Basty bet
Бір күйінесің, бір сүйінесің…
Еліміздегі пошта қызметі саласындағы ең ірі компания – “Қазпошта” акционерлік қоғамы. Қалың халықтың мол шоғырланған ортасы ауылда пошта және қаржылық қызмет көрсететін жалғыз компания да осы. Алайда пошта қызметінің сапасы жиі сынға ұшырап жатады. Ол туралы ел газеті “Егемен Қазақстаннан” бастап барлық басылымдар жазуда.
Біздің ауданда да пошта қызметіне байланысты газет-журналдардың уақтылы жеткізілмеуі туралы жиі айтылады. Яғни, ауылдағы ағайын қаржысына жаздырып алған басылымдарының уақтылы келмей, аптасына бір немесе екі-ақ рет жинап таратылуына ренжулі. Бұл мәселеге байланысты әрине барлық пошташыны айыптауға болмайды. Күннің ыстық-суығына, жауын-шашынға қарамастан өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, газет-журналдарды дер кезінде таратып жүретін пошташылар да бар.
Газет-журналдардың уақтылы жеткізілмеуі туралы әңгіме қозғалғанда барлық жерде айтылатын проблема – пошташының айлықжалақысының төмендігіне келіп тіреледі. Әрине, барлық мәселе бір жақты болмайды. Оның басқа да себептері бар болуы мүмкін. Сондықтан аудандағы мән-жайды білу үшін бірінші “Қазпошта” аудандық байланыс торабының басшысы Бақытжан Устаевқа жолықтық.
-Ауданда 12 ауылдық пошта байланыс бөлімшелері және екі пошта байланыс пункті бар. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында жеті пошташы, ауыл-ауылда 36, жалпы 43 пошташы жұмыс істейді. Оның бесеуі келісімшарт бойынша жұмыс істеуде.
Пошташылардың жалақылары негізінен газет-журналдардың санына байланысты. Орталықтағы пошташылардың жалақысы 29 мың теңге.
Ал, ауылдардағы пошташылардың жалақысы 15 мың мен 20 мың теңгенің аралығында.
Газет-журналдар ауыл-ауылға аптасына төрт күн жеткізіледі. Яғни, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі және жұма күні. Пошташылар осы төрт күн тұрғындарға таратуы керек. Ал, орталықтағы пошташылар аптасына алты күн таратады.
Пошташыларға бірнеше жыл бұрын велосипед берілген. Бүгінгі таңда олардың да тозығы жетті. Жылына екі рет аяқ киім беріледі.
Пошташыларды жаңа велосипедпен қамту мәселесі қаралуда.
Пошташылардың айлық жалақысының аздығы туралы жиі айтылады. Шындығында солай. Алайда пошташыларға айлықжалақы жұмыс істеу сағатына қарай төленеді. Бір жағы таратылатын газет-журналдардың аздығы да әсер етеді.
Менің пошта саласында жұмыс істегеніме биыл 18 жыл. Бұрын халық газет-журналдарға көп жазылатын. Пошташылар әр күнгі басылымдарды дер кезінде таратып отыратын. Бір жағы сонша газет-журналды ертеңге қалдыру бірінші өздері үшін қиын. Ал, қазір ауылдарға жіберген газет-журналдарды көрсеңіз, көлемі аз ғана.
Енді алдағы уақытта барлық пошташылар келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін болады деп жоспарлануда. Яғни, қай пошташының тарататын газет-журналы көп, оған көп, кімдікі аз, оған соған сай жалақы төленеді. Біз пошташыларға газеттерді таратқанда оқырмандарды келесі жылға жазылуын ұйымдастыруды тапсырудамыз.
Жалпы жоғарғы басшылықта пошташылардың жалақысын көтеру жолдары туралы мәселе қаралуда. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады деп ойлаймын.
