Basty bet
Ерлік ешқашан ұмытылмайды…
Тараз қалалық ішкі істер бөлімшесінің жол-патрульдеу полициясы батальонының полицейі, сержант Бекжан Тіленшиев 2021 жылы 32 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Тәртіп сақшысы 5 жыл бұрын қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ауыр жарақат алған болатын.
Ол 1989 жылы 22 қазанда Жуалы ауданына қарасты Шақпақата ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Алматы мемлекеттік бизнес колледжін аяқтаған соң, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына шақырылған. Ал 2013 жылдан бастап құқық қорғау органдарында қызмет ете бастаған.
2016 жылы 19 маусым күні оның мойны мен кеудесіне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. Бұл жайт қаруланған аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде болған.
2016 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Бекжан Тіленшиев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 2017 жылдың сәуір айында ол денсаулығына байланысты ішкі істер органдарынан босатылды.
Бекжан Тіленшиев ұзақ уақыт бойы елімізде және шетелде емделген. Алайда бұған қарамастан оның денсаулығы жақсармаған. Өткен жылдың 5 шілдесінде Бекжан Тіленшиев өмірден өтті.
Ол берген Антына адал болып, арнайы қарулы жасақты күтпей, үш қандықол қарақшылармен жалғыз арпалысты. Нәтижесінде қылмыскердің біреуі оқиға орнында мерт болып, екеуі көп ұзамай қолға түсті.
Жақында бейбіт күннің батыры болған Бекжанның анасы Гүлзағипа Тіленшиеваға облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералиннің қолы қойылған «Ана шапағаты» төсбелгісі табысталды. Төсбелгі мен куәлікті облыстық жол полициясы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Мұрат Ақылбаев салтанатты түрде тапсырып, Отанға қорған ұлды дүниеге әкелген анаға жұбату сөзін арнады.
Осыған орай, біз де батырдың шаңырағына арнайы барып, ата-анасымен тілдесіп қайтқан едік.
Бекжанның әкесі Мамыр Тіленшиев қазіргі Т.Дүйсебайұлы ауылының тумасы. Бүгінде Шақпақата ауылындағы №4Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етіп келе жатқанына биыл 32 жылдың жүзі болады.
Ал, анасы Гүлзағипа Тіленшиева үй шаруасымен айналысады. Өз заманында сиырды да, биені де сауып, құрт, май, ірімшік жасап, сепаратор тартып, кілегей шығарумен де еш жалықпай айналысқанын айтады.
Гүлзағипа Тіленшиева алты құрсақ көтерген. Алайда оның екеуі шетінеп, Жеңіскүл, Қарлығаш, Бекжан, Ержан есімді ұл-қыздарды жетілдіріп өсіреді. Ұл-қыздарының барлығы дерлік көзі ашық, көкірегі ояу жоғары білімді азаматтар, барлығы ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде.
– Қазақта «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын» деген аталы сөз бар. Балаларымды жастайынан адалдыққа баулып, елдің патриот азаматы болуды үйреттім. Содан да болар, балаларым тілалғыш, мақсаттары айқын, айтқан сөзінде тұратын, салмақты әрі сабырлы болып өсті. Алланың тағдырға жазғаны ғой, арамыздан Бекжан баламызды ерте алып кетті. Өмірден өткеніне бір жыл толады.
Өзіміз шәкірт тәрбиелеп отырғандықтан, бүгінде әрбір оқушының тәрбиесіне ата-анадан кейін жіті көңіл бөліп, бойына Отансүйгіштік қасиеттерді терең сіңіріп, өз еліне, жеріне сүйіспеншілікпен қарауды, патриот азамат болуды үйретіп келеміз. Алайда мені әскерден қашатын еңгезердей жігіттердің көбейіп бара жатқандығы және газет, кітап оқитын жастардың азайып баратындығы қынжылтады. Біздің кезімізде кітапты жарысып оқып, бір қолдан бір қолға беріп аса қызығушылықпен оқитын едік. Әрине, бес саусақ бірдей емес, талантты жастарымыз да бар. Тек, осындай дарынды жастарға бағыт-бағдар көрсетіп отыру керек. Сонда ғана елдің болашағы үшін еш алаңсыз өмір сүруімізге болады, – дейді Мамыр Қалыбайұлы.
Мамыр Қалыбайұлы, сабақтан қолы қалт еткенде үйдегі мал шаруашылығымен айналысады. Ал Гүлзағипа апамыз кіші ұлы Ержанды үйлендіріп, қолы ұзарып отырған жайы бар.
Қазіргі таңда қасиетті қара шаңырақта кіші ұлдары Ержан және келіні Әсем ата-анасымен бірге тұрады. Ержан Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істесе, келіндері Әсем үйдің шаруасын дөңгелетіп отыр. Екеуінің Айша есімді бір қызы бар.