Basty bet

Ертай ауылында бағаналар жаңасына ауыстырылуда

Онымен бірге әуе желілерінің сымдары мен қосалқы станса жаңаланады

Тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде маңызды мәселе ретінде қарастырылып отырғаны белгілі. Олай дейтініміз, электр энергиясымен қамтамасыз етуге байланысты мұндай мәселелер ауданға қарасты бірқатар шалғай ауылдарда әлі де өз өзектілігін жойған жоқ. Бұл мәселеге жауапты аудандағы бірден-бір мекеме саналатын облыстық «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ына қарасты аудандық электр желілерін тарату мекемесі дейтін болсақ, түрлі деңгейдегі жиындарда тұрғындар тарапынан мекеменің қызметіне қатысты шағымдар айтылып, мәселелер көтеріліп жататын өзіміз де көріп жүрміз.

Ендігі кезекте солардың ең негізгілері ретінде электр желілеріне арналған бағаналардың әбден тозуы, әуе желілерінің ішінара істен шығуын атап айтуымызға болады. Міне, бұлардың барлығы ауыл тұрғындарына электр қуатын жеткізу ісінде едәуір іркіліс жасап, өз кезегінде тұрғындардың да наразылығын тудырып отыр. Соның салдарынан, атап айтқанда, желілер мен қосалқы стансалардың (КТП) дұрыс жұмыс істемеуінен электр кернеуіндегі қуаттылық та өте төмен деңгейде берілуде. Осыдан келіп, жеке секторлардағы электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық техникалар жиі-жиі істен шығады. Жарықтың да қуаты өте төмен болумен қатар, желді-дауылды күндері электр жарығы жиі-жиі сөніп қала береді.
Міне, 30-40 жылдан бері бұл салада жіберілген олқылықтардың орнын толтырып, тұрғындарды электр энергиясымен толыққанды қамтамасыз ету ісінде іркіліске жол бермеу үшін соңғы екі жылдың көлемінде аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Рабат Сәрсеновтың басшылығымен бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Мекеме басшысы Рабат Полатұлының айтуынша, мекемеге қарасты желілерде ақауды болдырмас үшін әрі қызметті іркіліссіз орындау барысында биылға дейін облыстық мекеме басшылығының қолдауымен 150-ге жуық электр бағаналары мен тіреуіштер жаңасына айырбасталған. Мұндай мәселе негізінен ауданымыздың таулы өңірінде орналасқан ауылдарға қатысты мәселе болғандықтан, тұрғындардың өтініші негізінде биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып отыр.
Атап айтар болсақ, қазіргі таңда Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында ескірген бағаналарды және әуе желілерін ауыстыру жұмыстары қарқынды жүруде. Оның ішінде, әбден ескіріп, құлауға шақ тұрған ағаш бағаналардың барлығы темір-бетоннан жасалған арнайы бағаналармен алмастырылып жатыр. Ертай ауылында барлығы 159 бағана жаңасына ауыстырылатын болса, соңғы есеп бойынша оның 114 данасы қойылып үлгерді.
-Қазір электр энергиясындағы ақаулықтарды жойып, ауыл тұрғындарына электр қуатын беруде іркілісті болдырмау үшін біздің мекеме тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Әрине, мұның бәрі облыстық «Жамбыл электр желілері» ЖШС басшылығының қолдауымен жүзеге асырылуда. 2022 жылдың жұмыс жоспарында таулы өңірде орналасқан төрт бірдей ауылдың электр желілеріне арналған бағаналарды және әуе желілерін, сонымен қоса, қосалқы стансаларды да жаңасына ауыстыру жұмыстары бар. Қазіргі таңда біз көктем шығып, күн жылына салысымен Ертай ауылында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, аталған ауылда электр желілеріне қарасты барлық бағаналар мен желілер жаңасына ауыстырылады. Қазіргі таңда бас инженеріміз Саржан Тұрсынқұловтың басшылығымен мұнда тоғыз адамнан құралған бір жедел бригада жұмысты өз деңгейінде атқаруда. Бағана және әуе желілерімен қатар, екі қосалқы станса жаңаланатын болады. Бұйыртса, бұл жұмыстар мамыр айының ортасына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, биыл тұрғындардың өтінішімен Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында барлығы 73 бағана, бір дана қосалқы станса, Қошқарата ауылында 121 бағана, бір қосалқы станса, Күреңбел ауылында 28 бағана мен екі бірдей қосалқы станса жаңасына ауыстырылатын болады.
Соңғы екі жылдың көлемінде ауданға қарасты ауылдарда электр желілеріне қатысты төменгі кернеуліктегі әуе желілерін жоғары кернеуге ауыстыруға байланысты жұмыстар жасап жатырмыз. Бұл жерде айта кететін бір жайт, бағаналар мен әуе желілерінің басым бөлігі жаңасына ауыстырылмағанына 40 жылға жуық уақыт болған. Осыншама уақытта темірдің өзі де тозады емес пе?! Қазір осы олқылықтардың орнын толтырып, тұрғындарды электр энергиясымен қамту ісінде осындай іркілістерді болырмауға күш салудамыз. Оған мекеме қызметкерлерінің кәсібилігі мен әлеуеті толық жетеді деп сеніммен айта аламын,- дейді аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов.
Жауапты мекеме басшысының сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да өз жалғасын таба беретін болады. Бұл жұмыстар бірінші кезекте тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету ісін біржола ілгерілетеді деген сеніміміз бар.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close