Basty bet
Амангелді атындағы орта мектепте күрделі жөндеу
Тәуелсіздік жылдары ішінде қасиетті Жуалы ауданының білім беру саласы айтарлықтай дамып, онымен қоса, мемлекет қаражатымен бірқатар мектептерде жаңа ғимараттар салынып, қолданысқа беріліп келеді. Биыл милиция генерал-майоры Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталса, ал Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы орта мектепте жапсарлас ғимараттың құрылыстары жүргізілу үстінде.
Амангелді атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жүргізуде. Құрылыс маманы Айдар Әшімжанов жетекшілік ететін серіктестіктің жұмысшылары мектеп ғимараты қабырғаларының ескі сылағын қырып алып, жаңа жөндеуге негіз жасау үстінде. Қазіргі таңда дайындау жұмыстары толықтай аяқталды. Сонымен қатар, мектеп ғимаратының жарылған кейбір қабырғалары қайта нығайтылу үстінде. Жарылған қабырғаның бетіне торкөз темір жабыстырылып, сырты құм сылақпен қалың етіп сыланған.
Мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына шатыр мен қасбетін ауыстыруға қаражат қарастырылмаған. Қалған жұмыстардың барлығы атқарылмақ. Қазір мұнда жұмысшылар уақытпен санаспай еңбек ету үстінде. Құрылыстың басы-қасында жүрген прораб Әділет Құлынбеков жұмыстың кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады. Құрылысқа отандық материалдар пайдаланылу үстінде. Құрылысқа қажетті цемент, басқа да қоспалар Тараз және Шымкент қалаларынан тасымалдануда.
-150 орындық мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын бастадық. Қазір қабырғаның ескі сылақтарын қырып алып, жөндеу жұмыстарына негіз жасау үстіндеміз. Құрылыс басында 50-ге жуық адам еңбек ету үстінде. Материалдарымыз жеткілікті. Күрделі жөндеудің ішінде мектеп ғимаратының шатырын және қасбетін ауыстыруға қаражат қарастырылмаған. Инженерлік жүйелерден электр жабдықтары, кәріз жүйелері және жылыту жүйелері толықтай ауыстырылмақ. Есік-терезелері де ішінара ауыстырылады. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Ешқандай проблема жоқ. Күрделі жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау – басты мақсат,- дейді құрылыс прорабы.
Түктібай ауылындағы мектепте жапсарлас құрылыс
Иә, ауданның білім беру саласында ескі мектептерді күрделі жөндеуден өткізу маңызды жұмыстардың біріне саналады. Тәттібайдағы Амангелді атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы орта мектепте жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілу үстінде. Нақты айтқанда, ескі мектептің жанынан екі қабаттан тұратын сегіз оқу кабинетінің құрылысы, спорт зал, басқа да шаруашылық бөлмелері қосылуда. Кабинеттердің ішінде физика және химия кабинеттері, асхана, жалпы көлемі 18х12 метрді құрайтын үлкен спорт зал, оған қосымша жуынуға арналған душ, әжетхана бөлмелері орналасады. Жапсарлас құрылыстың жалпы ауданы 63х15 метрді құрайды. Құрылысшылардың айтуынша, облыстың көлемінде сегіз мектепте дәл осындай жапсарлас құрылыс жүргізілуде.
Қазір құрылыстың басында іргетас құю жұмыстарымен бірге, қабырға кірпіштерін қалау жұмыстары да қатар жүруде. Құрылысқа қажетті кірпіш Шымкент қаласынан тасымалданса, сапалы бетон серіктестіктің өз зауытында өндіріледі. Жұмысшы күшімен қатар мұнда «РДК» ауыр жүк көтергіш көпфункциялы краны, «КУН» аталатын арнайы трактор, экскаватор, құрылыс материалдарын тасымалдауға арналған жүк көліктері бар. Мұнда мектептің жапсарлас ғимаратынң құрылысымен қатар, ауланы абаттандыру, ашық спорт алаңшасы, оның ішінде баскетбол, футбол алаңшалары салынады.
Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының тапсырысымен құрылысы жүргізіліп жатқан мектептің жапсарлас құрылысының құны да өте қомақты. 1 миллиардтан астам қаражат бөлінген құрылыстың барысында жапсарлас ғимаратпен қатар, ескі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да қоса атқарылады. Бас мердігер – тараздық «Бином» ЖШС. Құрылыс мерзімі 10 ай мерзімді құрайды. Құрылысқа жауапты серіктестіктің прорабы Ринат Еспенбетовтың айтуынша, құрылыс кестеге сәйкес атқарылуда. Сәтін салса, жапсарлас ғимарат салынғаннан кейін ескі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ. Ауыл тұрғындары көп жылдан бері зарыға күткен құрылыс аяқталса, түктібайлықтардың қуанышы еселенбек.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»