Basty bet

Чернобыль ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Апат айтып келмейді. 1986 жылы 26 сəуірде Украина Республикасында Чернобыль ауданынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан №4 атом энергоблогында алапат апаттың орын алғаны дүниежүзі елдерінің есінен әлі де шыға қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл «техногенді апат» тарихта қаралы беттердің бірі болып қалды. Чернобыль ауданында орналасқан төрт энергоблок болса, бір энергоблоктың істен шығуының салдарынан, қалған үш атом энергоблогының жұмысы тоқтады.

Чернобыль апатынан соң зардапты залалсыздандыруға Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның да азаматтары барды. Сонда өрімдей-өрімдей жас жігіттер Отан тапсырмасымен сонда аттанды. Апат салдарының өте орасан болғанын ескерсек, зардапты жою жұмыстары оңайға түскен жоқ. Адамзат өміріне орасан қауіп-қатер төндірген апаттан қаншама адам көз жұмды. Апат салдарын жоюға қатысқандардың арасында Жуалы ауданының азаматтары да бар. Олар Антқа адалдық танытып, жат жердегі апат салдарын жоюға қатысып, ерен ерлік жасады. Олардың сол кездегі атқарған істерін ешкім сол тұста ескерген жоқ. Ардагерлердің Отан алдындағы Антына адал екенін және ерлік істерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында ел өңірлерінде тағылымды іс-шаралармен қатар, кездесулер және басшылық тарапынан сый-құрмет көрсету жұмыстары жүйелі жолға қойылған.
Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі. 26 сәуірде Чернобыль апатының орын алғанына 38 жыл толуына орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагер азаматтарды қабылдап, оларға ізгі тілектерін білдіріп, дендеріне саулық тіледі.
-Биыл Чернобыль атом-электр станциясындағы ядролық апаттың орын алғанына 38 жыл толып отыр. Талай боздақтың өмірін қиған қайғылы оқиға 1986 жылдың 26 сәуірінде орын алғаны белгілі. Жарылыстың салдарынан қоршаған ортаға орасан зор зиян келді. Апаттың салдарын жою ісінде жуалылық азаматтардың да үлесі бар деп сеніммен айта аламыз.
1986 жылы КСРО-ның құрамына кірген көптеген елге Чернобыль апаты үлкен қайғы-қасірет әкелді. Бірнеше миллион халық зардап шекті. Апат салдарын жоюға қатысқан бірнеше мемлекеттің ішінде Қазақстан алғашқылардың бірі болып өзінің жауынгерлерін жіберіп, көмек қолын созды. Бір сөзбен айтқанда, апат салдарын жоюға қатысқан мыңдаған отандасымыздың ерлігі мен жанкештілігі болмағанда, апаттың ауқымы одан да үлкен болуы мүмкін еді. Олар өз өмірлері мен денсаулықтарын қиып, азаматтық борышын адал орындады. Адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғады, сонымен қатар, радиацияның ары қарай таралуына тосқауыл болды.
Құрметті ардагерлерлер! Украинадағы атом-электр стансасында болған алапат апатты жоюға қатысқан азаматтардың ішінде өздеріңіз де барсыздар. Бүгінгі күні ауданда осынау апаттың зардабын жоюға қатысқан 11 ардагер азамат бар. Сіздер тек сол қиын сәтте ғана емес, бүгінгі бейбіт өмірде де қоғамның дамуына ерекше үлес қосып келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, әрбір отбасына амандық-саулық тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Чернобыль ардагерлерін «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев та құттықтап, апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға алғыс айтып, ізгі тілегін жеткізді.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза келесі кезекте Чернобыль ардагерлерін Алғысхаттармен марапаттап, сый-сияпат жасады. Айта кету керек, кездесуге келген ардагерлердің арасында – Шынарбек Райысбеков (ұйым төрағасы), Ахмет Исмайылов, Серік Шәкірұлы, Дүйсенбек Шертайұлы, Айнабек Медеубаев және Ұлықбек Ермекбайұлы бар.
Шынында, бұл апаттың зардабы оған қатысқандар үшін оңайға түскен жоқ. Сол жерде болғандардың бүгінде 98 пайызы дүниеден озса, қалғандары мүгедек қалпында өмір сүруде. Əр жыл сайын осы бір азабы ауыр апатты бір мəрте еске алып, күрсінеміз. Өткенге салауат айтып, келешекке сеніммен қарағаннан басқа амалымыз тағы жоқ. Азаматтарымыз аман, ел іргесі бүтін болсын, деп тілейік!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close