өткізіліп, олардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Шараға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, ауылдық округ әкімдігінің мамандары, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әкімдік бөлімдерінің басшылары қатысты.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ашып, «Бейбітшілік және келісім» жобасының сан салалы мақсат-міндеттерінің аймақтағы ұлтаралық келісім мәселелерін орнықтыруға, заңның үстемдігін қамтамасыз ете отырып, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолымен азаматтардың мемлекеттік билік органдарына сенімін күшейтуге, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне бағытталғанын атап көрсетті.
Аудан прокуратурасының аға прокуроры Елдос Ахметов мемлекет саясатының басты мақсатының бірі елімізді мекендеген барлық этнос өкілдерінің татулығын, бауырлығы мен бірлігін сақтау және күшейту болып табылатынын еске сала келе, ауданда бұл бағытта прокуратура, әкімдік, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі бірлесіп әзірлеген жоспардың іске асырылып жатқанын жеткізді.
Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбетәлиев өңірдегі этносаралық қарым-қатынас туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, этнос өкілдері округтің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Әр этностардан жасақталған беделді, қоғамдық пікір көшбасшылары мен жетекшілерінен этносаралық қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі комиссия құрылған. Сонымен қатар дағдарыстар орын алған жағдайда ахуалды тұрақтандыру мақсатында елдің алдына шығып сөйлейтін спикерлер тізімі қалыптастырылған.
«Мехрибан» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Эсмира Мамедова Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі, соның ішінде өңіріміздегі ұлтаралық келісімді сақтаудағы рөліне тоқтала келе, барлық этнос өкілдерінің еліміздің өркендеуіне, халықаралық қоғамдастық алдындағы беделінің артуына мүдделі екенін жеткізді.
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова ауданда этнос өкілдері аудан орталығында, Көлбастау, Шақпақата, Қарасаз ауылдарында тығыз шоғырланғанын алға тарта отырып, олардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі 60-70 пайызды құрайтынын айта келе, жергілікті тілдерді оқыту орталығының мамандары этнос өкілдерімен тұрақты семинарлар өткізіп жатқанын жеткізді.
Шара барысында аудан әкімі, жергілікті құқық қорғау органдары мен әкімдік бөлімдері басшылары этнос өкілдерін жеке мәселелерімен қабылдау өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды. Қабылдауға қайырылған азаматтар негізінен денсаулық сақтау, білім беру, көші-қон салаларының жұмысын жақсарту, жолдарды асфальттау, байланыс қызметінің сапасы мен Интернет жылдамдығын арттыру, көшелерді жарықтандыру, көппәтерлі үйлердің аулаларын абаттандыру және тағы да басқа өзекті мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы Нарбай Әбілқасымұлы қозғалған мәселелерді шешуге шара қолдану үшін тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»