Basty bet
Атқарылған жұмыстар айтарлықтай нәтиже беруде
Жолдың жайын жүрген білер. Бүгінгі таңда аудан ішіндегі жолдар орта, ағымды жөндеуден өткізіліп көлік қозғалысы қалпына келді. Қыс пен көктемгі жауын-шашыннан кейінгі шұқанақтар асфальтпен толтырылып, жолдар жөнделе бастады. Бұл жұмысы «Жасыл ел – Жуалы» мекемесінің қызметкерлері талапқа сай атқару үстінде.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жұмыстар ауданда тиісті деңгейде атқарылуда.
Бүгінгі таңда аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 561,2 километрді құрайды. Оның 58,1 километрі республикалық маңызы бар автомобиль жолы. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 132 километрді құраса, оның бүгінгі таңдағы қанағаттанарлық жағдайы 93 пайыз. Жалпы аудандағы осы салаға жауапты аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевты сөзге тартқан едік.
-Қазіргі таңда аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 108,12 километр. Оның қанағаттанарлық жағдайы 93 пайызды құрап отыр. Ал ауыл ішілік автомобиль жолдары 263 километрді құраса, оның қанағаттанарлық жағдайы 68 пайыз. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан жолдар да бар. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында былтыр үш аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізілді. Оның жалпы ұзындығы 26,49 километрді құрайды. Бұл жұмыстар Шыңбұлақ ауылында, Күйік-Теріс-Ащыбұлақ және Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай елдімекендері бағытында жүргізілген болатын. Өткен жылдың қортындысымен аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі жоспар бойынша 97,7 пайыз болғанымен, жоғарыда көрсетілген автомобиль жолы биылға өтпелі болғандықтан 95 пайызды құраған болатын, – дейді ол.
Мемлекет басшысы Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру назардан тыс қалдырмаған еді. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын.
Жол – күретамыр. «Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарға қатысты көп сын айтылуда. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағытта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, алдыңғы жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болатын. Өткен жылы ауылішілік жолдар бойынша 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Бұл жобалардың 13-і жергілікті бюджет есебінен, ал 2-і «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды. Сөйтіп, өткен жылдың қортындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрады», дейді Қайрат Жатқанбаев.
Биылғы жол жөндеу жұмыстарына Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылындағы Жамбыл көшесі тұйығындағы, Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелері енген. Ондағы жолдарға асфальт жабынын төсеу жұмыстарын «Меркі Мерей» мен «М-Строй Груп» ЖШС ұтып алып, жол құрылысы жұмысына кіріскелі отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны құрылыс саласы. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Бүгінгі таңда аудандағы 35 елдімекен таза ауыз сумен қамтылған, ол 73,4 пайызды құрайды. Қазіргі таңда Бәйтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Ал аудандағы 49 елдімекеннің бүгінде 44-і табиғи газбен қамтылған, ол 89,7 пайызды құрайды. Таулы аймақтағы бір елдімекенді табиғи газға қосу алдағы жылға жоспарланған. Бұдан кейін газбен қамтылмаған ауданда Билікөл ауылдық округі ғана қаламақ. Ол округтегі төрт елдімекенге кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Қазіргі уақытта магистральды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
Бұған дейін Жуалы ауданындағы 49 елдімекеннің 31-і ғана табиғи газ жүйесімен қамтылған болатын. Көгілдір отынмен қамтылмай қалған 13 елдімекенге газ құбырын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаты 2017 жылы әзірленіп, 2019 жылы магистральды газ құбырының құрылыс жұмысы басталып кеткен еді. Сөйтіп, бүгінгі таңда көгілдір отынмен қамтылған елдімекен саны 44-ке жетті. Енді ауданда қалып отырғаны 4 елдімекен. Бұл ауданның солтүстік шығысында, Талас және Жамбыл аудандарымен шектесіп жатқан Билікөл өңірі. Онда Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ пен Дарбаза ауылдары орналасқан. Жалпы аудандағы қалған елдімекендерді 2025 жылға дейін көгілдір отынмен қамтуды жоспарлап отырмыз. Билікөл өңіріндегі төрт елдімекенге кварталішілік газ құбырын тарту үшін жалпы құны 307 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда магистральды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде және аталған елдімекендерді 2025 жылға дейін газбен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылға дейін аудандағы елдімекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделген, – дейді бөлім басшысы Қ.Жатқанбаев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»