Basty bet

Барымызды бағалай білейік, АҒАЙЫН!

Қадірменді жерлестер! Қазір еліміздің басынан өтіп жатқан қиын да күрделі уақыт ешкімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Әлемді қыспағына алған қауіпті індеттің кесірі әр отбасыға, әр адамға кері әсерін тигізіп, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге де ауыртпалық салуда. Бірақ өмір ағысы мен тіршілік керуені тоқтамақ емес. Сондықтан еңсеміздің түспегені абзал.
Тарихымыздың көне беттерін парақтайтын болсақ, біз бұдан бұрын да талай қиындықтарды еңсерген халықпыз. Қиыншылықта барымызбен бөлісіп, ауыртпалыққа ортақтаса білетін халықпыз. Оған тарихымыздан да, өз өмірімізден де талай көзіміз жеткен. Талай да талай зобалаң кезеңдерді басынан өткерген аға буын өкілдерінің: «Құдай басымызды аман қылып, елдің пейілін бұзбасын. Қалғанын көпшілікпен бірге көрерміз» деп айтып отыратыны еріксіз еске түседі. Мынадай ел бірлігі мен халықтың сабыр-төзімі сынға түскен аласапыран заманда бізге ынтымақ, сабырлық, түсіністік ауадай қажет. Батыр атамыз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп өсиет етпеп пе еді?!
Қазақта қанатты да қасиетті нақыл сөздер көп. Соның бірі – «Мың қосшыға, бір басшы» дегені. Мен бұны неге айтып отырмын?! Қиын-қыстау заманда бірлігімізді ту етіп, сабырлық сақтап, бір шаңырақтың астына топтасуымыз шарт. Бұл – заман талабы. «Жамандық өзі-ақ келеді, жақсысын кім береді?» деп халық текке айтпасак керек. Сол себепті, егеменді мемлекетімізді дәріптеп, Президентімізге сенім артып, жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Қазіргі күрделі кезеңде мемлекет тарапынан үлкен түсіністікпен халыққа деген шынайы қамқорлық жасалып келеді. Біз оны дұрыс қабылдап, сабырлықпен әрекет етуіміз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзінде індет тарап, дағдарыс орын алған кезеңде тәуелсіз жас мемлекетімізді іскерлікпен басқарып, түрлі қиындықтарға тойтарыс беріп, елімен бірге болып, қолдан келген шаралардың бәрін жасауда. Біз оны Президентіміздің халыққа жасаған бірнеше Үндеуінен, іс-әрекетінен көріп отырмыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы халық тұрмысына қатысты талай істердің басында тұрып, оңды шешім қабылдап, оның орындалуын үнемі талап етуде. Атап айтқанда, жыл басында ұстаздар қауымының еңбекақысы көбейді. Халықтың көмекке мұқтаж тобына берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемі артты, ел ішінде тағысын тағы ауыз толтырып айтарлық игі істер көп. Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке басының азаматтық қайраткерлігі, мінезінің қарапайымдылығы, еліне деген сүйіспеншілігі тіпті, ерекше. Біз оны бағалай білуіміз керек. Біз бірлесе отырып жұмыс жасап, тіршілігімізге күш-қуат берердей іс-әрекеттер жасауымыз керек. Қиын кезеңде қолда барды бағалап, қанағат етейік. Алланың пешенемізге бұйыртқанын артық ештеңе жоқ.
«Бақ бағалағанның ғана басына қонады» демекші, індет тараған күрделі кезеңде сабырлық танытып, барымызды бағалай білейік, ағайын!

Ерғали Тілеубеков,
аудандық мәслихаттың хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close