Basty bet
Тұрғын үй пайдалануға берілді
Тараз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 15-шағын ауданнан 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. 5 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің кілтіне негізінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары иеленді. Олар тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрған балалар үйінің түлектері, жетімдер және 29 жасқа дейінгі қамқорсыз қалғандар, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер. Тұрғын үй арендалық, сатып алу құқығынсыз жалға берілді.
Айта кетейік, бүгінде халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Таразда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған шағын аудандағы алқапта 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Бұған дейін онда 26 көпқабатты тұрғын үй немесе 1300 пәтер халық игілігіне берілсе, ағымдағы жылы 35 үйдің құрылысы басталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша былтыр 323 пәтер берілсе, жергілікті бюджеттен бөлінген 1 миллиард 360 миллион теңгеге қайталама нарықтан 144 пәтер сатып алынды.
Ол ғана емес, облыс бойынша баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін 8 көппәтерлі жатақхана пайдалануға берілсе, 4 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Ол жатақханалардың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) бөлмесі бар.
Жалпы, бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 18565 адам тұр, оның ішінде 1784 көпбалалы отбасы, 8593 әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі