Basty bet
“Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле”
Қазақта “Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле” деген нақыл сөз бар. Яғни, бала тәрбиелеу – шындап келгенде өз-өзіңді тәрбиелеу.
Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, абыройы ғана емес, бір ұлттың, сол мемлекеттің ұяты мен беделі. Ал, оспадар тәрбие көрген ұрпақ ата-ананың да, мемлекет пен ұлттың да қайғысы мен соры, қоғамның бақытсыздығы, жарасы болмақ.
Кеше Мыңбұлақ орта мектебі мен А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте бала тәрбиесіне қатысты ата-аналармен кездесу өтті.
Жамбыл облысы прокуратурасының жанындағы Консультативтік кеңестің хаттамалық шешімін орындау мақсатында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша аудан әкімдігі мен Жуалы аудандық прокуратурасының 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған кездесу “Құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндет” деп аталды.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова мен кәмелет жасқа толмағандармен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының жұмысын ұйымдастырушы, аға инспектор, полиция мойоры Нұрлан Базарбеков қатысты.
Кездесудің мақсаты – бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді талқылау, нәтижелі жұмысқа бағыт-бағдар беру.
Мыңбұлақ орта мектебінде өткен кездесуде Нұрлан Базарбеков кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты жұмыс барысына қысқаша тоқталып өтті.
-2023 жылы түнгі 23.00-ден кейін ата-анасының еріп жүруінсіз үй-жайдан тыс жерде жүрген 241 бала ұсталды. Оның ішінде 200 баланың ата-анасына ескерту жасалса, 14 ата-анаға айыппұл салынды. 7 бала түнгі 22:00-ден кейін ойын-сауық орталықтарында жүргені үшін ата-анасына айыппұл салынды. Сонымен бірге өткен жылы үш қылмыс орын алып отыр.
Көптеген ата-ана баланың тәрбиесіне салғырт қарайды. Мәселен, баланың ұялы телефоны арқылы теріс әсер ететін сайттарға кіруі, кісінің үйіне қонуы, сағат кешкі 18:00-ден кейін ойын-сауық орталықтарында баланың жұмыс істеуі, көлік айдау, тағы да басқа іс-әрекеттерге ата-ананың бей-жай қарауы,- дей келіп, әрбір жауапсыздықтың заң алдындағы жауапкершілігіне тоқталды.
Ал, Анар Садыққызы бүгінгі қоғамдағы бала тәрбиесіне қатысты көптеген мәселелерге тоқталып, ата-аналар мен мұғалімдерді бала тәрбиесінде сергек болуға шақырды.
-Бала – ата-ана тәрбиесінің айнасы. Сондықтан баланың өмірдегі бас ұстазы саналатын ата-ана сөзіміз бен ісіміз бір-біріне сай болуы керек.
Адам баласы өмірде мамандық таңдау мен жар таңдауда шатаспағаны абзал. Сондықтан етек-жеңін жинамаған, өмірге деген көзқарасы әлі қалыптасып үлгермеген 14-15 жасар балаларыңызды 9 сыныптан кейін Ұлттық бірыңғай тестілеуден қашып, мақсатсыз колледждерге түсіруге асықпаңыздар. Ата-анасының демеуіне, қадағалауына мұқтаж баланы қалаға қызылды-жасылды ортаға жібере саламыз. Ақ пен қараны ажыратып үйренбеген бала өмірден әп-сәтте-ақ опық жеп қалуы ғажап емес. Алкогольді өнімдерді тұтыну, электронды темекі шегу, дұрыс киінбеу, дұрыс тамақтанбау, дұрыс тынықпау айналып келгенде баланың болашағы үшін өте қауіпті жағдайларға әкеп соғады. Сол себептен баланы мақсатсыз оқуға түсіргенше, жаныңызға алып, сырласып, еңбекке баулып, кітап оқуға үйретіп, өмірдің қыр-сырын мейлінше ұғындыруға тырысу маңызды.
Қазір мектеп оқушыларының денсаулығында көп мәселе бар. Ол түнде уақтылы ұйықтамау, яғни баланы телефонмен қадағалаусыз қалдырудан басталады. Түнде ұйқысы қанбаған бала сабаққа да селқос қарайды.
Баланы ерте оятып, таңғы асын бермейтін ата-аналар қаншама. Таңғы ас ішпеген қарны аш бала сабақты қалай дұрыс оқиды? Ол бала қалтасындағы тиын-тебеніне дүкеннен зиянды заттарды сатып алып жейді. Қазір асқазан-ішек жолдары аурулары да жасарып кеткен. Балалар арасында семіздік ауруы көп. Себебі, балалар қытайдың түрлі химикат заттарын, тез дайындалатын тағамдарды сатып алып жеп-ішеді. Балада қимыл-қозғалыс аз. Еңбекке баулымаймыз. Бұл да ата-ананың кінәсі. Неге балаға кішкентайынан сауатты тамақтануды, саламатты өмір салтын ұстануды үйретпейміз, неге қадағаламаймыз? Біз бүгін балаға не үйретеміз, неге бағыттаймыз баланың өмірі, денсаулығы тікелей соған байланысты.
Ғаламтордың пайдасы қаншалықты көп болса, оның зияны одан екі есе көп.
“Баланы аясаң, аяма” деген дана халқымыз. Сондықтан, баланы өмірге әкелген соң, оны бағу да, баулу да – біздің міндетіміз,- деді Анар Садыққызы.
Ата-аналардың атынан сөйлеген азамат ата-аналарға отбасында дөрекі сөйлемеуге шақырды. Себебі, кейбір балалардың сөзін естуге ұялатынын жеткізді.
А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте өткен кездесуде мектеп директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Теміржанова “Құқықтық сауаттылық – заман талабы” тақырыбында, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Сұлтанова “Отбасы құндылықтарын нығайту” тақырыбында, педагог-психолог С.Мәлібекова “Отбасындағы қарым-қатынас пен орынсыз мән-жайлардың бала дамуына әсері” тақырыбында слайд арқылы баяндама жасады.
Кездесуде сөз сөйлеген Анар Ахметова ата-ана, мұғалім және бала сынды үш тұғырдың бірге болуының маңыздылығына тоқталды.
Тағылымды, қажетті мағлұматтарға толы кездесуді мектеп директоры Азамат Әбеев қорытындылады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»