Basty bet
Салғырттықтан арылып, санамызды жаңғыртайық
Қоғамның тазалығы әрбір адамның жеке басының, ауласының тазалығына мән беруден басталады. Тазалық адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші болса керек.
Тазалықты сақтау – баршаға ортақ іс. Ауданымызда көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы қарқынды жүруде. Барлық елді мекендерде тал-дарақтар егіліп, аймақтар күл-қоқыстан тазартылуда. Бұл жөнінде аудандық «Жаңа өмір» газетінің әрбір нөмірінде мақалалар жариялануда.
Осыған орай, аудан орталығында көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралаповпен әңгімелескен едік.
Ауыл әкімінің мәліметінше, Б.Момышұлы ауылының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ауылда орналасқан мекемелерге көшелер мен аумақтар бөлініп, бекітілген. Сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл шегінде орналасқан мекемелер мен мектептер, балабақшалар оған біркісідей қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, жалпы сенбіліктер ұйымдастыру кезінде мекемелерге бекітілген аумақтармен қатар, қоғамдық жұмысшылар арқылы Б.Момышұлы ауылының «Сәду» мал базары, Б.Сафинов көшесінің бойы, Көктөбе ауылына қарай шығаберіс, теміржол жолағының бойы, «Жаңа тұрғын массивінің» аумағы, Жанқожа батыр тағы басқа көшелердің соңындағы сайдың бойы мен табандары тазартылуда.
Ауыл әкімшілігінің қызметкерлері ауыл ішіндегі сауда нысандары мен тұрғындарға 250 дана ұсыныс-ескертпелер таратып, тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоқыс шығаруға келісімшартқа тұруға ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген. Осы бағытта ауыл әкімшілігі қызметкерлері мен көше өкілдерінің тұрақты жұмыс атқаруы нәтижесінде көшелер мен қоғамдық орындардың және әртүрлі қызмет көрсету орындарының айналасы ретке келтірілген. Ауыл аумағында жалпы 1350 дана, яғни 300 түп қылқанжапырақты ағаш, 600 түп аққайың, 100 терек, 200 жеміс ағашы, 150 каштан ағашы егілген.
Сенбілік кезінде ауыл ішінен жиналған қоқыстарды жинау жұмыстарын «Арсенал» ЖШС өз жауапкершілігіне алған. Аталған мердігер ауылдан 40 тонна кездейсоқ тұрмыстық қалдықтарды шығарып, 1012 тұрғын үймен келісімшартқа тұрған. Алдағы уақытта мердігер белгіленген кесте бойынша көшелерден қоқыстарды шығаратын болады.
Сұхбат барысында ауыл әкімі К.Хайралапов ауданымызда атқарылып жатқан бірқатар құрылыс жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, аудан орталығындағы мемлекеттік рәміздерге арналған стендті жаңалап, заманауи үлгідегі барельефтің құрылысы қарқынды жүруде. Оның жалпы көлемі – 50 кв саниметр, ені – 11 метр биіктігі – 5 метрді құрайды. Мердігер – ЖШС «GT ASYL-TIREK». Сонымен қатар, Парасат көшесінде Б.Момышұлының 110 жылдығына арналған барельеф салынуда (суретте). Оның жалпы құны 6 млн теңге. Баральеф градинмен, бетонмен жасалуда. Жасаушы мердігер «Қадиша АПА» жеке кәсіпкерлігі. Сондай-ақ, ауылға кіреберістегі арканың атауы латын қарпіне ауыстырылып, «Жастар аллеясына» «Жан жүрегім – Жуалы!» белгісі орнатылуда.
-«Тазалық – денсаулық кепі¬лі» деген сөздің айналадағы табиғат әлемінің, қоршаған ортаның тазалығы адамның денсаулығына тікелей әсер ететіндігіне байланысты айтылғаны анық. Сондықтан жер бетіндегі әрбір адам қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауы қажет. Б.Момышұлы ауылы – ауданымыздың бет-бейнесі, айнасы. Ауылдың таза болуы – біздің жұмысымыздың нәтижесі. Осы мақсатта тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз. Оларды тәртіпке бағынуға, тазалыққа жауапкершілікпен қарауға шақырудамыз. Ең бастысы, мердігермен келісімшартқа тұруды қолға алдық. Себебі, тұрғындар бір жүйеге түсу керек. Салғырттықтан арылу қажет. Ауданның тазалығына тек жергілікті мекемелер ғана емес, тұрғындар да жауапты екендіктерін сезінуі керек.
Біздің ауданда кеңестік заманнан қалған дүниелер әлі де бар. Оның зерделеп, тозығы жеткен дүниелерді ауыстырудың уақыты жетті. Заман ағымына қарай жаңалануымыз, яғни жаңашылдық керек. Бұл дүниелерден адамдар моральдық тұрғыдан шаршаған.
