Basty bet
Ең абзалы – сабыр сақтау
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы тағдырдың сынақтарын көрудей-ақ көріп келеді. Ежелден «болған іске болаттай беріктік» танытып келе жатқан тәубешіл халқымыз тағы бір сынақты, сын сағаттарды бастан өткеріп жатыр. Ол – әлемді қыспаққа алып жатқан коронавирус инфекциясы. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын СОVID-19 атауымен белгілі аты жаман ауру дәл қазіргі уақытта адам денсаулығынан бөлек, әлемдік экономиканы да есеңгіретіп тастады.
Өкініштісі сол, Қазақстанда да коронавирус инфекциясы тіркелді. Ауру жұқтырған адамдардың да саны күн санап артуда. Сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ел аумағында бір ай көлемінде төтенше жағдай жарияланды. Індетті одан әрі өршітпеу, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында бірқатар облыстарда кезегімен шектеулер енгізілуде. Мұның барлығы ең алдымен халықтың қауіпсіздігі үшін, жас ұрпақты аман сақтау мақсатында жасалып жатқаны айдан анық.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзді Батыр Бауыржан Момышұлы тектен-текке айтқан жоқ. Осы орайда елде енгізілген талап пен тәртіп барлық қазақстандықтарға ортақ. Талапты сақтау одан да маңызды. Біз тәртіпті сақтау арқылы отбасы мүшелерінің өмірі мен басқа да отандастарымыздың өмірін сақтаймыз. Мемлекетке де көмегімізді тигізіп, аурудың алдын аламыз. Белгіленген шектеулер өз пайдасын тигізетініне сенім де мол. Мұны коронавируспен күрескен бірқатар шет мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр.
Ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан азаматтарын сары уайымға салынбауға шақырып отыр. Бұл қиын күн де басымыздан өтеді. Ең абзалы – сабыр сақтау. Сабыр сақтап, мемлекет басшылығы жариялаған талап пен тәртіпті қатаң сақтағанда ғана қауіпті індеттің алдын аламыз.
Сейітхан Жұмашев,
«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының Саяси кеңесінің мүшесі