Basty bet
неміс қызы – Қазақ келіні
«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Азаттықтың таңы арайлап атқан сәттен бастап, ұлтаралық келісім мен татулықтың соны үлгісі салтанат құрды. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Мақалаға кейіпкер болатын жан Ирина Морланг қазақ ауылына келін болып түскен. Жолдасы қазақ, өзі неміс ұлтының қызы.
Ирина Александровна – қазақ әулетіне келін болып түсіп, бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған аяулы жар, қамқор ана. Жастайынан қазақ дәстүрлерін берік ұстанып өскен ол оны өз балаларына, шәкірттеріне үйретеді.
– Неміс халқы мен қазақ халқының басты ұқсастығы – кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі. Немістер де дастарқанға отырғанда үлкендерден бұрын асқа қол созбайды, ата-әжелерді төрге оздырып, олар тұрғанда сөйлемейді,- дейді ол.
Ирина Морланг 1973 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияны аяқтап, Қаратаудағы гуманитарлық-педагогикалық колледжді тамамдап, білімін одан ары шыңдау мақсатында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін бастауыш пәнінің мұғалімі мамандығымен бітіреді. Еңбек жолын аудандағы №30 Көктөбе орта мектебінде, кейіннен №29 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепте жалғастырып, 2011 жылдан бастап №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек етіп келеді. 1993 жылы жуалылық азамат Бақыт Орынбаевпен шаңырақ көтереді. Олар отбасында Дана мен Таир есімді бір ұл мен қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін берік ұстанады. Ұлттық мерекелерді міндетті түрде атап өтеді.
-Мен өзім қазақы ауылда тәрбие алдым, қазақ мектебінде оқыдым. Енді қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, түтін түтетіп отырмын. Сәлем салудан бастап, барлық салт-дәстүрді білемін. Ұлттық тағамдар біздің сүйікті асымыз”, – дейді неміс қызы Ирина.
Сұхбат барысында кейіпкеріміз алғашқы кезде қазақ отбасына келін болудың оңайға соқпағанын жасырмады. Алайда, табандылық, еңбекқорлық, ақыл-парасаттың арқасында кез келген қиындықты жеңіп шығуға болатынын өз тәжірибесін негізге ала отырып сөз етті. Бүгінгі күні қазақтың дәстүрін, тәрбиесін бойына сіңіріп алғанын, ескіден қалған әдет-ғұрыпты ұстанатынын жеткізді.
– Алғашында қазақ отбасына сіңісіп кету қиын болды. Бірақ бірнәрсеге кіріскен соң, сабырмен үдеден шығуға тырысу керек қой. Қиын кездер де, өте жақсы қуанышты кездер де болды. Білмегенімді үйрендім. Барлығын үйреткен екінші анам Күлпан Арыстанбекқызына алғысым шексіз,- дейді ол.
Қаны да, жаны да қазаққа айналып кеткен Ирина Морланг қызын қазақы салт-дәстүрді сақтай отырып қияға қондырғанын айтып қалды. Қазіргі таңда қызы Данадан Сағадат есімді немере сүйіп отыр. Ирина қазақтың ұлттық тағамының дәмін келтіретін қазыны сатып алмай, оны өзі дайындайды.
Қолы қалт еткен кезде қазақи нақышта, ою-өрнекпен безендіре отырып тойбастарға, тоғыздыққа арнайы тапсырыспен қоржын тігеді. Оның тіккен қоржындары мен құдалық сөмкелері көздің жауын алады. Сонымен қатар ол тоқымамен айналысады. Он саусағынан өнер тамған, қазақтың ұлттық қолөнерін жаңғыртып жүрген неміс қызы Ирина қазақ тілінен өтетін мектепішілік және аудан көлеміндегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»