Basty bet

Індеттің таралуын болдырмау мақсатында

Covid-19 деген атпен мәлім болған жаңа коронавирустық індет бүкіл әлемге жайылуда. Алғаш күннен бастап инфекция жер шарының барлық бөлігін: Еуропа мен Азияны, Африканы, Солтүстік және Оңтүстік Американы шарпып үлгерді. Вирус 115 елде анықталып, күн сайын бұл тізімге жаңа мемлекеттер қосылуда.
Коронавирустық инфекцияның алғашқы белгілері өткен аптада Қазақстанда да анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен наурыз айының 16-ы мен сәуір айының 15-не дейінгі аралықта елімізде төтенше жағдай жарияланды.
Қатерлі індеттің таралуын болдырмау мақсатында біздің ауданымызда да жоспарлы іс-шаралар қабылданып, іске асырылуда. Ауданда инфекцияның таралуының алдын алу бағытындағы дайындығын сұрап білу үшін аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбайға хабарласқанымызда, ол былай деп жауап берді:
– Қазіргі уақытта аудандық орталық ауруханасында коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында аудан әкімінің орынбасары А.Жабағының басшылығымен комиссия құрамы бекітілді. Аудандық орталық ауруханының жұқпалы аурулар бөлімінде 23 төсектік орын бар болса, оған қосымша 13 төсектік орын ашылды.
Ауруханада вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде алынған және жеке бастың қорғаныс құралдары мен киімдерімен, дезинфекциялық заттардың азаймайтын қорымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, Жуалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен бірігіп медицина қызметметкерлері арасында тұрақты негізде «Коронавирустық инфекция және оның алдын алу» тақырыбында жоспардан тыс семинарлар өткізілуде.
Аурухананың қабылдау, жұқпалы аурулар бөлімдерінде, емхананың тіркеу бөлімінде, сүзгі кабинеттерінде КВИ-на күдікті науқас келген жағдайда жасалатын іс-шаралар алгоритмі жөнінде оқу жаттығулар үздіксіз жүргізілуде.
Бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияға қолайсыз аймақтар болып есептелетін «1а» және «1б» санаттағы елдерден ауданға келген екі азамат келген күннен бастап 14 күндік бақылауға алынуда. Оған аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері бекітілген.
Коронавирустық инфекцияны таратпау үшін мынадай сақтық шараларын білген артық болмайды: бет пен қолды сабынды сумен жиі жуып тұру, қолға спиртті антисептиктерді пайдалану, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, науқас адамдармен қарым-қатынаста болмау, суық тию аурулары симптомдары (дене қызуы көтерілген, мұрын бітелген, жөтелгенде, тамақта ауырсыну) пайда болған жағдайда, тұрғылықты жеріндегі дәрігерге көріну қажет. Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан оқуға және туындаған сұрақтарға 1406 нөмірінен тәулік бойғы сall-орталыққа хабарласуға болады, – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close