Basty bet

Билер кеңесінің қоғамдағы рөлі жоғары

Би сөзінің мағынасын реттеп зерделеуге «қара қылды қақ жарған» әділетті тура жолдан таймаған шешен де көсем болған қазақ билері – Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер халық санасынан ойып орын алады.
Әділ сөйлеп, шешендігімен елді аузына қаратқан, ел арасында төрелік айтып, ағайын арасында елшілік жасап, небір қиын-қыстау кезеңдерде халқының тағдырын өз тағдырынан жоғары қойған, елінің талай тығырықтан шығуына атсалысқан би бабаларымыз жетерлік. Олар бойындағы батылдығы, қайсарлығы мен тапқырлығын халықтың тағдыры мен ұштастырып хандарға өрелі кеңестер беріп отырған. Біз бұдан қазақ мемлекетінің саяси өмірінде де билер шешімінің жоғары бағалағандығын анық көреміз.
Ұлтымыздың игі қасиеттерін бойына жинаған билердің ісін үлгі тұтып, оны шынайы өмірде лайықты жалғастыру – ұрпаққа үлкен сын. Қоғамдағы жауапкершілігі мол жұмыстардың легі жаңа заманның ағымымен бүгінгі күні елімізде қайта жаңғыруда.
Мұндай игі тірліктер қасиетті Жуалы ауданының билер кеңесінде де сәтімен жүзеге асырылып жатыр. Билер кеңесінің мүшелері ел арасында, халықтың ішінде әділеттілік пен адалдықты, бірлік пен татулықты ұдайы насихаттай отырып, аталған құндылықтардың қадірін арттыруға атсалысуда.
Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы саналатын жастар мен жасөспірімдерге қылмыстық істерді болдырмау, өзінің қасиетті Отанын қастерлеу мен қоғамға адал қызмет ету барысында адастырмайтын бағыт-бағдар беруде халықтың сөзін ұстаған билер кеңесінің мүшелері халықпен тығыз байланыста болу арқылы өңірде түрлі іс-шаралар, кездесулердің өтуіне де мұрындық болып отыр. Ұлтымыздың келешегі оның ұлттық құндылықтарының сақталуында десек, мұндай шаралардың қоғамдық маңызы өте зор.
Билер кеңесінің құрамы ауыл-аймақтардағы жергілікті халық арасында абырой-беделге ие парасатты, айтқан сөздері өтімді, жергілікті жерлердегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен терең хабардары бар, сенімді және түрлі күрделі мәселелерді бірлесе әділетті шеше білетін азаматтық жауапкершілігі мол тәжірибелі мамандардан тұрады.
Туындаған даулы жағдайларды шешуде жуалылық билер дауласқан қос тарапқа да өздерінің шынайлығы мен жанашырлығын сезіндіре отырып, шешуі қиын небір күрделі деген мәселелерді күрделендірмей шешу жағдайлары – ең біріншіден аудандық билер кеңесінің жүргізілген нәтижелі жұмыстарының жемісі екені даусыз.
«Елге бай құт емес, би – құт» деген дана бабалардан бізге жеткен нақыл сөзде айтылғандай, ел ішіндегі береке мен бірлікті, ағайын-туыс арасындағы жарасымды тату тірлікті нығайтуда және жас буынның тәжірибесін толыстырып, оларға темірқазық іспетті бағыт-бағдар мен аздырмайтын һәм адастырмайтын ақыл-кеңес бері ісінде билер кеңесінің рөлі зор.
Ғасырдан ғасырға жалғасып, кешегі дана бабаларымыз салып кеткен сара жолдан айнымау – бізге міндет. Бабалар бастаған қасиетті қоғамдық іске үн қосып, оған шынайы қызмет етіп жүрген билер кеңесінің қоғамда алар орны ерекше деп білемін. Ендеше, ел ішіндегі ынмымақ-бірлікті ұйыту – бәріміздің міндетіміз!

Мұратқали РАХМЕТОВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жуалы аудандық филиалының жанындағы билер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close