Basty bet

Жамбылдың жырларын жатқа оқыды

«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлап, қазақ халқының айтыс өнеріне өлшеусіз үлес қосып, жыр әлемінен ерекше орын алатын ақын, жырау «ХХІ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Тұтастай ғасыр жасап, қазақ әдебиеті мен мәдениеті, халық руханиятының алтын діңгегіне айналған ақынның өмірі мен артына қалдырған өлең-жырлары мен телегей теңіз поэтикалық мұралары халық жүрегінен ерекше орын алатыны даусыз. Олай болатыны, Жамбылдың өлеңдерін білмейтін қазақ баласы кемде-кем. Ақын қазіргі Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм өңірінде туғандықтан оның есімі бір облысқа берілді. Бүгінде қасиетті Әулиеата өңірі Жамбылдың есімімен аталады. Әрине, Жамбыл Жабаевтың есімі осы өңірде туылған әрбір азамат үшін ардақты есім.

Жастайынан өнер қуып, қолына домбыра алып айтысқа қатысқан Жамбыл жас 16-17 жасынан-ақ танымал бола бастады. Жас ақын өзінің суырыпсалма өнері арқылы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін қозғады, халықтың мұң-мұқтажын сөз етті, заңсыздықты сипаттады, халықты бостандық үшін күресуге шақырды. Жамбылдың әндерінде, оның домбырасының үнінде қазақ халқының шынайы дауысы естіледі. Ол халық туралы, тек халық үшін ән салды. Жамбыл шығармалары әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, КСРО-да, шетелдерде үлкен басылымдарда жарық көрді.
Ж.Жабаев қазақ халқы поэтикалық өнерінің дамуына үлкен үлес қосты, бүкіл өмірін жалпыадамзаттық құндылықтар мен жақсылықты, әділеттілікті дәріптеуге және патриотизмге, тәрбиелеуге арнады. Өзі мен шәкірттерінің естеліктері бойынша кейін Жамбылдың қатысуымен өткен айтыстардың бірқатар мәтіндері қалпына келтірілді.
Ақын есімі қазақтың қай сахарасы үшін де құдіретті әрі қастерлі есім. Жуалы ауданында ақынның 175 жылдық мерейтойына орай бірқатар әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылып өткізілуде. Әлбетте мұндай іс-шаралардың жас ұрпақ үшін, оқушылар үшін тәрбиелік мән-мағынасының зор екені айтпаса да түсінікті.
28 ақпан Жамбыл Жабаевтың туған күніне орайластырылып, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жамбыл оқулары» атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Бұл шара негізінен ақынның шығармашылығы кеңінен насихатталып, онда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және тіл мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылып, оған барлығы 16 үміткер қатысты.
Байқауға аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары Нұржан Дербісәлиев, аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Рашид Қуанышев, облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақыткүл Полатова, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова және аудандық «Жуалы» қоғамдық-саяси газетінің Директор-бас редакторы Мақпал Сүйінбай қазылық етіп, үміткерлердің өнерлеріне әділ бағаларын берді.
Байқауға қатысушы үміткерлер бірінші кезеңнің тапсырмасы бойынша «Жыр алыбы – Жамбыл!» тақырыбында эссе жазып бір күн бұрын тиісті мамандарға өткізген. Ал екінші «Жүз жыл жырлаған жүрек» бөлімінде қатысушылар Жамбылдың шығармашылығынан бір-бір өлеңін жатқа орындаса, үшінші «Жамбылымды жырлаймын!» кезеңінде ақынның шығармашылығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын байланыстырып дайындаған екі минуттық бейнекөріністерін кезегімен көрсетті.
Байқау аудандық мәдениет үйлері және клуб мамандары, сонымен қатар, мектеп мұғалімдері арасында өткендіктен сайыс өте тартысты әрі қызықты өтті деуге болады. Бұл өнер әрі жыр жарысы болғандықтан үміткерлердің арасынан талантымен, өлеңді мәнеріне келтіріп орындау шеберлігімен көзге түсіп қатарынан оқ бойы озып шыққандар да, өлеңнен мүдіргендері де болғанын айта кеткен жөн.
Жамбыл ақынға арналған жыр жарысында әртістік қабілетімен ерекше көзге түсіп, шеберлігі шыңдалып, дауыс ырғағы келіскен «Мыңбұлақ» халық театрының режиссері Ербол Бекжанов бірінші орынды қанжығасына байласа, екінші орынды сыңғырлаған даусымен, киім үлгісімен ерекшеленген №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі Ақнұр Әбдіжапбарова иеленді. Ал, үшінші орынды тақырыпқа байланысты түсірген бейнекөрінісімен қатар өлеңді жатқа оқу шеберлігімен көзге түскен Жаңаталап ауылдық клубының маманы Ақтолқын Бекболатова жеңіп алды. Жеңімпаздардың барлығы бағалы сыйлықтармен қоса дипломдармен марапатталды. Одан бөлек, барлық қатысушыларға Алғысхаттар тапсырылды.
Аудандық «Жамбыл оқулары» байқауының алғашқы екінші орынның жүлдегерлері Е.Бекжанов пен А.Әбдіжапбарова облыстық байқауға жолдама алып, олар алдағы уақытта аудан намысын қорғайтын болады. Ендеше, жолдама иегерлеріне сәттілік серік болсын дейміз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close