Basty bet
Отандық вакцина сынақтан өтуде
Облысымыздың Қордай ауданындағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында жасалған отандық QazCovid-in инактивті вакцинасына халық нық сеніммен келіп жатыр.
Екпе ерікті түрде салынады. Жоспар бойынша барлығы екі мың еріктіге салыну қажет. Зерттеу ең бірінші ақ тышқандарға, екінші маймылға салынып зерттелді. Көптеген зерттеулерден кейін бірінші фазасы 44 адамға, екінші фазасы 200 адамға сынақ өткізілді.
Қазір үшінші фазада сынақ өткізілуде. Бұл кезең ең маңызды болғандықтан 3 000 адамға салынуы қажет. Жамбыл облысында еріктілер екпе салдыру үшін Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына жүгінуі тиіс. Алдымен ерікті тексерістен өтіп, кейін екпе салдырады. Талап бойынша ерікті таңертең аш қарында барады және бірнеше күн бұрын ішімдік ішпеуі қажет.
Зерттеуге 18 жастан асқан еріктілер қатыса алады. Тараз қалалық көпсалалы ауруханасы еріктілерді таңғы сағат 7.00-ден, күндізгі сағат 11.00-ге дейін қабылдайды. Ауруханаға кіргенде еріктінің қолына екпе барысындағы түсіндірме қағаздары мен келісімшарт тапсырылады. Әр еріктіге берілген келісімшарт қағазымен танысып, таңдауын жасау үшін жарты сағат уақыт беріледі. Ерікті барлық талаптармен келісіп, екпе салдыруға келісім берген жағдайда ең алдымен бойы мен салмағы өлшеніп, антиденесін тексертуге жіберіледі.
Антидене дегеніміз – ағылшын тілінен аударғанда қарсы дене дегенді білдіреді. Кейде иммуноглобулин адам мен жануарлар организміне енген жат бөгде ірі молекулалы протеиндік заттарға (антигендерге) қарсы иммундық реакциялар нәтижесінде түзіліп, олардың зиянды әсерлерін жоятын протеиндік заттар (негізінен гамма-глобулиндер), адам және жылықанды жануарлар денесінде пайда болған антигенденелерге қарсы қан плазмасында түзілетін ақуыздық заттар. Антиденелер ағза иммунитетін күшейтуде маңызы үлкен.
Антиденесін тексертіп өткен еріктіден жалпы тәжірибелік дәрігергерлер анамнез жинайды. Анамнез дегеніміз – жалпақ тілмен айтсақ, ерікті бұрын-соңды жұқпалы аурулармен немесе созылмалы аурулармен ауырған ауырмағаны жөніндегі мағлұматтар. Ерікті жалпы тәжірибелі дәрігердің толық тексерісінен өтеді.
Қабылдаудан өткен соң кардиолог дәрігерге барады. Ол жерде ЭКГ-ға түсіріледі. Сосын қайта ЖТД келіп келісімшартқа қол қойып, екпе салдырады. Екпе салдырғаннан кейін екі сағаттан соң қайта тексеріске келеді. Дәрігер еріктіні тағы бір рет тексерістен өткізіп, қолына сауалнама береді. 21 күн бойы ерікті өз жағдайын толтыруы қажет. Жағымсыз әсер болған жағдайда бірден дәрігерге хабарласып айтады. Және осы 21 күн ішінде аурухана тағайындаған арнайы топ мүшелері хабарласып жағдайларын біліп отырады.
Бұл екпе екі қайтара салынады. Екіншісі 21 күннен соң салынады. Еріктілер сынақ алынғаннан кейін толық дәрігерлердің бақылауында болады. Сынаққа қатысқан еріктілерге 200 мың теңге беріледі. Ескерте кететін жайт, әйел адам екпе салдырғаннан соң алты ай ішінде бала көтеруіне болмайды.
Жуалы ауданында қазіргі таңда 97 ерікті QazCovid-in инактивті вакцинасын салдыруға барды, оның 55-сі салдырды, 42-сіне түрлі себептермен екпе жүргізілмеді. Кейбіреуі антиденесін тексерткенде, енді бірі ЭКГ-ден өте алмаған.
Аудандық орталық аурухананың қызметкерлері де екпе салдырудан алдыңғы қатарда тұр. Оның ішінен екпе салдырған дәрігерлер – Асылбек Қыдырбекұлы, Жасұлан Нұрғалиұлы, Ләззат Реймбайқызы, Тілеуберді Бақытжан. Қазір бұл азаматтардың жағдайы бір қалыпты. Қалалық көпбейінді аурухана қызметкерлерінен бөлек, өз ауруханамыздың қызметкерлеріде екпе салдырған әріптестеріміздің жағдайын тұрақты бақылап отырамыз.
Асылбек Қыдырбекұлы, Тілеуберді Бақытжан және Ләззат Реймбайқызы “екпе салдырар алдында қорықтық, бірақ отбасымыз үшін бел буып, екпе салдырамыз деп шешім қабылдап бардық. Барғанда толық тексерістен өтіп, содан кейін екпе салды. Күніге WhatsApp желісі арқылы жазып, жағдайымызды біліп отырады. Еш шағымымыз жоқ және екпеден соң жағдайымыз бір қалыпты”, – дейді олар.
Жасұлан Нұрғалиұлы: “өз еркіммен барып екпе салдырдым. Өзім үшін, отбасым үшін. Өзім медицина саласының маманы болғандықтан қаншама халықпен бірлесіп жұмыс істейміз. Сол үшін екпе салдырам деп шешім қабылдадым. Қазір жағдайым жақсы, бірақ екпе салдырғаннан соң дене қызуым көтеріліп, аздап тұмауратып қалдым”,- дейді.
Гүлбақыт Жандар,
аудандық орталық аурухананың БАҚ және қоғаммен байланыс маманы