Ауданда биылғы жылы бес көпір жөндеуден өтетін болады. Оның бірі сын көтермейтін Қ. Рысқұлбеков көшесіндегі сайдың көпірі. Оның мердігері «Алфавит» жеке кәсіпкерлігі. Оның жұмысы қазіргі таңда басталып, алдағы маусым айының 15-не дейін пайдалануға беретін боламыз (суретте). Сонымен қатар, аудан әкімінің есебінде көтерілген жөндеуді қажет ететін көшелер жөнделіп, асфальтанатын болады. Кейбір көшелерге жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылады. Оның бірі ретінде Қонаев көшесіне су лотогы мен жаяу жүргіншілер жолы салынатынын атап өтуге болады.
Жалпы ауданда абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына аса мән береміз. Ол үшін тамшылатып суғаруды қолға алуды ұйымдастырудамыз. Көше бойларына гүлзарлар орнатып, 1,5 питунья гүлі отырғызылды. Одан бөлек аудан орталығына 57 түп қылқанжапырақты ағаш егілді.
Аудан халқының қауіпсіздігі үшін бес жерге бейнебақылау орнатылады. Атап айтқанда, Ақсай, Қ.Рысқұлбеков көшелеріне, Қонаев көшесіндегі «Халық банкі» ғимаратына, Б.Сафинов көшесіндегі «МЕР» дүкеніне, Жібек жолы көшесіндегі Б.Момышұлы ескерткішіне, Парасат пен Жібек жолы көшесінің бойына қойылады. Бұл бейнебақылау тек қауіпсіздікті ғана емес, тәртіп бұзушыларды да анықтайды. Сол кезде тұрғындардың тазалықты сақтамауына байланысты біз айыппұл сала аламыз. Бір айта кетерлігі, Б.Момышұлы ескерткішінің айналасында біраз дүниелерді тұрғындар сындырып кеткен. Мұны көріп адамдардың мәдениетінің қаншалықты төмендеп кеткеніне жүрегім ауырды.
Алда атқарылатын ауқымды жоспарларымыз өте көп. Ол уақытты талап етеді. Төтенше жағдайдың өзі жұмысымызға кедергі жасағандықтан бірқатар жұмыстарды кейінге қалдырып отырмыз. Алайда алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар жалғасын табады.
Біздегі кезек күттірмес мәселелер – ағын су, арықтарды тазалау, ауланы тазалау жұмыстары. Оны тек бірлесе отырып шешуімізге болады. Ал, экологиялық проблеманы шешу уақытты талап етеді. Осы ретте, аудан тұрғындары солтүстіктен оңтүстікке қарай орналасқан көшелерге кәріз суы ағатын канал жасауды ұсынды. Себебі, әр тұрғын өз ауласына кәріз суын ағызатын септик орнатқан. Ол бір орында тұрғандықтан ауа ластанып, экологиялық проблемаға әкеліп соғуда. Міне, мұны да шешуіміз керек.
Ауыл тазалығы отбасынан басталады. Десек те әлі күнге дейін бізде тазалық мәдениеті қалыптаспай отыр. Шынын айту керек, қоқысты кез келген жерге тастай беретін адамдар арамызда жетерлік. Тазалық басқаға емес, бірінші кезекте өзіміз үшін керек. Сенбілік ұйымдастырылғанда ауыл адамдары көше тазалығына араласпақ түгілі аула-жайларын жинамай, үй тазалығынан аспайды. Тазалық жоқ жерде берекенің болмайтыны да анық. Қанша жерден сенбілік өткізіп, айналаны ретке келтіргенмен кейбір елге жаны ашымайтын жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар қайтадан пайда болып жатады. Мұндай келеңсіз жайттарды болдырмау үшін баршамыз тазалыққа оң көзбен қарап, біркісідей атсалысқанымыз абзал, – дейді ауыл әкімі К.Хайралапов.
Иә, шын мәнінде ауыл тазалығына баршамыз жауаптымыз. Бұл дегеніміз, бойымызды салғырттықтан арылтып, санамызды жаңғыртатын уақыт жетті деген сөз. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы сіз бен біз үшін жасалуда. Ендігі кезекте қарапайым тазалықты сақтай білу – біздің еншімізде. Туған жерімізге, аялы табиғатымызға біздің жанымыз ашымаса, басқа ешкімнің де жаны ашымайды.
Атқарылып жатқан, атқарылғалы жатқан жұмыстарға әлбетте көңіл қуанады. Алайда, орталық саябақтағы мына жағымсыз көрініс қолға алған жұмыстарды әлі де ширата түсуді меңзеп тұрғандай.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