Өткен аптада Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Сенатор облысқа келген сапарында Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрып, ауданға қарасты Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінде болды.
А.Нұралиев ең бірінші кезекте Ақтөбе ауылдық округіндегі «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында құрылған «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысып, жоба аясында Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие алып, жұмыс істеп жатқан тұрғындармен кездесті. Пилоттық жоба аясында ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстарға қанығып, кооператив мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін де құлақ қоя тыңдады.
Сенатор келесі кезекте Қызыларық ауылдық округінің Алатау ауылында салынып жатқан 100 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Құрылысқа тапсырыс беруші Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Жобалаушы мекеме «КазСтройСейсмоПроект» ЖШС болса, бас мердігер «Агроспецстрой» ЖШС. Құрылыс сәуір айында басталған. Қазір мұнда жергілікті тұрғындардан барлығы 22 адам құрылыс жұмыстарына тартылған. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жұмысшылар орта есеппен 150 мың теңгеге дейін айлық жалақы алады екен.
Аудандағы білім мекемелерінің жұмысы және онда туындап отырған бірқатар мәселелер жөнінде Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Жуалы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салтанат Қауқаева айтып берді.
-Жуалы ауданында барлығы 39 мектеп бар болса, оның ішінде тоғыз мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуді қажет етеді. Бүгінгі күні бес мектепке жобалық-сметалық құжаттар (ЖСҚ) әзірленіп, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы ағымдағы жылдың 11 мамырында ашық конкурс жарияланған болатын. Осының нәтижесінде биыл №6 А.Пушкин атындағы орта мектеп (Қарасаз ауылы) және Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өтетін болды.
Қалған үш орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қаралмағандықтан, 2022 жылға қалдырылып отыр. Атап айтқанда, олар №2 Мыңбұлақ ОМ, №30 Көктөбе ОМ, №12 Т.Тастандиев атындағы орта мектептері.
Бөлімге қарасты мекемелердегі әжетханалар ғимараттың ішінде орналасқандықтан, кәріз суының тез толуына байланысты, оларды уақтылы шығарып тұру үшін білім бөліміне бір штат жүргізуші мен ассенизатор машинасын алудың қажеттілігі туындауда,- деді Салтанат Ескелдіқызы.
Сенат депутаты А.Нұралиев айтылған мәселелердің назарға алынатынын жеткізіп, құрылыс басындағы жұмысшылармен де сөйлесті. Айта кету керек, қазір мектеп құрылысының басында жылыту қазандығының құрылысымен қатар, жобаға сәйкес басқа да құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. 100 орындық мектеп құрылысы 2022 жылға өтпелі болғанымен, жыл ішінде қалған қаржысы уақтылы қарастырылып бөлінсе, құрылыс ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сенатор келесі кезекте Б.Момышұлы ауылындағы теміржол өткелінің эскиздік жобасымен танысты. Ұзақ жылдан бері көлік қатынасына үлкен проблема туындатып келе жатқан бұл өткелді екі автокөлік қатар өтетіндей етіп, кеңейту мақсатында аудан басшылығы тарапынан «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының атына 2021 жылдың 27 сәуірінде өткелдің мәселелерін зерделеу жөнінде жұмысшы тобын жіберуге сұраныс хаттың жолданғаны туралы, жалпы теміржол өткелінің және жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің қазіргі жағдайы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков жан-жақты айтып берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»