Basty bet
Күй өнерін дамытатын кез келді
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақ халқының өмірінде маңызды орын алатын өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Халқымыздың ұлттық құндылығының бірі.
Қазақтың қазақтығын көрсететін музыкалық аспап ол бірден-бір – домбыра болып табылады. Киелі аспаптың бағасын ақын, жазушылар айтып кеткен. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Біздің қазақ ән құмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі қартына дейін қалмай қамалып, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады» деген екен. Міне, С.Торайғыров айтып кеткендей, қазақ домбырасын еш уақытта қолынан тастаған емес. Біреу әу десе екіншісі қослып әгугайға айналған.
Жалпы, әрбір қазақ үшін киелі домбыра – ұлтымыздың символы. Қазақ күйі адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, жүрекке бойлап, терең бойлайды. Көшпенділер заманында да солай болған, бүгін де солай. Домбыра бағзы заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Адамдар оны қайғыда да, қуанышта да қолынан түсірмейді. Сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келеді. Аталған аспап туралы қазақ ертегілерінде де, аңыз әңгімелерінде де айтылады. Ал, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нүрпейісова, Нұрғиса Тілендиев сынды домбыраның құлағында ойнаған дәулескер күйшілердің есімдері қазақ мәдениетінің символына айналып, олардың шығармалары қазақ музыкасының жылнамасында сақталған.
Ұлттық құндылығымызды дәріптеуде, жас ұрпаққа үйретуде өнер мектебінің алар орны зор. Ауыл іші – өнер кеніші. Ауылдық жерлердегі талантты балалардың өнерлерін шыңдап, ұлттық тәрбиемен, ұлттық болмыспен өнерге баулуда қосымша білім беру мекемелері қызметкерлерінің еңбегі зор.
Өмірімді қасиетті қара домбырамен ұштастырып, қазіргі таңда өскелең ұрпаққа ұлттық аспапты үйретіп отырған жанның бірімін. Алғаш мектеп қабырғасында ұстазымыз Аташбек Әмірқұлдан сабақ алып, ұлттық өнермен сусындаған болатынмын. Одан кейін жаным өнерге, оның ішінде ұлттық аспапқа жақын болғандықтан мамандығымды осы саламен байланыстырдым.
Еңбек жолым 2009 жылы Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінде басталып, одан кейін Бәйтерек ауылындағы №2 Балалар мектебінде жалғасты.
Бәйтерек ауылында өнерлі, талапты жастар өте көп. Олар өнер мектебіндегі түрлі бағыттағы үйірмелерге жазылып, сабақтарға қатысады. Білім ошағындағы үйірмелердің бірі ұлттық аспап домбыра сабағына арналған. Сабақ аптасына екі рет жүргізіледі. Сабақ кестесі бекітіледі. Үйірмеге келетін балалардың жастарына байланысты «Жуалы» домбырашылар ансамблі құрылған. Амсамбль 10 оқушыдан тұрады.
Домбыра үйірмесіне қатысушы оқушыларды қабілетіне қарай іріктеп, түрлі концерттік бағдарламаларға апарамын. Өзгенің өнері арқылы талпынысын арттырып домбыраны үйретемін. Баланың бойындағы өнерге деген қызығушылығын әр ұстаз оята білуі керек. Әр бала жеке тұлға. Осы қағиданы ұстана отырып, оқушылармен сабақтан тыс жеке жұмыс істеп, шығармашылығын дамытуға атсалысамын.
Ата-аналармен де байланысты үзбейміз. Баланың үйренгенін ұмытпауы үшін отбасы мүшелері де атсалысуы керек. Ауылда өнерге жанашыр, баласының бойындағы талантын байқап, демеп, қолдап отыратын ата-аналар баршылық. Солардың бірі Ақтөбе ауылының тұрғыны Нұртілеу Сүлейменнің атасы мен апасын ерекше атап өтуге болады. Әрдайым немерелеріне аталық қамқорлық жасап, өнерге талпынысын артырып отырады. Немересінің болашығынан зор үміт күтеді.
Әр бала өнерлі. Баланың жүрегіне жол табу – ұстаздың бақыты, жемісті еңбегі. Осы орайда, домбыра үйірмесіне қатысушы оқушылардың ішінде түрлі жарыстарға қатысып, биік көрініп жүрген оқушылар көп. Оның бірі Медет Қарынтаев «Ұлы дала дарыны» республикалық балалар байқауы және телевизиялық жобасының «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша І орынды иеленді. 2017 жылы аудандық дарынды оқушыларға арналған «Өнерге қанат қаққандар» ән-би және өнер байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша «Жуалы» домбырашылар ансамблі бас жүлдені жеңіп алып, Тараз қаласында өткен облыстық байқауда ІІ орынға тұрақтады. Шәкіртім Нүртілеу Сүлеймен Алматы қаласында өткен халықаралық шығармашыл жастар телебайқауында аспапта ойнау номинациясы мен ІІ орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Тараз қаласында өткен ресупубликалық өнер байқауына қатысып, І орынды иеленді.
Егер біз күйді, домбыраны дәріптейміз десек, сол домбыраны орындаушыны да жақсылап дәріптеуіміз керек. Қазіргі ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдаланана отырып, күй өнерін дұрыс жолға қойып, дамытатын кез келді. Әрбір қазақ күйге көңіл бөлуі тиіс. Қадыр Мырзалиев ағамымыз: «Нағыз қазақ домбыра» десе, Серік Сейтман: «Домбыраның пернесінде ән ғажап, домбыраның шанағында зарлы азап. Қазақ болып қалды мәңгі домбыра, домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ»,- дейді.
Ғазиз Базарбеков,
№2 Балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі