Basty bet

«Жуалы – құт мекенім»

Биыл Жуалы ауданынының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Атаулы датаны ауыл-ауылдарда, кең көлемде атап өту жоспарлануда. Осы мақсатта Көкбастау ауылдық округі, Теріс ауылының спорт алаңында көпшіліктің қолдауымен және бір кісідей атсалысуымен «Жуалы – құт мекенім» фестивалі өтті.

Шараның мақсаты – атаулы мерекенің мағынасын өскелең ұрпаққа ұғындыру, ұлттық құндылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жастардың бойына сіңіруге, елін-жерін сүюге, мәдениетімен тарихын білуге, үлкендердің өнегелелі, өсиетті сөздеріне түйсіне білуге шақыру.
Алатау мен Қаратаудың тоғысқан тұсында орналасқан Жуалы жері Батыр Баукең мен Шерағаның кіндік қаны тамған қасиетті мекені. Батырлар мен генералдарды тәрбиелеп шығарған Жуалыға міне бүгін 95 жыл толып отыр.
Мерекелік шараны ауданның құрметті ардагері, ұлағатты ұстаз, Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы Әмірқұл Аташбек ашты. Мерекелік шара ауыл қарияларының құттықтауларымен жалғасып, жиналған көпшілікке шашу шашылды.
«Ас атасы – нан» дегендей, ыстық бауырсақтар мен бәліштер ауыл тұрғындарына және қонақтарға үлестірілді. Фестиваль шымылдығы «Асыл әжелер» ансамблінің орындауындағы «Жуалы» әнімен ашылды. Көкбастау ауылдық округі ұйымдастырған фестивальде көрмелер қатары бой түзеген. Көрмелермен Жуалы ауданының құрметті ардагері Әмірқұл Аташбек мерекелік шараны тамашалауға келушілерді жеке-жеке таныстырып шықты. Көрме алаңында қылқалам шеберлерінің шығармалары, кәсіпкерлердің өнімдері, шеберлердің құралдары, ұлттық құндылықтарды нақыштайтын құралдар, «Өлкемізді өзгелер де танысын» атты кітап көрмесі, Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері, Теріс, Көктөбе, Қосбөлтек ауылдық клубтарының, Бақалы ауылдық мәдениет үйінің жұмыстары таныстырылды. Округтегі жеке кәсіпкер, нан пісіруші Күнсұлу Қамбарованың әзірлеген өнімдері қойылған, домбыра жасаушы шебер Сұңқар Мұхамеджановтың ағаштан жасалған бұйымдары, құрақшы Рахима Рысбаеваның құрақ, ши құрақ көрпешелері көпшілікті тәнті етті.
Ұлттық құндылықтарды мейлінше жас ұрпаққа ұлықтап, атадан балаға сол қалпында жеткізу парыз. Осы мақсатта қол диірменін әлі күнге дейін үйінде сақтап, өз қажеттіліктеріне пайдаланып жүрген Үрипа Жаныспаеваны және Баян Жолымбекованы да жолықтырдық. Әжелеріміз кезінде қуырылған бидайдан талқан, ал қуырылмаған түрінен ұн жасап тұрмысқа пайдаланғаны белгілі. Көкбастау ауылдық округінің «Аналар алқасының» төрайымы Қаламқас Жұмабекова бидай әзірлеуші келі-келсаптың әлі күнге дейін қажеттілігін жоймағанын, тұрмысқа пайдаланатынын жеткізді. Келі-келсап – тары, бидай, т.б. дәнді дақылдарды түйетін, ұнтақтайтын қатты ағаштан жасалған құрал. Ағаш келі-келсапты бүгінгі таңда да қолданылушыларды жолықтырдық.
«Шұғыла» бөбекжай-балабақшасы қазақтың «Бесікке салу» дәстүрін көрсетсе, Көкбастау ауылдық округінің жастар ісі инспекторы Ұлбосын Саржанова «Сақина салу», «Айгөлек» ойындарын көпшілікке көрсетті. Көкбастау ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Бақытқали Сағынғали қазақтың арқан тартыс, асық ату, күрес, қол күрес, қатын күрес, садақ ату сайыстарын ұйымдастырған. Дәулет Ерік және Ербол Болатұлы сияқты ат спортын жанына серік еткен азаматтар мерекелік шараға әр берге түскендей. Бермет Дүйшембекова қолөнер шебері. Ол изаллон материалынан түрлі сәндік қолданбалы бұйымдар жасаумен айналысады. Көрмеде ол да өз өнерін көпшілікке таныстырды.
Аудандық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, тарих жанашыры Дәулетжан Байдалиев тұрғындарды көрмемен таныстырды. Көрмеге 17-18 ғасырдағы қыш құмыралар, 5-6 ғасырдағы Индиядан Жібек жолы арқылы келген құмыралар және шамтұғыр және Отырар теңгесі де тарихи-өлкетану музейінде сақталған. «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» жылдардағы Жәуіш батырдың қылышын осы жылдар бойы үйінде көзінің қарашығындай сақтаған тұрғындар мұражайға өткізген болатын. Бұл аудан халқының өз елінің тарихына, мәдениетіне деген құрметі деп білеміз.
Қосбөлтек ауылдық кітапханасының тұрақты оқырмандары Аршат Ниетбек «Беу, беу, Жуалы», Ниетбек Ықылас «Бауыржан Момышұлы» өлеңдерін жиналған көпшілікке арнады. Сонымен қатар, Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Өлкемізді өзгелер де танысын» кітапшасынан, ақпараттық флаер шығарған.
Спорттық алаңда күрес, қол күресі, садақ ату сайыстарында жастар өзара бақ сынасты. Әрбір балуан, мерген өз өнерлерін ортаға салды. Көкбастау ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейтаев жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, жуалылық ақын, тарихшы Дәулетжан Байдалиев көпшілікке «Жуалыны таныстыру» өлен оқып берді.
Фестивальдің шырайын ауылдық округ өнерпаздары одан әрі көркемдей түсті. Ауыл кеші әуелеген әнмен, мың бұралған бишілердің әсем биімен жалғасты.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close