Basty bet

Өнімділікті арттыру маңызды

Аграрлық сала қашанда ел экономикасында маңызды орын алады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында жан-жақты айтылған. Онда: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет» делінген. Осыған сәйкес, сала жұмысын ширату, оның дамуына күш салу – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Ауданда ауыл шаруашылығы жерлері 210 772 гектарды құрайды, оның ішінде 95 005 га егістік жер, суармалысы 8 707 гектар. Шабындық 2 046 гектар. Жайылым 109 439 га, көпжылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 4 018 гектар.
2020 жылы 54 090 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланған. Биылғы жылдың өнімі үшін нысаналы индикаторлық көрсеткішке сәйкес, жаздық арпа 26 000 га, дәндік жүгері 300 га, майлы дақылдар 21 110 га, (оның ішінде мақсары 19 860 га, күнбағыс 950 га, қытай бұршағы 300 га), картоп 2 560 га, көкөніс 660 га, бақша 10 га, сүрлемдік жүгері 750 га, жаңа егілетін көпжылдық шөптер 2700 га егу жоспарлануда және 3694 га сүр (пар) қойылды.
Ауданда жалпы 29 661 га жер өнделіп, 21 840 га арпа егіліп, орындалған жұмыстар 84 пайызды құрап отыр. Егілген 3931 тонна арпа тұқымының 275 тоннасы – элита, 1179 тоннасы – І репродукция, 1375 тоннасы – ІІ репродукция, 1102 тоннасы – ІІІ репродукция.
Сонымен қатар, 2273 га көпжылдық шөп егіліп, жұмыстар 84 пайызға орындалды. Егін алқаптарында көктемгі егіс жұмыстары әлі де жалғасуда.
Оның ішінде Ақтөбе ауылдық округі пилоттық жоба бойынша «Атамекен-Бастау» кооперативі 300 гектарға арпа егіп, 328 га жоңышқа септі.
Тұқым зертханасы бойынша аудан шаруашылықтарына қажетті жаздық арпа және мақсары дақылдары тұқымдары аудандағы тұқым зертханасына өткізіліп, тексеруден өткізілуде. Бүгінгі күнге жаздық арпаның 3931 тоннасы тексеруден өткізілді, оның ішінде 962 тоннасы – 1 класс, 2209 тн – 2 класс және 760 тоннасы – 3 классты құрады.
Бүгінгі күнге Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы Крановодопад тәжірибе стансасынан жаздық арпаның элиталық «Бәйшешек» сортының 14 тоннасы, мақсарының 0,5 тоннасы алынды.
Ауданда ауыл шаруашылығы техникасы агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда бүгінгі күнге 595 трактор тіркелген. Сонымен қатар, 12 дана тұқым дәрілегіш, 127 дана дән сепкіш, 200 дана соқа, 125 дана культиватор, 112 дана тырма көктемгі дала жұмыстарына қатысуда.
Үстіміздегі жылы 103 жаңа техника алу жоспарланды. І тоқсанда 130 млн теңгеге 36 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Оның ішінде 6 жаңа МТЗ тракторы, 30 дана ауыл шаруашылығы тіркемесі сатып алынып, көктемгі дала жұмыстарына қатысуда.
Ағымдағы жылға кепілдендірілген дизель отынын таратушы ретінде операторлар «Аққайың» ЖШС және «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігі ұсынылды. Ауыл шаруашылығына науқандық жұмыстарына қажетті барлығы 4280 тоннаға өтінім берілді. Ал, көктемгі дала жұмыстарына қажеттісі 2153 тонна. Наурыз айына бөлінген 183 тонна жанар-жағар май алынып, әр литрі 175 теңгеден таратылып, ұсыныс берген шаруашылықтар қамтамасыз етілуде. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданда бөлінген дизель отынын тарату бағасы бір литрі 175 теңгеден.
Үкімет тарапынан 50 пайыздық жеңілдікпен минералды тыңайтқыштар бөлініп, таратылуда. Минералды тыңайтқыштар масақты дәнді дақылдарға тұқымды егістік жерге сіңіру барысында берілсе, басым дақылдарға топырақты өндеу жұмыстары арқылы беріліп отырады. Бұл дақылдардан алынатын өнімділікті 4-5 цн/га көтеріп, топырақ құнарлығын сақтап, арттыруға септігін тигізуде.
2020 жылы минералды тығайтқыштар алу жоспары 3370 тонна (2019 жылы 3022 тонна алынған). Бүгінгі күнге 97 шаруа қожалық «ҚазАзот» және «КазФосфат» ЖШС-мен 1838,8 тоннаға келісімшартқа отырды. Нақты алынғаны 42 – шаруашылық 698 тонна. Оның ішінде аммиакты селитра 435,7 тонна, аммофос 134,5 тонна, сульфат аммони 128 тонна.
Алдағы уақытта да аудан шаруаларымен бірлескен жұмыстарды жүйелей отырып, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруға күш салатын боламыз.

Рақымғазы ҚҰниязов,
аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close