Ауданымыздағы 12 бөлімшенің бүгінгі таңда үшеуі ғана рентальді, яғни өз-өзін қамтамасыз етіп отырған бөлімшелер. Қалғаны рентальді емес. Себебі, ауылдағы ағайынның көбі айлық жалақыларын, зейнетақы, жәрдемақыларын басқа екінші деңгейлі банктерге ауыстырған. Бұл барлығына бірдей тиімді деп айта аламаймыз. Себебі, пошта барлық ауылға қаржыларын жеткізіп береді. Еңбекақы немесе зейнетақы, жәрдемақыларын алу үшін аудан орталығына келмейді. Яғни, еңбек уақытын, қаржысын үнемдейді. Оның үстіне барлық ауылға банкоматтар қойылған. Әрі десе пошта арқылы ауылдықтар қаншама төлемдерді ауылда отырып-ақ жасай алады. Барлық ауылда интернет жоқ. Сондықтан ауылдарда пошта бөлімшесінің болғаны ең бірінші халық үшін тиімді. Пошта жабылып қалмауы үшін, ондағы пошташылардың жалақысы көтерілуі үшін әр ауыл тұрғыны оның жұмысының алға басуына үлес қосса деген тілек бар,- дейді Бақытжан Устаев.
Біздің бала кезімізде ауылда, яғни Ақтасты ауылында Ахат Әзтаев деген пошташы ата болатын. Ол кісі күнделікті газет-журналдарды атына артып алып таратып жүретін. Күнделікті бір уақытта келетін. Біз ол кісінің келетін уақытын күтіп жүретінбіз. Бұл туралы пошта басшысына айтсам, ол кезде пошташыларға таратуға ат берілетіні жайлы айтады. Бұл да үлкен көмек қой. Себебі, ауылдың ана басынан мына басына жаяу тарату кім-кімге болса да оңай соқпайды. Бақытжан Устаев Шақпақата ауылдық пошта бөлімшесінің меңгерушісі болып тұрғанда ауылдағы пошташыға ауыл азаматы Орынбасар Нұралы деген азаматты демеушілікке тарта отырып велосипед алып беруіне себепші болыпты. Бұл да басқа ауылдағы азаматтарға үлгі боларлық жағдай.
Мәселені зерттеу барысында осы салада ұзақ жыл еңбек еткен пошташылардың бірі Қоңыртөбе ауылының пошташысы Ханайым Атамбаевамен әңгімелестік.
-Мен пошташы болып 1982 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұрын Кеңес одағы кезінде пошта қызметін үкімет қаржыландыратын. Ол кезде біздің айлықжалақымыз басқа мекемелермен салыстырғанда жақсы болатын.
Менің жалақым қолыма тиетіні 13 мың теңге. Зейнет жасына жақындадым. Қаншама жыл еңбек еткен менің зейнетақы қорымдағы жиналған қаржы 300 мың-дай ғана екен.
Мен Кәріқорған және Тасбастау ауылдарына таратамын. Маған жолдасым көмектеседі. Яғни, көбінде оның көлігімен таратамыз. Несін жасырайын, кейде газет-журналдардарды таратуға мүмкіндігім болмаса да, келген хаттарды уақтылы жеткізіп беремін.
Бір жағы мен жұмысымды жақсы көремін. Ауылды аралап, адамдармен әңгімелесіп жүрген өзіме ұнайды. Бір орнында отырып істейтін жұмыс ұнамайды. Сондықтан да осы уақытқа дейін тастамай істеп келемін. Қазіргі жастар айлығы аз жұмыстарды істемейді. Көп адамдар газет-журналдарды таратып шыққанға екі-үш сағаты ғана кетеді, басқа уақытта басқа жұмыс істесе болады ғой деп ойлайды. Бірақ олай емес. Себебі, газет-журналдарды реттеп, екі ауылға таратып шыққанша егер жаяу болса, біраз уақыт керек,- дейді пошташы.
Ауылда газет-журнал аптасына екі рет, кейде бір-ақ рет таратылады деп шағымданатын ауылдардың бірі Қайрат ауылы. Қайрат ауылдық пошта бөлімшесінің меңгерушісі – Нұрғайша Сауранбаева. Нұрғайша Сауранбаева ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болып 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
-Ауылда маусым айынан бастап пошташы жоқ. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан пошташымыз жұмыстан шығып кетті. Пошташы Қайрат және Диқан ауылдарына таратады. Диқанда үш көше болса, Қайратта тоғыз көше бар. Пошташының жалақысы екі ауылға 36 мың теңге. Пошташыға велосипед, смартфон берілген. Жылына екі рет аяқ киім беріледі, сөмкесі бар. Арнайы киім беріледі. Карантин кезінде қорғаныш киімі мен құралдар берілді.
