Basty bet
Жылжымалы көрме өтті
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте жылжымалы көрме өткізді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен оның шеңберіндегі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруға бағытталған бұл іс-шараның маңызы туған өлкеміздегі киелі жерлер тізіміне енген өңірлік деңгейдегі нысандарды насихаттау болды. Бұл жөнінде Елбасы Н.Назарбаев: «Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, насихаттау – абыройлы міндеттердің бірі», – деп атап көрсеткен болатын.
Жылжымалы көрмеде ҚР үздік өлкетанушысы, музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев өлкеміздегі қазақ халқының бірлігі үшін болған Шаңлақты, Дегерез, Маймақ, Ақтасты шайқастары туралы ерлік, қайсарлық, елдің бірлігін білдіретін тарихта ерекше орны бар нысандар туралы кеңінен мағлұмат берді.
Ал Жуалы өңіріндегі тарихта елеулі орын алатын, туған елінің бостандығы мен егемендігіне үлес қосқан Садыбай, Байтана, Шоқан, Қойгелді, Батырбек датқа сынды батырлар туралы музейдің экскурсия жетекшісі Манзура Қырықбай әңгімеледі. Сонымен қатар өлкемізде ізі қалған М.Әуезов, Т.Рысқұлов, Д.Қонаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы әдебиеттермен және альбомдармен музейдің қор сақтаушысы Толқын Сыздықова таныстырды.
Музейдің қызметкері Дәулетжан Жамалбекұлы көрмеге қойылған әрбір жәдігерге жеке-жеке түсінік берді. Көрме соңынан оқушыларға «Астана» телеарнасының «Ғажайып Қазақстан» бағдарламасына арнайы түсірілген Берікқара шатқалы және Батырбек датқа туралы бейнероликтер көрсетілді.
Көрмедегі жәдігерлерді 7-9 сынып оқушылары тамашалады.
«Жаңа өмір» ақпарат