Basty bet
Тұрғындардың тілегі ескерілді
Халыққа қызмет – мерейлі міндет. Кейінгі жылдары еліміз мемлекеттік қызмет саласында бірқатар реформаларды қолға алып, аталған салаға жаңашылдықтарды енгізіп жатқаны белгілі. Осыған орай тиісінше, мемлекеттік қызметшілердің де міндеті артып, әсіресе ауыл әкімдерінің де жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да салмақты бола түсуде. Осының нәтижесінде, ауылдардағы қордаланған мәселелердің де түйінін тарқатуға мүмкіндіктер туып отырғанын айтуға тиіспіз. Жыл санап ауылдағы ағайынның тұрмысын жеңілдету мақсатында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Проблема да жоқ емес. Біз бұл жөнінде жаңадан басталған ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналыстарынан жазылған мақалаларымызда кеңінен тарқатып жазатын боламыз.
Сонымен, кеше аудандағы ауылдық округтер әкімдерінің халық алдындағы есебі Қошқарата, Боралдай, Мыңбұлақ ауылдық округтерінде басталды. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша округ әкімі округтің орталығында емес, шеткері ауылдарында есеп беруде. Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбеталиев округке қарасты 100 түтіні бар Талапты ауылы тұрғындарының алдында есеп берді. Жиын жұмысына аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов қатысты.
Талапты ауылдық клубында өткен жиын барысында ауылдық округтің әкімі Ғ.Үмбеталиев 2020 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, сонымен қатар, кейбір мәселелерді шешуде кездесіп отырған бірқатар кедергілерді де атап өтті.
Әкімнің баяндамасына сүйенсек, былтыр «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында ауылдық округке 3 миллион 295 мың теңге қаржы қарастырылып, оған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Момыш бұлағы атындағы саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар толығымен аяқталған екен. Одан үнемделген 800 мың теңге қаражатқа Талапты ауылындағы Көлбастау көшесі жарықтандырылған. Одан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасымен Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің шатырына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бағдарлама аясында 12 адам жұмыспен қамтылған.
Ауылдық округтің әкімі Ғ.Үмбеталиев тұрғындар алдында ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау, кәсіпкерлікті өркендету туралы, сонымен қатар, жұмыспен қамту, автомобиль жолдарын күтіп ұстау, санитарлық тазалық, мәдениет және спорт, жастар саясаты, қоғамдық қауіпсіздік салаларында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында былтыр округтің бірқатар шаруалары жаңа техникалар сатып алып, жұмысты ілгерілетуге ірі көлемде несиелер алған.
Есептік баяндамадан соң тұрғындар сөйлеп, олар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Ауыл тұрғыны Мейірхат Махамедиев ағын судың аздығынан тұрғындар бау-бақша еге алмай отырғандарын айтады.
-Ауылда әр үйдің иелігінде бақшалық жерлер бар. Судың жоқтығынан оны игере алмай отырмыз. «Ақсай» су шаруашылығы мекемесінен қайран жоқ. Ауылға келетін ауызсудың да көлемі аз. Ағынсумен қатар ауызсудың да мәселесі шешілсе дұрыс болар еді. Қалған ұсақ-түйек мәселелер өз арамызда-ақ шешімін таба жатар. Ең бастысы, осы екі сұрақ тұрғындарды толғандырып отыр,- деді ол.
Бұл сұраққа ауылдық округ әкімі Ғ.Үмбеталиев былай деп жауап берді.
– Ауылда ағын су мәселесінің бар екенін білемін. Суды әкелуге сұраныс берілді. Таяу жылдары шешіліп қалар. Өздеріңіз білесіздер, жылдан-жылға судың қоры азайып барады. Суды тиімді пайдалануға көшулеріңіз керек. Жаздың күндері кейбір үйлер ауызсудың құбырынан суды бақшаға ағызып қояды. Бұл да дұрыс емес. Қалған тұрғындар не ішеді? Жауапкершіліктің бір ұшы өздеріңізге келіп тіреледі,- деді ауыл әкімі.
Жиын барысында ауызсуға және электр жарығына қатысты тұрғындардың сұрағына аудандық «Жуалы-Су» кәсіпорнының басшысы Қуанышбек Болысбаев, аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов жан-жақты жауап берді.
Жиын соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов сөз алып, Талапты ауылы Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның ауылы екенін мақтанышпен айтып, Шерағаның осы ауылдағы тұрған үйін мәдени орталыққа айналдыру бағытында жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті. Бұл мәдени орталық алдағы уақытта ауылдық клуб және ауыл мектебімен бірлесіп жұмыс жасайтын болады.
Бір сөзбен айтқанда, Талапты ауылының тұрғындары Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбеталиевтың 2020 жылы атқарған жұмыстарын қанағаттанарлық деп бағалады.
Нұржан Манасұлы,
«Jańa ómir»