Basty bet

Мейірбан жүректі Ангелина

Елімізде қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері мен шетел азаматтарының қатары артып келеді. Ұлты орыс болса да, қазақ тілінің мәртебесін жоғары қоятын Ангелина қазақ тілін бес жасынан бастап үйренген.
-Бала күнімнен қазақ балаларымен бірге өстім. Ауылда тұрып, қазақтың салт-дәстүрлерінің барлығын бойыма сіңірдім. 5-6 жасымнан бастап ауылдағы мектепте оқып, қазақ тілін үйрендім. Отбасымда менің әпкем ғана қазақша жақсы біледі. Ал, ата-анам қазақша түсінгенімен, оларға орыс тілінде сөйлеген ыңғайлы. Бірақ, көп жағдайда анам және әкеммен қазақ тілінде диалог құруға тырысамын.
Бала кезімнен дәрігер болуды армандайтынмын. Ең қызығы, “укол салады” деп қорқытқан кезде мүлде қорықпайтынмын. Керісінше, сол адамды аулада күтіп жүретінмін. Осылайша бала кездегі арманыма жету үшін медициналық колледжді бітіріп, аудандық орталық емханаға жұмысқа кірдім. Мейірбике болып жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан асты. Осы кезге дейін үш дәрігермен бірге тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп, жұмыс істедім, – дейді Ангелина Лаврова.
Қазіргі таңда қарасаздық Ангелина бала күтіміне байланысты декреттік демалыста.
Ангелина Лаврова 2013 жылдан бері аудандық орталық емханада акушерка болып жұмыс істейді. Ол өзіне қарасты аймақта тұратын жүкті әйелдер мен болашақ аналардың уақтылы дәрігерлік тексерістен өтуін қадағалап отырады.
Ақ халатты абзал жандардың сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланысты. Осы салада ұзақ жыл ерінбей еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз алдына келген науқастан көмегін аяған емес.
-Негізі медицина саласында «ерліктің көбін медбикелер жасайды» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің айтылуы да тегін емес. Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті мейірім көрсету. Біз емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиетімізді іске қосамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы аламыз. Оның ішінде жүкті әйелдердің шағымын тыңдаймыз. Әрине, болашақ ананың күтімі, денсаулық жағдайы туралы үнемі кеңес беріп отырамыз,- дейді мейірбике Ангелина.
Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді.
Ангелина бүгінде отбасының берекесін ұйытып, балаларын өсіріп, жарының да қас-қабағын бағып отырған аяулы ана. Отағасы Иван Леонидович “Дружба” шаруа қожалығында жұмыс істейді. Бүгінде екеуі екі қызды тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың қатарында.
Білікті әрі жан-жақты адам қашанда айналасындағылардың тілін тауып, жылы шырай танытады, қолынан келген көмегін аянып қалмайды. Кейіпкеріміз де дәл сондай жанның бірі. Жұмыста да, үйде де ауызбіршілікті, бірлікті алдыңғы орынға қояды.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close