Basty bet

“Патриот жастар – ел ертеңінің тірегі”

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – мемлекеттің өміршеңдігіне әсер ететін негізгі рухани тірек бола отырып, қоғамның дамуына, азаматтың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына, жастардың әскери іске қызығушылығын арттыруға негіздейтін маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Өмірін әскери мамандықпен байланыстырған Көлбастау ауылының тұрғыны, ұзақ жылдан бері аудандағы 91678 әскери бөлімінде еңбек етіп келе жатқан әскери қызметші Сағидулла Нарымбетовпен әңгімелесен едік.
-Мен кішкентайымнан әскери қызметші болуды армандадым. Білім ошағында оқып жүргенде әскери форманы киіп жүрген адамдарды көргенде қатты қызығатынмын. Ержеткенде осылай киініп жүрсем дейтінмін. Мектепті аяқтаған соң екі-үш жыл ауылда әртүрлі жұмыстар істедім. 2008 жылы Қарағанды қаласындағы 6505 ішкі әскер полкінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскери өмір мен ойлағаннан да басқаша екен. Ол жерде темірдей тәртіп бар. Қанша қиыншылық көрсек те шыдап, әскери тәртіпке үйрендік. Оның барлығы тәрбиеге байланысты. Бізді ата-анамыз кішкентайдан қиыншылыққа төзе біліңдер деп үйретті. Өйткені, әр қиыншылықтың артында бір жақсылық тұрады.
Ел боламын деген мемлекет ең алдымен ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға қоюы керек деп ойлаймын. Өйткені ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінің діңгегі.
«Бұл менің елім, менің жерім!» дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола алады. Ол үшін «баланы жастан» дейтін халық даналығын естен шығармаған абзал деп түсінемін. Әскерден орала сала аудандағы 91678 әскери бөліміне келісімшартпен жұмысқа орналастым. Міне, содан бері әскери қызметте жұмыс істеп жүргеніме 16 жылдай болыпты,- дейді сержант Сағидулла Нарымбетов.
Баланың тәрбиесі бесіктен басталады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда әскерге барғысы келмейтін жастардың қатары көбеюде. Жалпы, қоғамның әскерге деген көзқарасы басқа. Әскерге барған азаматтардың кейбірінде уақытты босқа өткіздім деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті бұл бағытта жұмысты жүйелі әрі дұрыс жүргізу қажет. 2018 жылдан бері Қазақстанның барлық аймақтарында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы құрылған болатын. Оның негізгі бағыты – мектеп жасындағы жасөспірімдер мен 18 жасқа дейінгі жастармен жұмыс атқару.
– Отан алдындағы борышыңды өтеу мен әскери бөлімде жұмыс істеген екі түрлі. Өйткені әр жұмыстың өз қиыншылығы мен қызығы қатар жүреді. Бұл жақта мен көбінесе әскери көлік айдаймын. Әскери көлікпен әскери қызметкерлер және жас сарбаздар оқу-жаттығуға тасымалданады. Өздеріңіз білетіндей, 91678 әскери бөліміне әскери борыштарын өтеу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас сарбаздар келеді. Алғашында бәрі қиналып, үйлерін сағынып, әскери өмірге үйренісулері қиынға соғады. Біз оларға өзіміздің ағалық ақыл-кеңесімізді айтамыз. Темірдей тәртіпке бағынған адам қор болмайды. Әскери борышын өтеп қайтқан сарбаздардың көбісі қазіргі таңда әскери бөлімдерде келісімшартпен қызмет атқаруда. Олар осы жақта алған тәрбиелері мен тәртіптерінің арқасында өздері сияқты жас сарбаздарды тәрбиелеуде,-дейді Сағидулла Абибуллаұлы.
Сағидулла Нарымбетов ҚР-ның Қорғаныс министрінің «Мінсіз қызметі үшін» ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен марапатталған.
Ол әскери қызметші ғана емес, отбасында аяулы жар, бір үйдің отағасы, үш баланың әкесі. Ол өз балаларына білгенін үйретуден жалыққан емес. Өйткені, тәрбие отбасынан басталады деген қағиданы қатаң ұстайды.
Иә, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу – бұл тұлғаның, елдің, оның мәдениетінің бірегейлігі, әлеуметтің, халықтың әлеуметтік психологиясының ерекшеліктері толымды көрініс табатын қоғамдық өмірді ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарын пайымдау арқылы жүйелі дамуы. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді. Өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел – жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close