Basty bet
Азаматтардың құқығы мен бостандықтарын сақтау – басты талап
Апта ішінде аудандық соттың мәжіліс залында «2023 жылдың тоғыз айы бойынша сот төрелігі» тақырыбында брифинг өтті. Брифингте аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Сот төрағасы тоғыз айдың қорытындысын жария етті. Төрағаның айтуынша, есепті мерзімде аудандық сотқа 412 арыз (талап қою) түскен, оның ішінде, 389 іс аяқталып, 209 іске шешім шығарылған. Ал, 86 азаматтық іс медиатордың қатысуымен және алты азаматтық іс тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты тоқтатылған. 331 тұлғаға қатысты 331 әкімшілік іс қаралып, оның 39-ы медиация тәртібімен аяқталған. Есептік кезеңде 36 тұлғаға қатысты 29 қылмыстық іс қаралып, 28 тұлғаға қатысты 22 айыптау үкімі шығарылған.
Сонымен қатар, баяндамашы сот жүйесіндегі жаңашылдықтар мен реформалар туралы баяндады. Мәселен, 2023 жылдың 27 наурызында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен АПК мен басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ювеналды соттардың соттылығы кеңейтілген.
-Енгізілген өзгерістерге сәйкес кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты азаматтық істердің бірқатар санаттары Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзіретіне берілді. Яғни, отбасылық сот ашылды, бұл тұрғыда неке бұзу істерінің барлығы осы сотта қаралатын болды.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасын қолға алу елдегі отбасылық құндылықтарды нығайтып, жанұядағы жарасымдылықты сақтауға негізделген еді. Ең бастысы, некені сақтауға, ажырасудың алдын алуға, балаларды отбасылық келіспеушіліктерден қорғап, зардап шектірмеуге басымдық берілді.
Бұл жерде мәселеге тек тәрбие, әлеуметтік жағдай тұрғысынан ғана қарап қоймай, жұптарға, балаларға психологиялық кеңес беру, жол көрсету қаперге алынғанын айта кету керек.
Егер де Жуалы аудандық сотына неке бұзу бойынша жүгінген тараптар өтініш білдірсе, өзінің талап қоюын Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына беруге болады, бұл – әр азаматтың өз еркінде.
Ажырасқан жұптардың кәмелетке толмаған балалары болған кезде мүлікті бөлу де осы ювеналдық соттар құзырына кірмек. Қазақстан Республикасына заңсыз алып келген немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы кері қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың негізінде осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы істер де кәмелетке толмағандар ісін қарайтын сот құзырына берілді.
Осы уақытқа дейін ерлі-зайыптылар некені бұзу үшін азаматтық сотқа жүгініп, алимент тағайындау, баланың тұрғылықты жерін анықтау бойынша талап қоюды ювеналдық соттарға жолдап әлекке түсетін.
Мұндай жаңашылдық тараптардың уақытын үнемдеп, оларды әуре-сарсаңнан құтқармақ. Сондай-ақ мұндай өзгеріс онсыз да ажырасу, алимент тағайындау, мүлікті бөлу, баламен кездесу уақытын белгілеу секілді біріне-бірі жалғасқан сот процестерінен тараптар сыйластығы одан ары ажырап, балалардың психологиялық күйзелісі тереңдеп кетпеу үшін жасалып отыр,- деп өз сөзін түйіндеді аудандық соттың төрағасы Бабырхан Бекболатұлы.
Баяндамашы аудандық сотта күнделікті азаматтарды жеке қабылдау жүргізілетінін, сот төрағасына әрбір азамат өзінің толғандырған сұрақтарымен жүгінуге құқығы бар екенін де қоса жеткізді. Мәселен, жылдың басынан аудандық сотта 14 жеке қабылдау жүргізіліп, өтінішпен қайырылған азаматтардың сұрағына заң талаптарына сай жауап берілген.
Сондай-ақ, сот төрағасы үстіміздегі жылдың тоғыз айында аудандық сотта билер кеңесінің мүшелерімен сотқа дейін 47 азаматтық дау, сегіз әкімшілік құқықбұзушылық іс билердің қатысуымен тоқтатылғанын тілге тиек етті. Биыл сот барысында 86 азаматтық дау, 39 әкімшілік іс билердің қатысуымен тоқтатылған. Өткен жылдың тоғыз айымен есепті мерзімді салыстырғанда, сотқа дейінгі Билер кеңесінің мүшелерінің қатысуымен азаматтық даулары бойынша татуласқан істер саны 15 іске, яғни 32%-ке артқан.
Брифингте сотта қаралған 42 қылмыстық істің 36-сы, 331 әкімшілік істің 313-і, 389 азаматтық істің 164-і, жалпы 762 іс болса, соның 513-і мелекеттік тілде жүргізілгендігі туралы баяндалды. Соттағы жиындар, семинарлар және тағы басқа да іс-шаралар, олардың хаттамалары тек мемлекеттік тілде жүргізілуде. Үстіміздегі жылдан бастап бүгінгі күнге дейін барлық 666 ішкі құжат тек мемлекеттік тілде, 3497 кіріс құжатының 2257-сы, 3918 шығыс құжаты мемлекеттік тілде жүргізіліп отырғандығы да айтылды.
Жиында сот төрағасы мемлекеттік тілдің қолданылу аясына тоқталған соң, күдіктінің тергеу барысында құқықтарының сақталуы жайында сөз қозғады.
«Құқық қорғау органдарының өкілдерімен, қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық істер қозғалған азаматтардың заңды құқықтарының сақталуы мәселесіне мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы нақты көрсетілген ҚР ҚПК-нің 106-бабы, ҚР ӘҚБтК-нің 44-тарауы бойынша берілген шағымдардың сапалы қаралуы күнделікті назарда.
Шағымдар сотқа түскен кезде, судья жазылған дәлелдерді жан-жақты тексеруге, өз өкілеттіктері шегінде қатысушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерінің қалпына келтірілуіне шұғыл шаралар қолдануға міндетті. Құқықтық мемлекет ретінде әрбір азаматтың құқықтары мен бостандығын сақтау бірінші орында тұруы – талаптардың бірі» деп Бабырхан Бекболатұлы жиынды қорытындылады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»