Basty bet
Бас жүлде – жуалылық Жанельде
Қыз баланың тәрбиесі қашанда маңызды. Себебі олар барлық тәрбиенің бастауы. Осы орайда облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта «Инабатты ару – 2022» байқауын ұйымдастырды. Онда облыс аудандары мен Тараз қаласынан 14-17 жас аралығындағы сыры мен сымбаты жарасқан бойжеткендер қатысып, сынға түсті.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Балалар жылына» орай қыз балалардың салт-дәстүр, әдеп-ғұрып тәрбиесін жандандыру мақсатында ұйымдастырылған шараны жобалық офистің жетекшісі Ринат Нұрақбаев құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайыста бағын сынаған он екі ару өздерінің өнерлерін, ақыл-білімін дәлелдеп, үш кезеңнен тұрған байқау шарттарынан сүрінбеу үшін барын салды. Алдымен «Сымбаты мен сыры жарасқан» атты бөлімде қатысушы өзінің білімі, өнер жолындағы жетістіктерінен екі минуттық бейнебаян немесе слайд дайындап көрсеткен соң, көрсетілім соңынан жеңгелері 3-4 шумақтан аспайтын өлеңмен үміткерді таныстырды. «Анадан тәлім алған қыз» деп аталатын келесі бөлімде үміткер отбасының бір мүшесімен ас өнері немесе қолөнері шеберлігін алдын ала дайындалған бейнеролик арқылы қорғады. Соңынан жеңгесінің көмегімен экрандағы ұяшықты таңдау арқылы салт-дәстүр, ұлттық таным тұрғысындағы сұраққа жауап берді. Соңғы «Қыз өссе, елдің көркі» атты бөлімде үміткерлер ұлттық ән, би немесе көркем шығармаларды орындау бойынша өнер көрсетті.
Бойжеткендер ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарына, рухани құндылықтарына құрмет білдіріп, қазақ қызының ұяңдық пен биязылығын, инабаты мен ибалылығын көрсете білді, Осы қасиеттерді өнерге бейімділіктері де биіктетіп тұрды. Қазылардың шешімімен жуалылық Жанель Пашыралы бас жүлдені иеленсе, Жамбыл ауданының мақтанышы Әйгерім Орынбасар жүлделі бірінші орыннан көрінді. Байзақтық Мөлдір Мейрашоваға екінші, тараздық Назерке Қалбайға үшінші жүлде бұйырды.
«Ақ жол» газеті,
11 сәуір 2022 жыл