Бұрынғы пошташымыз жұмыстан шыққалы, халық арасында “пошташы керек” деп хабарландыру айтып жатырымыз. Бірақ келгендер айлығын сұрайды да кетіп қалады. Басқа негізгі жұмысы бар, пошташылықты қосымша атқаратын адам болса деймін.
Газет-журналдарды қазір өзім таратып жүрмін. Ауылдық округ әкімінің аппаратына рақмет, маған қолдарынан келгенінше көмектесіп отырады. Осы жағдайға байланысты кейде газет-журналды уақтылы тарата алмай қалсам да хаттарды дер кезінде таратып беремін,- дейді Нұрғайша Сауранбаева.
-Ауыл тұрғындарына пошташы керек деп бәріміз айтып жатырмыз. Тіпті Халықты жұмыспен қамту орталығына сұраныс та жасады. Орталықтың мамандары жұмыссыздар пошташының айлығын көріп, істемейміз деп бас тартады дейді. Алда аяз, қар, жауын-шашын бар, жұмысына айлығы сай емес деп ешкім келмейді,- дейді ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Айткүл Қараева.
Ал, Бәйтерек ауылының пошташысы Зағима Арысланова өз жұмысына ризашылығын білдіруде.
-Біздің ауылда екі пошташы бар. Әріптесім Зәуре Сапарова бес көшеге, мен алты көшеге таратамыз. Әріптесімнің еңбек өтілі маған қарағанда көп. Мен 2013 жылы жұмысқа кірдім. Алғаш кіргенде жалақым алты мың теңге болатын. Жылдан-жылға жалақымыз көтеріліп келеді. Қазір Аллаға шүкір, 20 мыңдай. Көктемде, күзде аяқ киімге деп ақша беріледі.
Мен өзімінің жұмысыма ризамын. Себебі, дипломым жоқ болғандықтан, осы уақытқа дейін жұмыссыз отырдым. Жұмыссыз отырған кезім мен қазіргі кезімді салыстырсам, қазіргі жағдайым едәуір жақсы. Жолдасым механизатор. Аздап малымыз бар. Осы жұмысымыздың арқасында екеуміз үш ұл-қызымызды аяқтандырдық. Алладан берген нәсібесін берекесімен берсін деп тілейміз.
Ауылдағы да, аудандағы да басшыларымыз жұмысын жақсы білетін, адамгершілігі жоғары кісілер. Жалпы жұмысымыз жақсы. Газет-журнал таратып жүріп, елмен араласамын, әңгімелесемін. Елдің тыныс-тіршілігімен танысамын. Біреу малын көбейтіп, үй салып жатыр, енді біреу жұмыссыз, жағдайы төмен. Біреуден ілгері, біреуден төмен өмір сүріп жатырмыз. Үйде жұмыссыз отырсаң, көңілің құлазып, уайымшыл боласың. Сондықтан бар жұмысыма шүкіршілік етемін. Жұмысым қиын, жалақым төмен деп шағымдана алмаймын,- дейді Зағима Жұмаханқызы.
Шындығында пошташының айлығы аз. Алайда соңғы пошташы апай айтқандай, осы айлыққа жете алмай жүргендер де бар. Бірақ көп адамдар жұмыссыз болса да бұл жұмысты істегісі келмейді. Енді не істеуге болады? Пошташыларға қайтсек, көмектесе аламыз? Бұл сұрақ біздің ауданда ғана емесе, бүкіл ел бойынша маңызды болып отыр. Үкімет тарапынан, ауылдықтардан қолдау қажет. Ауылым елім, жерім дейтін азаматтар пошташыларға газет-журнал таратуға уақытша ат берсе немесе демеушілік жасап, велосипед алып берсе.
Айлығы аз болса да жұмысын жақсы көріп еңбек етіп жүрген пошташыларға алғысымызды білдіреміз.
Акционерлік қоғамның басшылығы да бұл мәселені шешуде босқа қарап отыр деп айта алмаймыз. Бірақ, уақыт жайбасарлықты көтермейді. Қалай болғанда мәселе уақтылы шешімін табуы керек. Себебі, жалпы пошта қызметінің қарапайым халық үшін тиімді жақтары да көп.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