Basty bet
Тіл – тәуелсіздігіміздің нышаны
Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы. Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Еліміз Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел атанды. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы заң қабылданды. Тіл туралы заң тілді мемлекетте қолдануды реттейді. Тіл заңы – мемлекеттің негізгі қолданыс құралы. Әрбір мемлекеттің Конститутциясында да тілді қолданудың жалпы бағыты көрсетіліп, оның қоғамдағы орны мен заңға сәйкес дұрыс қолданылуы қамтамасыз етіледі. Тіл заңының нақты іске асыру үшін үкімет пен парламентте арнайы комиссия құрылады. ХХ ғасырдың 20-90-шы жылдар аралығында жарияланған Қазақстандағы Тіл туралы заңының құқықтық актілер, қаулылары, бұйрықтар «Қазақстандағы тіл саясаты. Құжаттар жинағы. 1921-91 жылдар» атты еңбекте жинақталып, жүйеленген.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақстанда заң жүзінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту жөнінде жаңа тілдік жағдай қалыптастыру саясаты қолға алынған. Қазіргі таңда Қазақстанда қазақ тілін модернизациялау шаралары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде атап өтілетін болды.
Френсис Бэкон «Уақытында жасалмаған іс – бекер іс» деген екен. Қазақ тілін латын жазуына көшіру туралы ұсыныс, жаңа әліпби дайындау және құжат айналымы мен кітап басып шығаруды латын тіліне ауыстыру қазақстандықтар үшін кенеттен туындаған мәселе емес. Бұл мемлекеттің мақсатты түрде және кезең-кезеңмен бет алған бұрыннан мәлімделген мақсаты. Сондай-ақ, бұл бастама «сырттан» келген жоқ, оны бастама етіп көтерген Қазақстан азаматтары. Латын жазуына көшудің қажеттігі туралы мәселені Қазақстанның қоғам қайраткерлері мен тіл білімі саласындағы мамандар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ ұсынған болатын. Латын жазуына кезең-кезеңмен көшу туралы мәселенің жаңа «Қазақстан-2050» стратегиясында» көтерілуі қисынды. Президенттің 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ тіліне жаңғырту жүргізетін кез келді делінген. «Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз… Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деді Тұңғыш Президент.
Қазақ әліпбиінің латын жазуына көшуінің нақты мерзімі 2025 жыл деп көрсетілген. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ жазуын латын графикасына көшіру тақырыбын нақтылай келе, мамандар мен Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру қажеттілігі туралы айта келе, қазақ тілін латын қарпіне көшіру процесі жақсы дайындықпен және байыпты түрде жүргізілуге тиіс деп атап көрсетті. Бұл біздің әлемдік өркениетпен ықпалдасуымызға, ағылшын тілін және интернет тілін үйренуімізге жағдай жасайды.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, сапалы ұрпақпен кеңеймек. Тіл туралы заңда «Қазақстан халқының топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» делінген.
Айдар Зәуірбеков,
сот актілерін
орындау бойынша
Жамбыл ауданаралық аумақтық бөлімінің сот орындаушысы