Basty bet

«Математиканы үйретуде өмірден мысал келтіру қажет»

дейді Рамазан Серікұлы

«Білім – адам баласының ортақ қазынасы», – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, қазіргі уақытта өскелең ұрпаққа заманауи талаптарға сай сапалы білім, саналы тәрбие беруге мемлекет тарапынан басты назар аударылып отыр. Жарқын болашақтың кілті болып табылатын жас ұрпаққа білім беру ісінде негізгі жауапкершілік мектептің жүрегі саналатын ұстаздарға жүктелетіні белгілі.

Себебі, ұстаздардың алдына барған әрбір бала – еліміздің болашағы. Ұлы ойшыл Әбу Насыр-әл Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,- деп бекер айтпаған. Себебі, мұғалімдеріміз бір оқушыға дұрыс көңіл бөлмей, назардан тыс қалып қалса, ертең одан елге жаны ашымайтын, тек қара басын ойлайтын, тіпті қауіп әкелетін адам қалыптасуы мүмкін. Ендеше, тәлімгерде білім мен тәрбие беру деген қос міндет бар екенін еліміздің ұстаздар қауымы өте жақсы біледі. Әрі бұл жұмысты үлкен абыроймен атқарып жүр.
Біздің әңгімемізге арқау болып отырған сондай білімді жас ұстаздардың бірі – Рамазан Әлімбек. Ол 2001 жылы Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 2015-2018 жылдар аралығында А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте білім алады. Рамазан Серікұлы өзінің үздік білімі мен математика пәніне деген қызығушылығының арқасында «Дарын» мектеп интернатына оқуға түседі. Дарындағы оқуын 2018 жылы үздік аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «математика» мамандығына оқуға түседі. Студент кезінен еңбекке ерте араласып, білім беру орталықтарында математика пәнінен 3 жыл сабақ береді.
– Педагогикада қолданылмайтын бір методика бар. Мысалы, математика балалардың болашақтағы қаржысына, архитектураға және банк ісіне тікелей қатысты. Қандайда бір тақырыпты түсіндіргенде практикалық маңыздылығын түсіндіремін. Сол кезде бала бұл тақырыптың, сабақтың өмірдегі қажеттілігін түсіне алады.
Қазіргі таңда «Top Jargan» оқу орталығында жұмыс істеп жүргeніме бір ай болды. Бұл орталықта оқушыларды ҰБТ-ға дайындаймыз. Жалпы математика пәнінің мұғалімі мамандығын өзіме қызық болғандықтан жəне есептерді шығаруға қабілетім болғандықтан таңдадым. Менің ойымша, өз пәнін балаларға үйретуді жақсы көрген адамнан ғана нағыз мұғалім шығады, – дейді ұстаз.
Кейіпкеріміз Рамазан Әлімбек №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 6,9,11 сынып оқушыларына математика пәнінен сабақ беруде. Ұстаз әр баланың сабақты түсініп, дұрыс білім алғанына ерекше мән береді. Оның сабағына қатысқан мектеп оқушылары: «Сабақты беріліп тыңдаймыз. Басқа нәрсеге алаңдап қарауға уақытымыз болмайды. Ағайдың түсіндіргенін ұйып тыңдап қаламыз. Бізге сабақ қатты ұнайды», – деп, мұғаліміне деген ыстық ықыластарын жеткізді.
-Математиканы үйренген адам өмірде қиналмайды. Есепке жақсы болады, әрі аналитикалық ойлау қабілетін арттырады. Мен бала кезімнен есеп шығарғанды жақсы көремін. Сондықтан да, оқушылардың бұл пәнді жақсы көріп, жетік меңгергенін қалаймын,- дейді педагог.
Қорыта келгенде, еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енгенін, еліміздің бай-қуатты мемлекет болғанын қаласақ, қазірден өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар, білім мен тәрбие беруміз қажет. Бұл ретте, Рамазан Серікұлы секілді ұстаздардың алар орны ерекше.

Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close